Қаңтар хронологиясы: Әлеуметтік талаптар саяси сипат алған кез

/image/2023/01/04/crop-3_3_274x487_crop-43_33_776x1379_7f93d2f9-109b-4d89-8695-9f1a760dc45d.jpeg

Әлеуметтік талаптан басталып, саяси сипатқа ауысқан халықтың жаппай наразылығы арты бүлікке айналып, ресми дерекке сай 238 адамның өліміне соқтырған Қаңтар оқиғасына бір жыл. Бір жыл бұрын дәл осы 4 қаңтарда жағдай сұйытылған газ бағасының арзандауын талап еткен жаңаөзендіктер саяси талаптар айта бастап, оны аймақтар да қолдап әкетті.

2 қаңтар. Жаңаөзендіктер Маңғыстау облысында "көгілдір" отын бағасы кенеттен 60 теңгеден 120 теңгеге дейін өскеніне бейбіт түрде наразылық білдіріп, алаңға шықты. Құзырлы орган өкілдері әдеттегідей азаматтарға әрекеті бейбіт жиын ұйымдастыру туралы заңға қайшы екенін айтып, оларды таратуға тырысты. Әкімдік өкілдері жиналғандарға өз талаптарын жазбаша түрде баяндауды ұсынса, Энергетика министрлі газ бағасы нарықта қалыптасқан жағдайға және сұраныстың көбеюіне байланысты қымбаттағынын, баға енді бұрынғы деңгейге қайта келмейтінін жеткізіп, өз ұстанымынан қайтпады.

3 қаңтар. Алаңға жиналғандар райынан қайтпай, алаңға жұртшылық жиыла берді. Ыстық тамақ, шәй әкеліп, талап толық орындалмайынша тарамайтынын нақты жеткізді. Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін Үкіметтік комиссия құрылып, нәтижесінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Халық бұрынғы бағаны талап етіп тұрып алды. Сол аралықта билік Жаңаөзенге кірер жолдарды бөгеп, күзетті күшейтіп, қала аумағында интернет пен ұялы байланыс жұмысын шектеді. Митингке шыққандарға арандатушылық деген құқықтық баға бере беріле бастады.

Ал халық толқуы үдей түсіп, жаңаөзендіктерді қолдауға өзге өңірлер қосылды.

Алматыда диссидент, ақын Арон Атабектің қазасына 40 күн толуына орай берілген астан шығып, Жаңаөзен азаматтарын қолдамақ болып Навои көшесі бойымен шерулеткен бір топ адамды полицияның арнайы жасағы ұстап әкетті.

Сол күні саяси белсенді Жанболат Мамай мен оның жақтастары Маңғыстау облысындағы наразылық акциясына қатысушыларды қолдап, Алматы көшелеріне шықты.

4 қаңтар. Ақтауда мыңдаған адам алаңға шығып, халық наразылығы саяи реңк ала бастады. Жиналғандар "Шал кет", "үкімет отставкаға кетсін" деп ұрандата бастады. Facebook-те кей қолданушылар алаңдағы адам саны 10 мыңнан асып кеткенін жазып жатты.

Атырауда Исатай мен Махамбет орталық алаңдарына жиналған мыңдаған азамат жаңаөзендіктерге қолдау білдіріп, «Шал кет», «Баға арзандасын!» деген талаптарын жеткізді. Полиция мен арнайы жасақ жолды жауып тастағанымен, шерушілер қоршауды бұзып өтті. Полиция наразылық білдірушілердің бірін ұстағаннан кейін наразы халық пен полиция арасында қақтығыс болды. Нәтижесінде автозакты тоқтатып, ішіндегі ұсталған азаматтарды босатып алды.

Үкіметтік комиссия Жаңаөзенде жергілікті белсенділермен келіссөз жүргізіп, ақыры халық талабыны құлақ асты. Комиссия мүшелері 4 қаңтарда кешке қарай Ақтау қаласындағы Ынтымақ алаңына жиналған белсенділермен кездесіп ортақ шешімді жариялады. Оған сай, "ҚазМұнайГаз"ҰК АҚ әлеуметтік жауапкершілігі аясында Маңғыстау облысында сұйытылған газ құнын төмендету және литріне 50 теңге бағасын белгілеу туралы шешім қабылданды. Алаңда болған адамдарды жауапкершілікке тартпау туралы кепілдік берілді.

Жаңаөзендіктердің жеңісі ел аумағының басым бөлігін шарпыған наразы көңіл-күйді сейілте алмады.

Кешке қарай Алматыда мыңдаған азамат Маңғыстау облысындағы халық наразылығына қолдау ретінде Алматы-Арена спорт кешені маңына жинала бастады. Полиция алаңға жиналған біраз азаматты ұстап әкетті. Олардың қатарында белгілі журналист Қасым Аманжол, тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай бар болатын. Алайда спорт кешені маңына жиналған адам үсті-үстіне көбейіп, адам нөпірі қала әкімдігіне қарай жол тартты.

Бейбіт наразылық бүлікке ұласқан тұс осы 4 қаңтардан 5 қаңтарға қараған түн.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар