Gallup тестін тапсырған соң не істеймін? Данияр Жігітбек кеңестері

/image/2023/02/03/crop-0_99_608x1080_admin_2019_09_30_dan.jpg

Gallup – адам бойындағы 34 талантты анықтауға арналған ең тиімді тесттердің бірі. Тестті 1999 жылы америкалық психолог Дональд Клифтон қолданысқа енгізген. Қазір көпшілік Gallup деп атағанымен тесттің ресми атауы – CliftonStrengths34. Тест онлайн форматта өтеді, құны – 50 АҚШ доллары. Сұрақтарға 20 секунд ішінде жауап беру керек. Жауаптарға қарай шамамен 25 беттен тұратын тест нәтижесі беріледі.

Gallup нәтижелеріне талдау жасап жүрген блогер, техника ғылымдарының магистрі Данияр Жігітбек адамдардың өзін тануға деген құлшынысы тесттің кеңірек танылуына себеп болғанын айтады.

«Gallup тестінің басқалардан ерекшелігі – адамды жан-жақты тануға мүмкіндік беруінде. Ықпалды, танымал адамдардың халық арасында кеңінен насихаттауы да Gallup-тың танымал болуына себеп болды деп ойлаймын. Тест нәтижесі адамды 34 сөзбен сипаттап береді. Әр талант түрлі деңгейде көрініс табатындықтан тест нәтижесінде таланттар реттік санмен көрсетілген», – дейді Данияр Жігітбек.  

Тест нәтижесі медициналық анализ секілді

Тест нәтижесі медициналық анализ секілді. Мысалы, медициналық анализ қорытындысын аздап түсінеміз, бірақ толық талдау жасай алмаймыз. Холестериннің нормадан төмен екенін білсек, гемоглабиннің жоғары екеніне мән бермеуіміз мүмкін. Сондықтан Gallup тестінің нәтижесін талдау кезінде тәжірибелі маманға жүгінген дұрыс. Маманның тәжірибелі болуы қанша тест нәтижесіне талдау жасағанына байланысты. Сондықтан «Неше адамның Gallup-ына талдау жасадыңыз?» деп ашық сұрау керек. Себебі кемі 100 рет талдау жасаған адам сіздің сұрақтарыңызға нақты жауап бере алады.

Тест нәтижесін алған соң бірден маманға жүгіру дұрыс емес

Мен тест тапсырған соң алдымен өз бетімше талдау жасадым. Нәтижемен танысып шыққан соң көптеген сұрақ пайда болды. Жауап таба алмағандықтан маманның көмегіне жүгіндім. Ол менің барлық сауалыма нақты-нақты жауап берді. Меніңше, тест нәтижесін алған соң бірден маманға жүгіру дұрыс емес. Ең алдымен әр адам нәтижемен танысып, өз бетінше талдауы керек. Сол кезде ғана сұрақтар пайда болады. Сұрақ қойып, маманмен бірге талдау әлдеқайда тиімді. Аз уақыттың ішінде өзіңді танып-білу мүмкін емес. Көкейдегі сансыз сұраққа жауап тауып, жүрегіңізге тыныштық орнағанға дейін тестке талдау жасайтын маманның мазасын алудан ұялмаңыз. Сондай-ақ Gallup тапсырған басқа достарыңызбен кездесіп, олардың нәтижелерін көріп пікір алмасу да пайдаға асып жатады.

Gallup нәтижесін өзгертуге бола ма?

Gallup институтының философиясы: «Әлсіз талантпен әлек болғанша мықты қабілетіңді дамыту әлдеқайда тиімді». Тест нәтижесінде таланттарыңыз рет-ретімен қойылған. Ал оны әрі қарай қалай дамытуға болады? Мықты қабілетіңізді қолдана алатын іспен шұғылдану арқылы дамыта аласыз. Мысалы, «Learner» (Білім алу) талантын пайдалы курстарға қатысып, кітап оқып, білім алуды жалғастыру арқылы күшейтуге болады. Ал әлсіз талантты қажет ететін істерден аулақ жүру керек. Бірақ кейде жұмысқа біздің әлсіз қабілетіміз қажет болып жатады. Мұндай кезде мықты тұсыңыз арқылы кемшілікті жабуға болады.

Таланттар қатты және жұмсақ деп бөлінеді. Қатты талантты өзгерту қиын. Өйткені генмен келеді немесе жастық шағында нейрондық байланыстар бекіп, өзгеруі қиын талант ретінде қалыптасады. Адамның табиғатына айналған талантты өзгерту қиынның қиыны. Ал «Empathy» (Эмпатия), «Intellection» (Интелект) секілді таланттарды күшейту аса қиын емес. Тырысып, сәл күш салсаң жеткілікті. Анализ көрсеткіштері де өзгеруі мүмкін ғой. Қан тобы өзгермесе де гемоглабин, темірдің деңгейі өзгереді. Сол секілді өзгермейтін дүние жоқ. Тек адам жұмыс істеуді, өзін жетілдіруді тоқтатпауы керек.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар