2023 жылдың 11 қарашасынан бастап, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісім күшіне енеді.
Бұл келісімнің негізгі мақсаты – осы мемлкеттер арасында елге келу, берілген визалардың саны және азаматтығына қабылданған адамдар туралы мәліметтермен алмасу болып табылады.
Осыған қатысты Qamshy.kz ақпарат агенттігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталыковқа хабарласып пікірін білді.
Келісім қандай мақсатта қабылданды?
Екі ел арасында ақпаратпен алмасу тек қос азаматтықты анықтау және заңсыз көші-қонның жолын кесу мақсатында ғана жүзеге асырылады.
Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес (нақты Заңды көрсеткен жөн), басқа елдің азаматтығын алған адам бұл туралы өзі хабарлауға міндетті. Бұл норма 2016 жылы енгізілген болатын.
Еліміздің Ата Заңына сай Қазақстан азаматында басқа елдің азаматтығы болмауы тиіс (10-баптың 3-тармағы). Осыған орай, қос азаматтыққа қарыс күрес біздің ең басты міндеттеріміздің бірі.
Қытайда да қос азаматтыққа жол берілмейді. Сондықтан осы Келісім азаматтық алған адамдар туралы мәліметті жылдам алуға, нәтижесінде қос азаматтық фактілерін анықтап, болдырмауға ықпал етеді.
Қандай ақпараттармен алмасады?
Келісімге сәйкес, Қазақстан мен Қытай арасында ақпарат алмасу төрт бағыт бойынша көзделеді:
- берілген визалар туралы
- визасыз келген/барған азаматтар туралы
- елге келу және болу тәртібін бұзушылар туралы
- азаматтыққа қабылданған адамдар туралы
2023 жылдың 9 айында Қытай азаматтығын алуына байланысты 18 адам Қазақстан азаматтығын жоғалтты.
Айта кетейік, мұндай шарт Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан елдерімен жасалған және бүгінде көші-қон саласында сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұл жалпы әлемдік тәжірибе.
Одан басқа, осындай Келісімддер Армениямен, Грузиямен, Молдовамен, Түркиямен, Украинамен және Франциямен жасалу жоспарлануда.
Азаматтар туралы ақпарат дербес деректерге жатады, сонда мұндай деректер қалай қорғалады?
Қазақстандықтардың «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңда көзделген құқықтардың бұзылуына қатысты алаңдаушылығы болмауы тиіс. Келісім шеңберінде құзыретті органдар келесі мәселелерді қамтитын ақпаратпен алмасады: аты-жөні, жынысы, туған күні мен орны, азаматтығы, тиісті құжатты беру органы, сериясы, күні, ұлты мен фотосуреті. Бұл мәліметтер қазақстандықтардың «жеке куәліктерінде» бұрыннан бар. Басқа ақпарат сұратылмайды. Осыған байланысты азаматтарды сәйкестендіру үшін талап етілмейтін салықтық, қаржылық немесе басқа да деректерді беру мүмкіндігінен қорықпау керек.
Қанша азамат қос азаматтық үшін жауапқа тартылды және олардың ішінде қанша Қытай азаматы бар?
Жылдың басынан бастап қос азаматтық үшін 525 (2022 жылы - 841) азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың көбісі Ресей - 477, Германия – 9, Түркия – 9, Израиль – 6 азаматтары. Қытай азаматтары жауапқа тартылған жоқ (2022 жылы РФ-800, АҚШ – 8, Германия – 7, Түркия – 6, ҚХР азаматтары жоқ).
Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін этникалық қазақтар үшін Қытайдың азаматтығын тоқтату рәсімі қандай?
Қытайдан келіп, Қазақстан азаматтығын алған қандастардың қолына хабарлама-міндеттеме беріледі. Осыған сәйкес олар Қытайдың азаматтығыны тоқтату үшін бұрынғы азаматтығы болған елінің уәкілетті органына паспортын тапсырулары қажет. Яғни Қазақстан азаматтығын алғанан күннен бастап күтізбелік 30 күн ішінде осы рәсімді жүзеге асыруы тиіс.
Сонымен қатар, бұрынғы азаматтықты тоқтату мәселелері ішкі істер органдарының құзыретіне кірмейді.
Мұндай рәсім Қытайдың ұлттық заңнамасымен реттеледі.
Қос азаматтыққа тыйым салынғанын ескерсек, анықталған адамдарға қатысты азаматтықты жоғалту жүзеге асырылады ма?
Әрине, егер адам Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін, басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны анықталса, ол біздің елдің азаматтығын жоғалтады.
Қос азаматтық анықталған жағдайларда әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданады ма?
Қазақстан азаматтығына қабылданғаннан кейін басқа елдің азаматтығын алып, ол туралы хабарламағаны (күнтізбелік 30 күн ішінде) үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 496-бабында әкімшілік жауапкершілік көзделген. Атап айтқанда; 200 АЕК айыппұл немесе елден тыс жерге шығару қарастырылған.
Қазақстан азаматтығын алуда қандай қиындықтар бар?
Біздің қандастарымыз үшін азаматтық алуда ешқандай қиындық жоқ. Өйткені, этникалық қазақтар үшін Қазақстанда тұрақты тұруға қалдыру және азаматтықты алу тәртібі барынша жеңілдетілген.
Осылайша:
- Қытайдың азаматтары болып табылатын этникалық қазақтар 2016 жылдан бастап соттылығы туралы анықтаманы ұсынбайды
- Банкте шотының бар екенін растамайды, бұл шамамен 4 жарым миллион теңге;
- «Қандас» мәртебесі бар этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығына 3 ай мерзімде қабыладанады;
- «Қандас» мәртебесі бар этникалық қазақтар бұрынғы азаматтығынан шықпай, біздің азаматтықты ала алады;
- Виза санатына қарамастан, тұрақты тұруға қалдыру туралы рұқсат беруге құқылы.
- Осылайша, этникалық қазақтар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өткім келеді.
Пікір қалдыру