Ресми жауап: Қостанайда 90 елдімекенді су басуы мүмкін

/image/2023/02/06/prezentatsiya-microsoft-powerpoint.jpg

Жуырда үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі бірқатар облыстарда күннің жылынуымен сел жүріп, су тасқыны болуы мүмкін екенін мәлім етті. Оқыс оқиғалар көктем ерте келетін Түркістан облысында басталып та кетті. Осы орайда Қамшы порталы қауіп аймағында тұрған облыс әкімдеріне сұрау салып, көктемгі су басуға дайындығы, бұған дейінгі оқиғалардан қаншалықты сабақ алғаны жөнінде сұрады. Төменде Қостанай облысындағы ахуал туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Азамат Орымбаев жауабы ұсынылған.

1) Қостанай облысында қандай проблемалық учаскелер бар? Қанша елдімекенге су басу қаупі төніп тұр?

Облыс аумағында тасқын және еріген су басуы мүмкін аймақтарда 90 елдімекен бар.

2) Елдімекендерді су тасқынынан сақтау үшін, су басу зардабын төмендету, оқыс оқиғалар мен қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін не істелініп жатыр?

Алдағы су тасқынына дайындық шеңберінде ағымдағы жылдың 10 қаңтарында «Қостанай облысындағы су тасқыны кезеңінің төтенше жағдайларын алдын алу бойынша 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілді. 2023 жылы Қостанай облысының аумағын ұшуға, өзендердің қауіпті учаскелерінде ғарыштық мониторингті жүзеге асыруға және жарылыс жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 91,4 млн. теңге бөлінді. Қалалар мен аудандар әкімдіктерінің ұсынған деректері бойынша су тасқынын алдын алу және оның салдарын жою үшін 165,61 тоннадан астам ЖЖҚ, 10939,1 тоннаға жуық инертті материалдар, 46109 дана қап дайындалды, зардап шеккен халыққа 24,71 тонна көлемінде азық-түлік жеткізуге 103 ниет-шарт жасалды. Осы бағыттағы дайындық іс-шаралары жалғастырылатын болады. Төтенше резервте және шұғыл шығындарға арналған резервте 2 млрд. 206 млн. 199 мың теңге салынды.

3) Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин су басудың дәстүрлі себептері ретінде өзен арналарының толып қалуы мен балдырлануын, дренаждық-арық жүйелерінің болмауын атаған. Мұндай проблемалар сіздің облыста қалай шешіліп жатыр?

Облыста аумақты және халықты қорғау мәселелерін шешу үшін «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы» іске асырылуда, оның шеңберінде 2021-2022 жылдар ішінде Қостанай қаласының шекарасында жалпы ауданы 17 гектар Тобыл өзенінің арнасын тазарту жүргізілді. Сондай-ақ, жол картасының қалған жобаларын іске асыру үшін 2023 жылға арналған жергілікті бюджеттен 1-ші ЖСҚ әзірлеуге 392 млн.теңге және 13 млн. теңге бөлінді.

Жыл сайын облыста алдағы жылдың су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жазғы-күзгі кезеңге арналған инженерлік жұмыстар жоспары әзірленеді. 2023 жылғы су тасқынының салдарын барынша азайту мақсатында, Қарасу ауданы Қарамырза а. су тасқыны қаупі бар елді мекенде суды қосымша бұру үшін 2022 жылдың жазында Түнтүгір өзені бойындағы жерді тазарту жұмыстары жүргізілді. Жер бетінің 5400 шаршы метрден астамы тазартылды, судың өтуіне кедергілерді жою үшін өзен арнасына параллель эстуарий тазартылды, судың өтуіне кедергі келтіретін жер үйіндісі жойылды.

Сондай-ақ, 2022 жылы бекітілген жоспар шеңберінде автожолдарда 45 жаңа су өткізу құрылыстары орнатылып, 3 су өткізу құрылыстарында жөндеу жұмыстары жүргізілді; 2055 су өткізу құрылыстары, 26 266 метр нөсер кәрізі, 855 су бұру каналдары тазартылды; жалпы ұзындығы 756 метр 3 бөгетте нығайту жұмыстары жүргізілді; ұзындығы 2530 метр қосымша жер үйінділері салынды.

4) Үкімет басшысы проблемалық өңірлердің әкімдері қарды уақытылы шығаруда сылбырт қимылдап отырғанын мәлім етіп, шаруаны ширатуды тапсырды. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс көлемі қандай?

Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 522,1 мың текше метр қар шығарды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

5) Әлихан Смайлов сондай-ақ облыс басшыларына бұрынғы қателіктерді қайталамауды қатаң тапсырған. Алдыңғы жылдардағы жағдайдан нәтиже шығарып, «биыл облысымыз көктемгі су тасқынына тас-түйін дайын» деп айта аласыз ба?

6) Көктемдегі оқыс оқиғалар кезінде жергілікті әкімдіктердің шамасы жетпей жатқан жұмысты халық әлеуметтік желі арқылы жылу жинап шешкен жағдайларға көпшілік куә. Сіздердің облыс су басудың зардаптарын жою, су басқан елдімекендердің халқын эвокуациялау сынды шаруаларға қаншалықты әзір?

Облыстағы су тасқыны жағдайының асқынуы жағдайында жалпы саны 2959 адам, 1078 бірлік техника, 108 бірлік жүзу құралдары, 267 бірлік мотопомпасы бар облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының топтамасы құрылды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі 8 облысаралық топ құрды, олар қажет болған жағдайда Қостанай облысына жедел көшірілуі мүмкін. Су тасқыны кезеңінде зардап шеккен халықты жинайтын 153 пункт анықталды, олар 12,0 мыңнан астам адамды қабылдай алады.

Қазіргі уақытта азаматтық қорғау органдарының және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, тұтастай алғанда, су тасқыны кезеңінде жұмысқа дайын. Су тасқыны жағдайына 2023 жылдың ақпан және наурыз айларының ауа райы жағдайлары айтарлықтай әсер ететінін атап өткім келеді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар