Алматыда полицейлер қалталы азаматтарға эскорт қызметін ұсынумен айналысқан 25 жастағы бойжеткенді ұстады. Ол ақшаға сексуалды қызмет көрсетуге дайын келбетті қыздарды іздеп, бай клиенттер тартумен айналысқан.
Күдікті қыздарға "демеушілер" табуға, әлемді аралатып, өмірін жеңілдетуге уәде берген. Ал топқа кіру үшін 300 доллар төлеу керек болған. Көрсетілген жеңгетайлық қызметі үшін күдікті клиенттен түскен ақшаның 40 пайызын өзіне алып отырған. Ақшаның қалған бөлігі қызмет көрсеткен қыз алған.
Кездесу құны 1 сағат үшін 500 мың теңгеден бастап, әртүрлі бағамен өлшенген. Қаржы мониторингі агенттігі тергеу нәтижесінде күдіктінің 2022 жылғы қаражат айналымы 209 миллион теңгеден асқанын анықтады.
"Мұндай бизнесті ұйымдастырушы өз қызметін жасыруға тырысып, Instagram желісінде өзін 100 мыңнан астам оқырманы бар табысты модель ретінде көрсеткен. Ресми түрде еш жерде жұмыс істемеген. Тінту барысында күдіктіден кәсібі туралы жазбалары бар күнделік, жылжымайтын мүлік сатып алу туралы құжаттар, ақ түсті ұнтақ қалдықтары бар қалта айнасы, есірткі заттарын тұтыну үшін оралған ақша, Lexus ES 250 және Toyota Camry 70 маркалы автомашиналар, салмағы 1,72 грамм "мефедрон" табылып, тәркіленді", – делінген хабарламада.
Прокуратура келісімі бойынша Қылмыстық кодекстің 309 бабы "Жезөкшелікпен айналысуға притондар ұйымдастыру және жеңгетайлық" және 297 бабы "Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау" бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды.
Пікір қалдыру