Болат Бопайұлы: КҮЙ және КҮЙШІ. Қызырхан Бабақұмарұлының күйлеріне талдау

/image/2023/07/17/crop-7_84_475x845_whatsapp-image-2023-07-17-at-10.30.05.jpeg

Күйші туралы толғанудан бұрын, күй туралы сұраққа, алдымен жауап қату маңызды болып тұр... Күй деген не? Ол қандай аспаптармен орындалады? Оның қандай түрлері бар?

Күй-домбыра, қобыз, сырнай, сыбызғы жетіген сияқты ішекті, тиекті, пернелі, құлақты, шанақты, сапты, кіндікті үнді аспаптармен орындалатын — тербелісті, ырғақты, дауысты музыкалық жанрды "күй" деп атайды.

Қазақ күйлері бағы замандардан бері осындай ұлттық аспаптармен шығарылып, халық арасына кең таратылып келді. Кейін келе музыка өнерінің дамуына байланысты, жеке күйлер халық аспаптары оркестрлерінің репертуарларына қосып топтық орындала бастады.

Күй қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрік халықтарының аспаптық музыкасына тән ортақ атау болып табылады.

Ал қазақ халқының күйлері 14 ғасырда жеке музыкалық жанр болып зерттеліп, бес мың жылдық ұзақ тариқы бар екенін, әлем ғалымдары мойындап, өз алдына "қазақ күйлері" деген атаумен ғылыми айналымға енгізліді.

Жалпы қазақ күйлері мазмұны аңыз-ертегілерге, нақтылы тарихи оқиғаларға құрылып, көбіне бағдарламалы түрінде дамыды. Онда халықтың басынан өткен тауқыметті тағдыры мен әділетсіздікке қарсы рухты күресі, азат өмірді аңсаған асыл армандары, қуаныш сезімдері қайғы мұң-шерлері күй тілімен, терең толғаныспен өрнекті бояуын тауып, тыңдармандарын аса әсерлі сезім құдіретімен баурап алып отырды.

Осы мазмұндардың қаймағын қалқып, үлкен күй өнерін өзінің жеке қолтаңбасы, дара стилімен күй жасап дамытқан Қызырхан Бабақұмарұлы "Сал - сері" , "Бәйге", "Көңіл назы", "Жекпе-жек" , "Таңжарық тағылымы" атты таңғажайып тамаша күйлер тудырды. Бұл күйлерді тыңдап отырғанда ұланғайыр қазақ даласында өткен ғасырлық көшпенді өмір шындықтарын өнер картинасына айналып, кино экранындай ірі оқиғаларды елестеттіп, бір-бірлеп көз алдыңнан тізбектеп өткізеді. Күй сарынынан бірде Қобыланды, Ертарғын, Алпамыс, Наурызбай, Қабанбай, Ер Жәнібек, Кенесары сынды батыр бабалармыздың ұлт, ұрпақ үшін елі мен жерін қорғаған қас батырлығы, жекпе-жекке түскен қиян кескі шайқастары көз алдан өтсе, енді бірде Ақан, Біржан, Сегіз серілердің сұлу даланы угай әнмен тербеткен ғажап әншілік, ақындық, жыраулық өнерлері күллі қазақ даласын әсем әуенмен тербеген, сал-серілік өнерлері өркен жайып, көңіл арбап, көз тартып әсем суретпен таңға жайып көркем көрніс жасайды. Тағы бірде ғасылар бойы салт пен дәстүрін сақтаған ұлы қазақ халқының қара шаңырағында, туса ту даласыныда өтіп жатқан ұлыс тойының көрнісі, қыз жібектің көшіндей салтанатты сап түзеп, сезім тойғысыз әсем көріспен көз алдыдан өтеді.

Міне, күйшілік, күй жасау өнері деп осыны айтады. Осыны айтқанда да, күй кәдімгі роман, пуест, әңгіме, кино сияқты оқиғалы, сүйікті шығарма. Жаза шығармаларды оқу, жазу арқылы қабылдасақ, күйді тыңдау арқылы қабылдаймыз. Оған есті құлақ, саналы сапа керек. Күйдің де өзіне тән бітім - пішіні, оқиғасы, құрлысы, мазмұны, ішкі шиленісті қақтысты, мелодиясы даму барысы, ырғықты, дыбысты, толқынды көркем көрністері болады.
Иә, Қызырхан Бабақұмарұлының күйлерінің мелодиялық-формалық құрылысы, ырғақтық-орындаушылық әдістері сан алуан әдемі бояумен мың сан түлеп, түрленіп ,түлежіп, құбылып, құлпырып, домбыра шанағында ойлы ойнақы, сұлу сылқым, керімсал, кербез дыбыс толқындарымен торғын сусылындай, жел жиректеген көл бетінінің майда бұйра толқынындай ғажайып көрікті көрінісімен уыздай үлбіреп уілдеген үнімен тыңдарман құлағын тұтқындап, жүрегін жаулап алды.

Оның күй шерту , ішек қағыс шеберлігі мен перне басу бабы тіптен бөлек. Өзгеден өзгеше деуге болады. Қызырхан Бабақұмарұлының күй жасау және күй орындау шеберлігіне қарай, оның күйлерін екі стильдік мектепке бөліп қарастыуға болады.

Біріншісі – "Жекпе - жек", "Машан батыр" , "Таңжарық тағылымы" атты күйлері екпінді, қарқынды, қарышты, жойқын жоталы, асау ағынды, жарыспалы, тоқ толқынды, ер мінезді симфониялық сипатта орындалған ғажайып төкпе күйлер үлгісіне жатқызуға болады.

Екіншісі – телегей терең сұлу сырға, шүңет түпміз ойға, қыдырмалы қыдыр қиялға, нәзік нәркез көгілдір көңілге,сері сетер сезімге, ұяң ұялы ұлы ұғымға, үздіккен үкілі үмітке, балбыраған балдай тәтті бақыт сезімге бағынған қоңыр сазды "кербезім", "Аңсадым", "Хан тәңірі", "Жетісу", "Көңіл қуанышы" сынды керім күйлерін шертпе күйлер тобына топтастыруға болады.

Рас-ау , ұмытпай тұрғанда бір ойымды жасырмай айтып алайын. Қызырхан Бабақұмарұлының күйлерінің идеялық-көркемдік диапазоны өте кең, мазмұны салқар, ойлары түпсіз тұңғыйық ирімдерге тартып әкетіп жатады. Дыбыс ырғақ толқындары өте сиқырлы, тым нәзік. Саз саралығы жойқын күш-қуатқа ие.

Бір күйі басталып аяқтағанда, тыңдарман сол күйдің тынысты сұлу ырысты ырғағымен күллі ғаламды бірге қыдырып, бірге аралап, бірге тамашалап, таңға жайып қиял әлеміне бірге саяхаттап келеді.

Міне, бұл Қызырхан Бабақұмарұлы жасаған күй өнерінің адам санасына туғызатын ерекше әсері болып табылады. Ергер, басына көк шеге қақса түсінбейтін бітеу бас, маңқиған маубас болмаса, домбыра шертілген заманда екі ішектің дірілімен қоса оның да, жан дүниесі, жүрегі бірге дірілдей жөнеледі.

Қызырхан Бабақұмар жасаған күйлерді мазмұнына, күй мінезіне қарай "Тарихи күйлер", "Лирикалық күйлер", "Аңызлық күйлер", "Қаралы күйлер", "Арнау күйлер" сияқты тақырыптарға жіктеуге болады.

Күйшінің күй орындау шеберлігіндегі ішек қағысы, перне басу, күй тілін сыр сұлу ырғақпен сөйлету, қоңыр үнмен әрлеп құйтқылжыта құт құлаққа құйу, күй мазмұнын түпсіз мұхиттай тереңге бойлатып барып, сол тереңнен қайта алып шығып, шексіз шырқау биікке шығандату, адам жан дүниесін мың сан құбылтып қуанту, мұң-шерін қозғап одан арылту, тосын сырмен тотыдай түрлендіріп тербенту, домбыра шанағында, көз тойғысыз көркем көрініс, керім картина жасау нар дүниенің нәрін сарқып ырғаққа түсіре шебер шерту Қызырхан Бабақұмарұлының өзіне тән хас стил ерекшелігі болып табылады.

Біз соны білуміз әрі дұрыс тануымыз қажет. Бір күйшіден екінші бір күйшінің күй жасау және күй орындау шеберлігі жағынан асып түсуіп жатуы, сол күйді қандай шеберлікпен, қандай өнер стилімен орындауына тіке қатысты болады. Содан барып әр күйшінің өз алдына күй тарту стилі қалыптасады. Сол қалыптасқан өнер стилінен әр күйшінің меншікті күй орындау мінезі барлыққа келеді.

Күйші мінезі – күй мінезі болып қалаптасады. Күйші қандай күй орындаса, күй мінезі де дәл сондай болады. Әр күйшінің жан әлемінде мың сан қайнап, домалана дөңбекшіп жатқан ішкі писхикалық ирімдері мен жалын атқан жан толқыны, сетер сері сезім сырлары күйшінің күміс саусағына күй болып тағылып, домбыра шанағында орындалып, құбыла құлпырып, түрлене төлежіп күмбірлі күйге айналады.

Кербез күйге айналған сылқым сыңғырлы ырғақтар ұйқыда жатқан ойдың жабылулы түндігін ақырын ғана ашып, сана саңлауына шуақты жарық нұр түсіреді. Ояна алмай қалғып- шұлғып , мең-зең болып, жалқаулық жамылғысын жамылып қымтанып жатып қалған сезімді дір еткізіп оятып, оянған сананың төріне шам жағып, жарық төрге шалқытып малдас құрғызады.

Міне, Қызырхан Бабақұмарұлының күй қүдіретінде, күй киесінде осы тылсым сыр бар. Күй біткеннің бәрі, күй шерткенің әрі түгел киелі бола бермейді. Ол үшін де өтетін өткел, асатын асу, басатын бапты бұраңда күрделі, қиын да қиыр жол бар. Қинала төгетін ашты тер бар. Соны соқпаққа, тың тынысқа, тұмса ту дүниеге екі ішекті қаға сап, он төрт пернені баса сап, оп-оңай жете салу , әй қайдан бола қойсын. екінің бірі сермей бермейтін күрделі күдір ырғақты, сыны сиқырлы , дауысы дара күйлер болады.

Әне, сондай күйлердің бірі де, бір егейі де Қызырхан Бабақұмар ұлы жасаған таңғажайып тамаша күйлер. Ол күйлер ғасырлар кереуінінің алтын қоңырауындай, тарихтан бүгінге, бүгіннен болашаққа үрдісін үзбей, құнын кемітпей, қадір қымбатын жемірітпей, тыңдарманын жалықтырмай жақсы шертісмен жалғаса беретіні еш дау тудырмайды.

Күй - өнер құдыреті. Кей күйлер өлшемді нотаға бағындай еркін самғап шертіледі де, сиқырлы сыр жұмбақпен тыңдармандарын тұтқындап түпсіз ой бесігіне құндақтап, күй әлдиімен әсем ырғаққа бөлеп тастайды.

Біз күйді сауатты тыңдау, күйге дұрыс есті баға беруміз үшін де мына бір жайды терең білгеніміз абзал болмақ.

Қазіргі күй шерту шеберлігіне қарай , күйшілердің саусақ қағысын санамалап атап өтейікші: "жаппай қағыс", "кезек қағыс", "шертпе қағыс", "шұбыртпалы қағыс", "терме қағыс","Сыипай қағыс", "шаппа қағыс", "жарыспа қағыс", "ілме қағыс", "көбе қағыс", "тырнақ қағыс", үдеме қағыс","сабалақ қағыс","жұлма қағыс", "сырғыма қағыс", "майда қағыс","желдірме қағыс", " жорға қағыс","сыңар қағыс", ""қос қағыс","жетім қағыс", "тоқ қағыс", "аш қағыс","төпе қағыс", "шор қағыс", "орта қағыс", " жел қағыс", "самал қағыс", "жібек қағыс", "қаңғыма қағыс"," құйын қағыс", "безек қағыс"," бей қағыс", "тартпа қағыс"," сайтан қағыс" ," сілтеме қағыс", "сіңір қағыс" "ерсі қағыс". "кері қағыс", " май қағыс", "жалтақ қағыс", қара қағыс" т.б. өте көп түрге бөлінеді.

Иә, осы көптен көп қағыстар күйдің мың сан түлеп, түрленіп шығуына, ырғақ тербелістерінің дыбыс түрленуіне өте үлкен ықпал жасаса, перне басудың да атқарар ролы өте үлкен, қағыстан құбылып шыққан ырғақтарды түрлендіруге тигізер пайдасы көп. Пернені "нық бау", "сырғыта басу", "дірілдете басу", "тайғақ басу", " қос басу", " уыстай басу", "соза басу", "қашқақтай басу", " қараша басу" "жебелей басу", "желдірме басу", " жанай басу" ,"аттап басу", "қуалай басу" ,"құрма басу","шалыс басу" .т.б. түрлері бар.

Бір күйдің орындалуынан енді бір күйдің орындалының мүлде ұқсамайтыны да, күй сарынының үн үдемелігінің де, басқа-басқа болып туатыны да, осыншама шытырман қағыстар мен перне басулардың әсерлі әрекеті, қозылы қозғалысынан ішек тербелісі құлпырмалы ырғақ өзгерісін тудырып, әр сарындағы күйлерді тудырады. Күйшінің өте тереңде теңіздей тербеліп жатқан інжу - маржан сезімдерін саусаққа көшіріп, сауақ қозғалысынан, екі ішек тербелісіне түсіріп, перне басу бабына бағындырып бақты күй жасау оңай өнер, жай дыңғыр емес. Тіптен күрделі күрмеуі көп, шытырман жолды өнер.

Бағы замандағы бабалармыз күйші күй шертпей жатып, домбыра құлағын бұрап отырғанда, оның құлақ күйінен-ақ қандай күй тартқалы отырғанын, кімнің күйін орындағалы жатқанын айтқызбай танып отыратын болған ғой, шіркін!?

Жә, аз тыңдармандарым, саналы оқырмандарым, мен бұл жеде күй зертейін, күй тәбиғатын танытайын деп отырғам жоқ. Өзім де күйші емеспін. Жақсы күй тыңдаушымын.

Мен, өз басым Қызырхан Бабақұмарұлының қасында отырып, біраз күйлерін тыңдадым. Өте сырбаз, сырлы, кербез, керімсал, сұлу, сылқым күйлердің авторы екеніне куәмін. Оның күй қағысында, перне басысында бір тылсым сыр бар, жұмбақ жапсар бар. Домбыраны қолға алғанда оның епті де шебер саусақтары домбыра шанағында құмырысқадай жорғалай жөнеледі. Сол жорға саусақтардың ғажайып қағысынан, епті қозғалысынан құйтқылжыған күй ырғағы пайда болады. Бес саусақ меңгерген пернеден бейіштей күй тербелісі жөңкіп шығады. Берекелі құлаққа бебеу қағып естіледі. Таза жүрекке лүпіп еркелеп жетеді.

Қызырхан Бабақұмарұлының "Күй тағылымы" атты күйі - таң нұрындай таза, пәк көңілдің сырмал сырын шежіре етіп шертеді. Оның орындау шеберлігі тіптен бөлек қиғаш көбе қағыс пен кесе тербеу қағысын құстың қос қанатындай қатар пайдаланып, сауа тартып, ырғақ үнін үдете түсіп,ілме тартыспен қоңыр ырғаққа бағындырып балдай тәтті үн туғызады. Сосын сезім қазанында әбден қайнап піскен ойдың дәмін бұзбай, толық қанды толғау етіп, әр пернені мың тілмен қоңыр үнге бағындыра сөйлетеді. Тіптен үннің ішкі нәзік тербелістерін ішек қағысы мен перне басу бабына жұмсақ жатқызып, ырғақ пен үнді сулу жыммен ұйыта жалғап, шебер ұстадай мүлтіксіз күй етіп, құмбірлете шертіп жеткізеді. Бұл асқан шеберлік.

Шеберлік болғанда да, шекесі торсықтай томпия толған, толықсып піскен шеберлік. Күйдің аты айтып тұрғандай таза тағылымды, тілсіз тілмен жетелеп жетесін тауып жеткізеді. міне күйшілік өнер. Күйшілік орындаушылық деп осыны айтады.

Мойындамасқа болмас, асыра мақтаудың қажеті жоқ, артықшылығын айту айып емес. "Күй тағылымы" мінсіз қолдан, орамды ойдан, шебер орындаудан, керім қиялдан, көркем көңілден, сұлу сезімнен, ақ та пәк жүректен туған ғажайып туынды деп таныған абзал болмақ. Күй депазоны тым кең, мазмұны шалқар ұғымдарға құрылған. Көркемдік көкжиегі көз жетпей алыс шалғайға алып кетеді.

Қызырхан Бабақұмарұлының "Ұлы дала ұлағаты" күйі де өз сарынымен жасалған тамаша күй деп бағалауға болады. Әр күйші ешуақытта жаман күй жасадым деп ойламайды. Себебі күйші кеудесі күн нұрындай жарық сәулеге толып тұрады. Оның кеудесінде тарыдай қараңғылық болмайды. Құдды сол секелді Қызекеңнің "Ұлы дала ұлағаты " күйі де, дәл сондай жарық нұрға толған көтеріңкі көңілмен жасалған көркем де керім күй деуге болады.

Иә, осы бір ғана күйдің мазмұнында ұланғайыр ұлы даланың тымса байлығы мен керім кеңдігі түгел сыиып, бірақ қамтылып жатыр. Адам жан дүниесінің, жайсаң жанының қуаныш құтына толған ұлы даланың дархан тынысындай, керім самалындай қоңыр майда ырғақтар бар. Тап-таза, мөп-мөлдір сезімдер бар. Ұлы ұлттың уыздай ұйыған ұлы берекесі бар. Жарқын болашаққа деген нық сенімі бар.

Мен оның күй мазмұнынан гөрі оның күй жасау, күй орындау шеберлігіндегі стилдік ерекшелігін айту, тану бәренен маңызды болып тұр деп қараймын.
Қызекең, осы күйде де сырғытпа қағыс пен майда қағыс, ілме қағыс пен жорға қағысты жарыстыра пайдаланып, пернені нықтап басу мен сырғыта басуды егіз қатар қолданып, күй тілін қоңыр ырғаққа бағындырып, сұлу сазды сағынышқа, жағымды уілдеген үдемелі үнді қосып, шертер ойын екі ішек қағысы мен перне басысына жеңіл түсіріп, сызат алып сындырып алмай, екі ішек толқынындағы ойнақы ойды он құбылтып ойната білген. Сыр сезімді екі ішектің үнімен үпітіп жүрек түбіне жеткізе білген.

Әне, гәп дәл осындай орындау шеберлігінде жатыр. Сондықтан Қызырхан Бабақұмар жасаған күйлер көп күйлерден дараданып, даналанып, бөгенайы бөлек, ершімі ерек, қағысы жаңа, перне басысы басқа болып, тыңнан түлеп, соныдан соқпақ салып шалқып, қырандап қалқып шыға келетіні содан.

Иә, Қызекеңнің, Қызырхан Бабақұмарұлының "Сал- сері" , "Бәйге", "Көңіл назы", "Жекпе- жек" , "Бурабай", "Таңжарық тағылымы", "Кербезім", "Аңсадым", "Хан тәңірі", "Жетсу", "Машан батыр", "Көңіл қуанышы" тағы басқа бағыттамалы күйлері өзіне тән , Қызырхан Бабақұмарұлының мінезінен туған, өнер стилімен жасалған жақсы туындылар, өзінің дара қолтаңбасы деуге болады.

Жалпы Қызырхан Бабақұмарұлының күйлерін тақырыптық жақтан былай жіктеуге болады:
1.Тәбиғат құбылысына ( жер атауы) отаншылдық мазмұнынға арналған "Марқакөл" "Бурабай" "Жетісу" "Хан тәңірі" аңыз негізіндегі тілек күйлерін
"Патриоттық күйлер" тақырбына жатқызуға болады.
2. Халықтық мерекеге -той- думанға арналған "Наурыз" "Бәйге" "Сал-сері" күйлерін" "Қазақ дәстүрін дәріптеу" тақырбындағы күйлер деп тану қажет.
3. Жеке тұлғаларға "машан батыр", "таңжарық тағылымы" "кербезім", "жекпе-жек" күйлерін "Тұлға тану" тақырыбында жасалған күйлер деп білу керек.
4. психикалық ішкі жан сезім (лирика) "Сүйінші" "Көңіл қуанышы" "Көңіл назы" "Бал немерем" атты күйлерін "Жан тану" тақыбындағы күйлер деп қабылдау керек.
5. Тәлім - тағылымға қатысты"Ұлы дала ұлағаты", "Күи тағылым" "Бабалар аманаты" атты күйлер терең философиялық , Апористік толғау тақырыбына жатқызуға болады.
6. Тәрихи оқиғаларға байланысты туған "Аңсадым" күйін көне уақиғалар тақырбында жасалған көне көз күй деп ұғу лазым.
7. Тілек мағынасында туған" Аңсадым" ," Күй шашу" атты күйлерін жарқын заманның келбеті тақырбында жасалған күйлер деп білген жөн болмақ.
Тоқ етерін айтқанда Қызырхан Бабақұмарұлы бүгінгі заманның даңсалы күйшісі, бал бармақ күй жасаушысы, аса талантты музыканты деп тану, бағалау, жоғары бағасын беру керек.
Бізде қалыптасқан бір қыңыр әдет, қырсық дағды бар. Ол өнерпаз әбден дүниеден өткен соң ғана мақтап, көше беріп көкелеп жатамыз. Тірісінде үндемей қоямыз. Нашар болса көзге ілмейміз, мықты болса жақ ашпай жатып аламыз, ортан қол болса, оны жер-суға сыйғызбай мақтаймыз. Сахна төрінен түсірмей төсбелгімен марапаттаймыз.
Біз соны білуміз әрі соны мойындаумыз керек. Ол - өнердің досы - құштарлық, өнердің жауы - іш тарлық, достың жауы - мыстандық. Біз Қызырхан Бабақұмарұлы жасаған күй өнерін құштарлықпен бағалай білуміз керек. 

Болат Бопайұлы
Алматы. 16. 07. 2023 .ж.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар