Несиесіз Қазақстан қандай болатын еді?

/uploads/thumbnail/20170708200132558_small.jpg

Қазақ құлдық сананының қамытын сыпырып тастауы  тиіс. Бүгін және дәл қазір ғана келе қалған тосын ой емес. Бұл сөйлемді айта салысымен отарлау езгісінде болған тарихи күндеріміз ойымызға орала кететіні тағы бар. Қазір ше, біз азатпыз ба? Сіз азатсыз ба? Азаттықты сезіну деген қандай болады өзі? Ал, құлдықты сезіну қандай болады? Сезінудің өзі де шартты ғана ұғым. Бір дүниені тұңғыш рет түйсініп тұрсаңыз, сезінуге болатын шығар.  Ал құлдық әдетке айналып кетсе ше? Онда құл екеніңді сезінбестен ғұмыр кешуге болады. Әр заманның өз құрқылтайы бар демекші, әр заманның  адамды құлға айналдырудың өз айла-тәсілдері бар. Біздің заманда несие арқылы оп-оңай құлға айналуға болады. Енді осы тұста, мынандай тосын сауал қойып көрейікші. Егер біздің елде несие жүйесі болмағанда жағдай қалай өрбитін еді?  Алдымен қала көшелері көлік тығынына тап болмайтын еді. Оны қойыңызшы, « біздің ел бай да ауқатты. Бүгінімізге шүкір етейік, барлығы жеткілікті» деген жалған пафостың  жон арқасындағы жалы жығылып қалған болар еді. Себебі несиесіз үй, көлік, тұрмыстық техника, қала берді ұялы телефон алу мүмкін емес. Аз ғана жалақыны бірнеше айға бөлу арқылы қажет затқа қол жеткізуге болады. Біз халықтың қаржылық сауаты төмен деген сөзді де жиі естиміз. Ал, оған кім кінәлі? Құлаған үкіметтен кейін, іле шала халықты экономикалық сауаттандыруға арналған бағдарлама ұсынған қайсысың бар? Әрине ондай бағдарлама жасау тым қолайсыз. Пионер кезінен бастап алтын жұлдыз алуды ғана мақсат тұтқан белсенділер арманының аяқ астынан жерге жалп етіп құлағанын көріп абдырып қалды. Ол кезде енді ғана жүйе қалыптастырып жатқан мемлекет, абдырып қалған азаматтарға демеу болмақ түгілі  өз айылын жинаудың түрлі амалдарын қарастыруы тиіс еді. Өткенді өзгерте алмайсың. Бірақ қазіргі қызылды-жасылды дүниеге біз несиенің арқасында ғана елітіп жүрміз. Қазақ –неміс Халықаралық және аймақтық серіктестіктік университетінің  әлеуметтік зерттеуі бойынша әрбір үшінші қазақстандық несие қамытын киіп алған. Несие алушылардың 43,5% қазақтар екен. Ал 100 пайыздың қалғаны біз мақтанышпен айта беретін 130-дан астам ұлтқа тиесілі. Демек бір ғана ұлтқа 43,5 пайыз да, ал жүз отыздан астам ұлтқа  56,5 пайыздан тиесілі. Енді осыдан біздің  еліміздегі қазақтардың жағдайын бағамдай беруіңізге болады. Несие алғандар ішінде 40 пен 50 жас аралығындағылардың үлесі 40,1% болса, несиешілердің  37,5% жоғары білімді азаматтар екен. Қаржылық сауаттылық туралы сыни пікір айтатындар бұл көрсеткішке қандай уәж айтады екен? Анығында нарықтық кезең бастала салған сәтте несие жарнамасын жүргізуден бұрын, салым жасау сауаты туралы халықты ақпараттандырып алу қажет болған. Енді банкке қарызы көптердің санының артқаны туралы деректер мен қарызын қайтара  алмай көзіне жас алғандар туралы жаңалық таратып әуреміз.

Айнұр Төлеу

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар