«ДАБЫЛ – АНТИТЕРРОР – 2025»: Алматыда антитеррорлық оқу-жаттығу өтті

/uploads/thumbnail/20251204201357588_big.webp

Алматы халықаралық әуежайы аумағында терроризмге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өткізілді. Алматы қалалық жедел штабы ұйымдастырған шара аясында террорлық қауіптің «қызыл деңгейі» жарияланып,  арнайы жасақ сарбаздары «содырларды» ұстап, «тұтқындарды» босатты.

Жаттығудың басты мақсаты – адамдар көп жиналатын нысандарда болуы мүмкін террорлық әрекеттердің алдын алу, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде әрекет ету тетіктерін жетілдіру. Шараға арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, авиациялық қауіпсіздік қызметі, әуежай әкімшілігі мен қаланың шұғыл әрекет ету бөлімшелері қатысты.

Ұйымдастырушылар оқу-жаттығу барысында әуе рейстері мен автокөлік қозғалысына шектеу қойылмағанын айтты. Барлық шара штаттық режимде өтті. Хабарлама жүйесінің қызметі, жедел әрекет ету шаралары тексерілді. Мемлекеттік органдардың оқиғаның алдын алу, салдарымен күресу және жою кезінде бірігіп әрекет етуіне мән берілді.

Мұндай оқу-жаттығулардың негізгі міндеті – төтенше жағдай кезінде әр қызметтің іс-қимылын нақты үйлестіру және шынайы қауіп төнген жағдайда адам өмірін қорғау. Әсіресе, адамдарды эвакуациялау, қылмыскерлерді ұстау және террористік қатердің салдарын жою бойынша әрекеттер пысықталды.

Оқу жаттығу аясында арнайы және құқық қорғау орғандарының сын сағатында жедел әрекет етіп, содырларды ұстауы іс жүзінде көретілді. Сондай-ақ, әуежай секілді адам көп шоғырланатын орындарда болуы мүмкін террорлық актілердің сценарийі пысықталды. Оқу жаттығу шарасы қатысушылардың оқиға салдарымен күресуге және оның алдын алуға қауқарлы екенін көрсетті.

"Іс-шара аясында қаламыздағы жедел әрекет ету қызметтері мен лаңкестікке қарсы бағытта жұмыс істейтін барлық құқық қорғау органдарының іс-қимылдары толық көлемде тексерілді. Жаттығу барысында терроризм актілерінің алдын алу, ықтимал қауіптердің салдарын жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-әрекеттер пысықталды. Сонымен қатар, лаңкестік әрекеттердің жолын кесу тетіктерін жетілдіруге бағытталған жаңа және тиімді механизмдер тәжірибе жүзінде сыналды. Барлық оқу тапсырмалары толық көлемде орындалды. Әуежай жұмысы әдеттегі режимде жалғасты. Әуе рейстері мен жолаушылар қозғалысына ешқандай кедергі келтірген жоқ. Барлық әуе кемесі штаттық жоспарға сай ұшып-қонды", деді  Алматы қаласы ПД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар