"Басқа түскен қыл бұраудан құтқаратын қайратты әр адам өз ішінен тапқанда қиындықты еңсереді"

/image/2023/02/27/crop-9_245_1074x1910_592d10dab917ad79c88fbc93e4ae72c9-1432804596.jpg

27 ақпан халықаралық оптимисттер күні. Оптимизм теориясы өмірден жақсылық күтуге шақырады. Олар өмірге оң көзбен қарайтындар. Алайда тағдыр тәлкегіне түскенде өмірге оң көзбен қарау мүмкін бе?

Концлагерьде азапқа толы 3 жылын өткізген белгілі психотерапевт Виктор Франкл өмірдің ең азапты күндерінде де қайғы-мұңнан арылуға болатынын айтады. Франклдің теориясында оптимизм – адамның саналы таңдауы. Жағдайды өзгерте алмасаң, жағдайға деген қарым-қатынасыңды өзгерт.   

Франклдің оптимизмін «трагедиялы оптимизм» деп те атайды. Ол тұтқындардың азаппен өлгенін күн сайын көріп жүрсе де, лагерьден тірі шыққан аз адамының бірі.  

 

Франкл өз еңбектерінде «тұтқындарды көпшілігі физикалық қорлаудан гөрі рухани күйреуден көбірек қаза тапты» деп жазады. Оның теориясына салсақ, басқа түскен қыл бұраудан құтқаратын күш-қайратты әр адам өз ішінен тапқанда, кез-келген қиындықты жеңуге болады. Күресте жеңістен бұрын күресуге тұрарлық мәннің болуы маңызды. Франкл лагерь азабын тартып жатқанда, екінші дүниежүзілік соғыста әскер шебінде болып, өлім арасынан аман келген Хемингуэй де «Адамды жойып жіберуге болады, бірақ оны жеңу мүмкін емес» деп түйеді. 

Алысқа бармай-ақ алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына көз жүгіртсек, олардың күреске толы жолдарынан да Франкл айтқан трагедияға толы оптимизді байқауға болады. Алаштықтар заманның тарлығына күйінгенімен, заманаға зарын айтып отырмай, әрқашан тынымсыз әрекет еткені баршаға мәлім. Тіпті, түрмеде отырып «Қазақша-орысша сөздік» жазған Міржақыпқа қарап, қазіргі бейбіт заманда жиі айтылатын «депрессия, стресс» атаулы ол заманда болмаған ба дерсің.

Ал Әлихан Бөкейханұлы репрессиядан аман шықпасын білсе де, Міржақып пен Ахметке түрмеден жолдаған хаттарында: «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер...» деп жазыпты. Саяз саясаттың кесірінен күресі аяқсыз қалып бара жатса да, арыстарымызды келешектен күдер үзгізбеген үміт Франклдің тілімен айтқанда «ұлы мән», трагедиялы оптимизм болса керек.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар