Қазақстан кәрістері бірлестігі төрағасының кеңесшісі Георгий Кан ассамблея аясындағы әлеуметтік мәселелер бойынша іске асырылып жатқан жұмыстар мен жобалар туралы сөз қозғады. Бұл туралы Қоғамдық келісім ұйымы жұмысының 9 айдағы қорытындысы мен президент жолдауына орай этномәдени орталықтарға қолдау көрсету шаралары туралы өткен Алматыдағы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында мәлім етті.
"Әрбір ұлт өкілі өз айналасындағы әлеуметтік мәселелерден хабардар екені мәлім. Ұйғырлар болсын, немістер болсын, қазақтар болсын айналасында кімнің әлеуметтік жағдайы төмен екенін жақсы біледі. Мысалы, бір ауылда бір ақсақал жалғыз тұрады делік. Әлеуметтік қызметкерлердің бұл туралы хабарсыз болуы мүмкін. Мемлекеттік қызметкерлердің де жұмысы ауыр, көп болғандықтан бұл кісі туралы білмейтін болуы мүмкін. Сол себепті барлық этно-мәдени бірлестік өз қызметі аясында осыған ұқсас мәселелерді шешуге атсалысады. Әсіресе пандемия кезеңінде мұндай жағдайды жиі бастан өткердік. Пандемия әлеуметтік қызметкерлер үшін үлкен сынақ емтиханы секілді болды. Себебі психологиялық және моральдық ауыр сәтте арнайы дайындықтан өткен әлеуметтік қызметкерлердің өзі абыржып қалды. Адамдар көшеге шығуға қорықты. Осы жағдайда ассамблея аясында арнайы мобильдік топтар жасақталды. Олар көмекке мұқтаж адамдарға азық-түлік апарып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Дәрі де жетіспей жатқан, азық-түлікке барудың өзі қорқынышты болды. Тіпті Кәріс театрындағы қызметкерлерге медициналық маска жетіспей жатты. Бұған ұқсас ондаған мысал келтіруге болады. Дәріханада қарапайым партецтамол дәрісінің бағасы қымбаттап кетті. Сол себепті бізге шұғыл көмек көрсететін арнайы мобильдік топтар қажет болды. Мен этномәдени бірлестік өкілдері бұл жұмысты абыроймен атқарғанын үлкен сеніммен және мақтанышпен айта аламын", дейді Георгий Кан.
Қазақстан кәрістері бірлестігі төрағасының кеңесшісі Георгий Кан қаңтар оқғиғасында әрбір этнос өкілдері үшін бірлік пен қолдау маңызды болғанын айтты.
"Бірақ араға уақыт салып қаңтар оқиғасы орын алды. Алматыда төтенше жағдай жарияланды. Қайтадан үлкен қиындықты бастан өткердік. Пандемия кезінде ассамблея бірлестіктері "Антиковид" атты акция өткізген еді. Сол секілді қаңтар оқиғасында барынша өз тарапымыздан көмек көрсетуге тырыстық. Қаралы қаңтар этно-мәдени бірлестік өкілдері бір-біріне қолдау көрсетіп, хал-жағдай сұрасты. Мұның өзі үлкен қолдау, көмек деп білемін. Әрбір этнос өкілі қиын жағдайға тап болған кезде этно-мәдени бірлестік өкілдеріне хабарласып, көмек сұрайды. Әрине біз шамамыз келгенше көмек көрсетуге тырысамыз. Қаңтар кезінде Алматыға келіп қиын жағдайға тап болған этнос өкілдеріне көмек көрсеткен кездер болған. Ал қазір біз осындай қиындықтарды артқа тастап, жаңа Қазақстанды бірге құруға үлес қосқалы отырмыз", дейді ол.
Пікір қалдыру