Мемлекетке және жеке кәсіпкерлерге үлкен шығын әкелген қанды оқиғадан соң Алматыда әкімдік ғимаратынан бастап түгелі қалпына келтіріді. Алайда сот кінәлі деп таныған 24 қаңтаршыдан материалды шығын өндірілмек. Өтемақының жалпы құны 128 млн теңге.
Адвокаттардың айтуынша, талап-арыздардан көптеген шикіліктер анықталып отыр. Мемлекеттік мекемелер қандай дәлелдемелерге сүйеніп отырғанын қосып, іске тіркеуі тиіс еді. ҰҚК 24 адамның нақты кінәсін дәлелдеуге тырыспаған, негіз жазуды да қажет деп таппаған. Сот кезінде бір де бір айыпталушының түрін танып, дәлелдей алмаған.
ҰҚК Алматы облысы бойынша шекара қызметінің департаменті өз қорытындысына адвокат қорғауындағы азаматтарға еш қатысы жоқ мүліктерді қосып қойыпты. Атап айтқанда, КамАЗ, УРАЛ сияқты ірі автокөліктер мен қызметкерлердің кеудеше, бәтеңке секілді ұсақ-түйек дүниелерге дейін тізген. Онсыз да жоқшылықтан қажып, қаңтарда көшеге шыққандар енді мемлекетке қарыз боп қалды.
Жалғас Сапарханова, адвокат:
– Жәбірленушінің өкілдері талап-арыздарын нақтылай алмады. Алматы облысының шекара қызметінің өкілі өтемақы сомасын 147 млн теңге деп шығарып қойған. Кейін 128 млн деп азайтты. Қорытынды мен арыздағы сандар сәйкес келмейді. 2023 жылы19 мамырда өткен сот отырысында да өтемақының мөлшерін нақтылай алмағанын. Қолымызға түсіп отырған мына талаптың да заңсыз және негізсіз екенін дәлелдеуге біз барымызды саламыз. Қаңтаршыларға келген хабарламаға сәйкес, 2 қарашаға алдын ала тыңдау, ал 6 желтоқсанға басты сот талқылауын тағайындаған. Яғни, соттың шешімі дайын деген сөз. ҚР Азаматтық процессуалдық кодексінің 30-бабында талапкерлер жауаптылардың біреуінің мекен-жайы бойынша талап-арызды беруге құқылы. Бірақ іс бойынша 24 қаңтаршының тұрғылықты орны көрсетілсе де, іс әскери сотқа жіберілді. Бұл үлкен күдік туғызады.
Еркебұлан Қайратұлы, адвокат:
– Сот тергеуде қылмыстық іс құжаттарын зерттеу барысында Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес, жауапкер ретінде ешкімді тани алмады. Тізімдегі 50 дана кевлар шлем мен 24 дана темір қалқанды көтеріп әкету мүмкін емес. Ірі көліктерді жарып жіберді дегені де ақылға сыймайды. Ол дүниелер басқа жақта, айыптаушылар басқа жерде жүрген. Орындары, мекен жайлары сәйкес емес.
Сыдық Ерасыл, қаңтар оқиғасына қатысушы:
– Әскери сот әрқайсымыздан 6,5 млн теңге көлемінде өтемақы талап етіп отыр. Оны төлеуге шамам жоқ және өзімді төлеуге міндетті деп санамаймын. Тізімдегі заттарды мен бүлдірмедім. Сотта дәлелдер келтірмеді. Куәгермін деп келгендердің ешқайсысы біздің арамыздан ешкімді тани алмады.
Әбубәкір Қанат Маратұлы, айыпталушы:
– Қаңтар оқиғасы бойынша істі болған азаматтардың бірімін. Басымды аман сақтап қалу үшін қойылған шарттармен келісіп, кінәні мойныма алдым. Бірақ бұл мүліктерді зақымдамақ түгілі, мен алаңның маңына да жоламаған едім. Мен жеке кәсіпкермін, қол астымдағы жұмысшыларым шыққаны үшін мені де тергеуге тартты. 128 млн тегені 24 адамға бөлгені ағаттық, себебі алаңға тек олар ғана емес, 10 мың қазақстандық шықты. Бірақ тергеуге тек біз түстік. Ең сорақысы, жазықсыз құрбан болып кетіп барамыз.
Пікір қалдыру