"Немо" дельфинариіндегі дау: Қазақша қызмет талап ету – ұлтаралық жанжал тудыра ма?

/image/2023/09/06/crop-0_29_484x860_092427246100.jpg

Әлеуметтік желіде қазақ тіліне қатысты тағы да дау туды. Бұл жолы Алматы қаласындағы «Немо» дельфинариінде қазақ тілінде қызмет көрсетілмеген. Нақтылап айтсақ, аталған мекемеде шоу бағдарламалардың барлығы орыс тілінде өтеді екен. Бұл туралы журналист Жазира Байдалы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. 

«2 қыркүйек күні 11 адам болып Алматыдағы "Немо" дельфинарийіне бардық. 3 ересек, 8 бала. 15:00-де ішке кірдік. Қойылым басталды. Басында 10 минут бойы сахна артынан мәтін оқылды. Орысша. Біз қойылымды күтіп отыра бердік. Сосын барып 2 итбалықпен тренер ортаға шықты. Өнерлерін көрсетті. Дыбыстық сүйемелдеме орысша болды. Мен 20-25 минуттан кейін сыртқа шықтым. Кассаға барып "Неге бағдарлама тұтас орысша?" деп сұрақ қойдым. Билетімді көрсетіп қайтаруды талап еттім» – дейді Жазира Байдалы. 

Жеңілдікпен алынғандықтан, билеттің ақшасы қайтарылмаған. Кассада басталған дау басшылықтың араласуымен де шешілмеген. 

а

Артынша журналист 2gis-те пікір қалдырып, сұрағын қайта қояды. Мекеме оның бұл талабын “ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-тармағы "Ұлтаралық алауыздықты қоздыру” деп бағалайды. Аталған мекеме мемлекеттік статусы жоқ болғандықтан бағдарламаларды қазақ тілінде өткізуге міндетті емес екенін алға тартқан.

Осы даудан кейін 2gis-те пікір қалдырушылар саны күрт көбейген. Көбі қазақ тілінің мәртебесін айтып, шоу бағдаламалардың мемлекеттік тілде өтуін талап етіп жатыр.

а

Qamshy.kz порталының тілшісі "Немоның" орталығына хабарласып, оқиғаның мән-жайын білмек болды. Алғашында аты-жөнін айтқысы келмеген орталықтың қызметкері қазақша өтетін бағдарламалар барын айтты. Дегенмен "Қазіргі уақытта қандай шоу қазақ тілінде өтеді?" деген журналистің сауалына жауап бере алмады. 

Кейінірек "Немоның" PR менеджері жақын арада ресми мәлімдеме жасайтынын айтты. 

«Біз жақын күндері осы оқиғаға қатысты Instagram желісінде түсініктеме беретін боламыз. Барлық бұқаралық ақпарат құралдарына хабарласамыз. Бірақ дәл қазіргі уақытта сұрақтарыңызға жауап бере алмаймыз», - деп орыс тілінде жауап қайырып, тұтқаны қоя салды.

Бір айта кетерлігі мекеменің әлеуметтік парақшасындағы жазбалары да, ақпараттық сайтындағы мәтіндер де түгелдей орыс тілінде жазылған.

Айта кетейік, «Немо» дельфинариі 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Ресми сайтында 350-ге тарта балаларға реабилитациялық курс өткізгені және 2017 жылы өткен форумға әкімдік қолдау көрсеткені жазылған.

Осыған байланысты Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарластық. Баспасөз хатшысы "Бұл – тек бір реттік қолдау болған" деп жауап берді. 

Дельфинарийге қатысты бұл алғашқы дау емес. Бұған дейін теңіз жануарларын жабық кеңістікте ұстап отырғаны үшін наразылықтар көбейіп, жабылу алдында тұрған. Орталықтың басшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, аутизм, ДЦП сияқты науқасқа шалдыққан балаларға дельфинотерапия өткізіп отырғанын алға тартып, мекемені сақтап қалған.

Қазақ тіліне шыққан дауға пікір білдірушілердің арасында осы мәселені қайта көтеріп, орталықты жабуды сұрап отырғандар да бар.

Авторы: Әсем Жұмақан

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар