Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауында АЭС құрылысы бойынша референдум өтетінін айтты.
"Қазақстан уран өндірісі бойынша алдыңғы орында тұр. Сондықтан АЭС салуға құқымыз бар. АЭС салу қажет пе, жоқ па, деген сауал төңірегінде халық пікірі әртүрлі. Көптеген азаматтар мен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз"- деп мәлімдеді президент.
Еске сала кетейік, бұған дейін Тоқаев АЭС құрылысы жайлы референдум өтетінін айтқан болатын. Алайда кейіннен энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі референдумға шығарылмайтынын мәлімдеген еді.
Пікір қалдыру