Қантым Ғұмарова: Бір аяғымнан айырылып, ауруханада жатқанда да қолөнерді тастамадым

/image/2023/03/07/crop-7_42_599x1065_photo1678187047.jpeg

Әйелдер қауымын көбі "нәзік жандылар" деп атап жатады. Алайда бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеуге әйелдің ғана күші жететін секілді. Елімізде тағдыр соққысына мойымай, басқа түскен қиындықты еңсеріп жүрген аяулы жандар аз емес. Сондай әйелдердің бірі  жол апарытына түсіп, бір аяғынан айырылса да тігіншілікпен айналысып, айналасына сыйлы болған Қантым Ғұмарова.  Qamshy.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Қантым Ғұмарова тағдыр сынағынан қалай сынбай өткені жөнінде баяндап берді. 

– Сіз тігіншілікті кімнен үйрендіңіз? Тігіншілікті кәсіпке айналдыру туралы ой қашан келді?

– Бала кезімнен тігін тігуге икемім болды. Марқұм анамның да ісмерлігі бар еді. Алғаш рет сол кісі үйретті. 10 жасымда жол апатына  түстім, қате емделіп, 14 жылдан кейін онкологияға ұшырадым. Полигон аймағында өмірге келіппін, денемде радиация бар екен. Соңында аяқтан айырылдым. Жұмысқа жарамсыз болып қалған соң тігінмен айналысуды қолға алдым.

– Басыңызға түскен қиындыққа мойымайтын ерік-жігерді қайдан алдыңыз?

– Басыма қиындық түскенде мені жігерлендіріп, өмірге ынталандырған алматылық онко-институттағы емдеуші профессоры, доценттері мен мейірбикелері болды. Ол кісілерге мың алғыс айтамын. Мен ол кезде 24-жаста едім. Қатты қиналғаныма қарап аяушылық танытқан болуы керек. Аяғымнан айырылып, ауруханада  жатқанда да осы ісімді жалғастыруға көмектесті. Кейіннен ем-дом алып жатқан кезде де қолөнерден қол үзген жоқпын. Аяғымнан айырылған кезде жер бетінде менен басқа мүгедек адам жоқ деп ойлаған едім. Қателесіппін. Екі қолы мен бір аяғы жоқ адамдарды көрген кезде тәубеме келдім, өз-өзіме ерік-жігер бердім. 

– Соңыңыздан еретін шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма? 

– Әрине, шәкірт тәрбиелеуге болады, бірақ қазіргі жастар дайынға ұмтылады. Көбі "Қолөнер қиын екен, таза математика ғой" дейді. Үйренем деп келген кісіге есігім әрқашан ашық.

– Қазіргі жастарға қандай кеңес бересіз?

– Жұмыс жоқ деп сылтаурататын жастар көп. Басына қиындық түсе қалса, атаулы әлеуметтік көмек алуға ғана ұмтылады. Сондықтан, менің ойымша әлеуметтік көмекті тоқтатып, қолдарына қармақ ұстату керек. "Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей" деп аталарымыз дұрыс айтқан. Жастарды бала кезден еңбекке баулумыз керек деп ойлаймын.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар