Аймағамбетов министр лауазымында қабылдаған әрбір шешімі бойынша есеп беретінін мәлім етті

/image/2023/01/04/86bd4db4d0608370e976c51f95e8bf06_xl.jpg

Бүгін Оқу-ағарту министрі қызметінен босатылған Асхат Аймағамбетов өзімен 3 жарым жыл еңбек еткен адамдарға алғыс білдіріп, министр болып тұрғанда жүзеге асырған бірсыпыра істер туралы айтты.

"Осы уақыт ішінде маған жүктелген сенімді ақтауға және ашық болуға, жұмыста тиімді әрі пайдалы болуға тырыстым" деп сөз бастаған ол Білім және ғылым саласына жауапты болған министр ретінде есеп беріп, атқарылған жұмыстар туралы айтуды жөн санағанын жеткізді.

"Алдағы уақытта министр лауазымында қабылданған әрбір шешім туралы егжей-тегжейлі есеп беруді және бұл шешімдердің логикасы туралы айтуды жоспарлап отырмын. Оны кез келген адам көре алады. Президенттің қолдауы арқасында біз өте маңызды құжатты - «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдадық. Соның арқасында түбегейлі өзгерістер болды, мысалы, жалақыны көтеру, қосымша төлемдер, міндетке жатпайтын қызметтерден босату, бес күндік жұмыс аптасына ауысу, 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдерді ҰБТ-дан босату және 25 жылдан астам жұмыс өтілі бар мұғалімдерге төсбелгі тағайындау және т.б.

Біз балабақша тәрбиешілеріне, колледж мұғалімдері мен университет оқытушыларына да қолайлы жағдай жасауға тырыстық.

Тәрбиешілермен, оқушылармен, студенттермен, ұстаздармен, мектеп, колледж директорларымен, оқытушылармен, ректорлармен, ғалымдармен, білім басқармалары мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларымен көптеген кездесу өткіздім. Мен үшін әртүрлі деңгейдегі білім беру өкілдерінің пікірлерін тыңдау және қандай да бір шешім қабылдағанда барлық мәселенің «оң» және «теріс» жақтарын таразылау маңызды болды" деген ол шешімдерін қолдаған мұғалімдерге, идея мен алға қойылған міндетті іске асырған министрліктегі әріптестеріне, қолдау білдіріп, сын айтқан қоғам қайраткерлері мен белсенділерге,министрлік жаңалықтарын жариялаған журналистерге алғыс айтты.

Сөзінің соңында экс-министр қоғамға ашық екенін атап өтті.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар