30 миллиард теңгені қылғытқан «Айс» деген лақап есімді Арайлым Мұратованың арбауына 5 мыңдай қазақстандық түскен. Ғаламтордағы аялаяқтықтың жаңа түрі жайлы Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдаған мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев күні кеше жаңа алаяқтық топтың әрекетін жайып салды. Осынша халықтың алдануы нені білдіреді? Бұл қаржылық сауатсыздық па әлде сенгіштік пе, бәлкім ашкөздік?
Қаржы пирамидасынан сан соққандар жайлы ақпарат саябырсығанға халықтың алған ащы сабағы мен қаржылық сауаты артқан ба деген ойда жүр едік... Бұл ақпарат ол ойымыздың «быт-шытын» шығарды. Былтыр қазақстандықтар 8,11 миллиард теңгесін қаржы пирамидасына құрбан етсе, биыл бір «Айстың» өзі бұдан 3,5 есе артық қаржыны қалтасына басқан. Депутат Д. Мұқаевтың айтуынша, интернет алаяқтары аяқтарын алшаң басып, әлеужеліде қылмыстың түр-түрі өріп жүр. Былтыр 20 444 дерек тіркеліп, 16,5 млрд теңгеге залал келсе, биыл 15 мыңға жуық дерек тіркеліп, залал сомасы 11 млрд теңгеден асқан (Бұған соңғы деректі қоса кетіңіз). Қалтасы қағылған құрбандар көбінесе үйде отыратын аналар мен қыз-келіншектер. Сондай-ақ халық қалаулысы: «Бұған дейін қаржы пирамидасымен интернет алаяқтықтарға алданғандарды көп еститін едік. Қазір байытамын деген байерлерге барын берген қара халықтың базынасын да жиі естіп жүрміз. Солардың бірі – елде лақап атпен танымал Айс Мұратова. Шын аты – Арайлым. Соңғы 2 жылда ол халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жақсы жағынан жарнамалаған... », - деді.
Енді сәл кейінге шегінсек, елімізде қаржылық алаяқтық шамамен 2015 жылдан өрши бастады. 2019 жылы, яғни пандемияның алғашқы жылында қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 80-ге дейін іс қозғалып, қылмыстық істер саны 7 есе өскен. Ал 2020 жылы қаржы пирамидаларынан келген шығын көлемі 1,59 млрд теңгеден 6,17 млард теңгеге жеткен. Қаржы пирамидаларының «өркендеген» кезеңі – 2021 жыл. Олардың құрығы ұзарып, ірі қалалар мен мегаполистерден аттап, ауыл-аймақтарға дейін ауыз салып, шығын көлемі 33,34 млрд теңгеге дейін жеткен. Бұл Бас прокуратура бақылауына іліккен кезеңнен, яғни 2015 жылдан бері тіркелген рекордтық көрсеткіш екен. Ranking.kz зерттеуі бойынша, 2020-2021 жылдарға қарағанда қазір қаржы пирамидасына қатысты полицияға арыздар сиреген. Бірақ құрбандар азайса да, шығын азаймаған. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің деректері бойынша, былтыр (2022 жыл) қаңтар-қараша аралығында 8,11 миллиард теңге шығын болған. Айта кетсек, бұлардың барлығы ресми тіркелгендері ғана.
Осы арада ащы сабақ болатын бірден-бір оқиға Mudabarah Capital қаржы пирамидасына қатысты дау: 169 адамнан астам адам зардап шегіп, 2 миллиардтай шығын келтірді деген дерекпен 14 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі. Сот шешімімен, елге танымал Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов сынды блогер, вайнерлер 5 жылдан бас бостандығынан айрылды. Басқа да айыпталушыларды кінәлі деп танылып, Алмас Құрманғалиев 14 жылға, Дания Рахимова 12 жыл, Андрей Ча 8 жыл, Ержан Мансұров 9 жыл, Ерлан Мансұров 9 жыл, Нұрлан Сұлтанбаев 8 жылға сотталды. Ал Руслан Бұрқанов, Тимур Рүстемов, Самат Қасеновтер әрқайсысы 12 жылдан арқалап кетті. Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде бір жыл бойы талқыланған бұл оқиға әлі де халықты оята қоймапты. Себебі қаржы пирамидаларының қақпанынан айналып өтсе де, ғаламтор алаяқтарының құрығына ілінуі азаяр емес. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев: «Соңғы уақытта кеңінен етек жайып келе жатқан әлеуметтік желі арқылы «Байер» деген атаумен Қытай, Түркия, АҚШ-тан арнайы арзан тауар жеткізушілер көбейді. Бірі елімізде тіркеліп, заңды жұмыс істесе, енді бірі толығымен халықты алдап жүр»,- деп ашынып отыр. Оның қолында алданған адамдардың үш пакет арыздары мен дәлелдері бар. Бірақ тараптардың келісімшарт жасаспағанын, бірден ақша аударымдарын жасағанын атап өтті.
Байқағанымыздай, құрбандардың ешқайсысы келісімшарт немесе сертификат сынды заңды құжаттарды талап етпей, «көсіп пайда табасың» деген «көсемдердің» соңына отқа үймелеген көбелектей ұмтылуы табиғи құбылысқа айналды. Сондықтан бұлардың басты себебі не деген сауалмен бірнеше мамандарды сөзге тартқан едік.
Жасұлан Кушебаев қаржыгер: «Әрине, адамдар әртүрлі. Олардың мінезі, әлеуметтік жағдайы, білім деңгейі түрлі болғандықтан, факторлары да әр қилы. Мен өзім бірнеше факторды атап өткім келеді. Біріншісі, әлбетте, тез байығысы келуі. Жылдам байып кеткісі келетіндер арамызда өте көп. Ал қаржы пирамидасы болсын, өзге де алаяқтар адамдардың тез байуына уәде береді. Олар көп жағдайда «тез баю» инструментін жұмыс істету үшін өтірік иллюзия жасайды. Белгілі адамдар, танымалдар арқылы табыстарын жарнамалап, қымбат машина, жақсы үй, қымбат заттар алып, «Бұл сенің де қолыңнан келеді» деп, осы жолға ақша салуға үгіттей бастайды. Соған сеніп, тез байысам деген желеумен алданып жатады. Екінші топ – қаржылық қиындыққа ұшырағандар. Осындай жерлерге қаржы салып, ақшаны жылдам шешіп аламын деген оймен алданып жатады. Бұған қаржылық сауатсыздық та басты себептердің бірі. Көпшілігі процентті дұрыс түсінбейді. Мысалы, «компаниялардың» ұсынып отырған проценттері арқылы да анықтауға болады. Көп жағдайда алаяқ компаниялар өте жоғары процент, табыс ұсынады. Бізде ең жақсы инвестияциялық құрал, ең тәуекелі төмен ол депозитте 15 %. Тіпті Еуропадағы ең мықты компаниялардың өзі жылына 30-40 % көлемінде ғана береді. Одан жоғары болса, алдау, аферизмнің құралы деп есептеймін. Яғни қаржылық білім болмаған соң, пайыздарды дұрыс есептей алмағандықтан, алданып жатады. Үшінші, жалпы сенгіштік десе де болады. Ол да негізгі факторлардың бірі.Осы орайда халыққа маман ретінде кеңесіңіз?
– Ал қаржылық алаяқтарға алданып қалмас үшін әрине, әр адам базалық білімдерді алса, алданып қалу тәуекелі төмендейді. Ол кез келген инвестиция құятын компанияның пайыздық қайтарымын зерттеу керек. Егер айлық көлемінде 30-40 % болса, ол айлық көлемінде өте жоғары, ол күмәнді деген сөз. Ал өте табысты сенімді инструменттердің өзі жылына 30 %-дан әкеледі. Айлық көлемде 30-50 %, тіпті 100 % көлемде пайда көрсетілсе, оның қаржылық алаяқтық болу қаупі өте жоғары. Сондықтан бірінші, пайда көлемін бағамдаған жөн. Екінші, әрине, компания лицензиясын сұрау керек. Оның айналысуға құқығы бар ма? Әдетте алаяқтардың лицензиялары, құжаттары дұрыс болмайды. Кез келген азамат ақша салар кезде лицензиясын сұрауға құқығы бар. Өзі түсінбесе, сол саладағы экспертті білімі бар, сарапшы, мамандардан консультация алып, біліп алған жөн. Сонда алданбауға үлкен мүмкіндік бар. Үшінші, қаржылық компанияның нарықта жұмыс істеп жатқан мерзімі. Сіз ақша салатын компания жақында пайда болған, тарихы ұзақ емес болса, ол да күмәнді. Оны тексеру қиын емес, интернет арқылы бәрін табуға болады. Кемінде 5 жылдан асқан, ұзақ мерзімде жұмыс істеп келе жатқан компанияларда алаяқтыққа алданудың алдын алуға болады.
Тағы қоса кетсек, қазір Қазақстанда қаржы пирамидаларына қатысты өте көп инциденттер болғандықтан, адамдар біразды біліп қалды. Бірақ өзім қаржы пирамидасы екенін біле тұрып, қаржыларын салатын талайларды кездестірдім. Олардың негізгі мотивтері: «Ия білемін, бірақ мен басында кірсем, бірден жабылып қалмайтын шығар. Маған ұсынған қаржыны аламын да шығып кетемін деген оймен келеді. Біріншіден ол алаяқтыққа өзі барып тұр. Екіншіден, егер ол ақпараттар сізге жетсе, демек сіз кеш қалғаныңыз. Көбіне осылай оңай табыс табуды көздейтіндер «мен басында тұрмын» деп ойлайды. Яғни ол пирамиданың құруына қатыспасаңыз, онда сіз қауіпті, қатерлі аймақта екеніңізді түсінуіңіз керек.
Ал қазір шетелден арзанға тауар алып, сауда жасаймын деп алданушылар жайлы не дейсіз?
Қаржы пирамидасын ел біліп қалғандықтан, енді алдаушылар «бізден тауар сатып аласыз» деп бүркемелей бастады. Енді олар «инвестицияны» тауармен алмастырады. Тауарға аз төлеп, еселеп пайдасын көресіз дейді. Жұмыс істеу алгоритмі қаржы пирамидаларымен бірдей, тек арзан тауарлар ұсыну арқылы адамдарды шатастыру мақсатында жасалынады. Мұндай алаяқтықты ұйымдастырушылар өте «ақылды», халық психологиясын жақсы зерттеп алған, қаржымен алдау жолдарын жетік меңгерген. «Тауарды арзан сатып алып жатырмын» деген – ол алдандыңыз дегенді білдіреді. Бұл алдаудың жаңа инстурменті.
Шамшат Әділбаева Теология ғылымдарының PhD докторы, профессор: «Қаржылық алаяқтарының құрбаны болудың астарында қаржылай сауатсыздық та, ашкөздік те бар. Жалпы бұның түбіне үңілсек, ең бірінші Адам атамыз жұмақта барлығы дайын күйде, дайын жерде жаратылған. Яғни жәннатта жеміс-жидек, тамақ, қажеттің бәрі болды. Сондықтан адамның табиғатында айналамда барлығы дайын, тез болса, бар жағдайым болса деген нәрсе бар. Бірақ өмірге жіберілгендіктен, бұл өміріміз жұмақ емес қой. Бұл өмірде сол жағынан сынақ басталады. Адам еңбектеніп, соған сай ризығын алып жатады. Өмірдегі қиыншылық, сынақты дұрыс түсінбей, еңбектену керектігіне мән бермей, барлығы бола салса, аз нәрсемен көп табыс тапсам деген ойына еріп кетеді. Екіншіден, халықта «адамның көзін топырақ қана толтырады» деген тәмсіл бар. Адамның алдында екі таудай алтын тұрса да, үшіншісі болса екен деп қанағатты ұмытып, ашкөзденетіндері кездеседі. Бұл әрі ақыретті ұмытудың көрінісі.
Үшіншісі алданып қалу. Рас білімсіздік, қаржылай сауатсыздық та аз рөл ойнамайды. Яғни қаржыны қалай игеріп, бұл өмірде қалай табыс табу керектігі жайлы білімі болмаса, әркімге алданып, өтіріктің соңынан еріп өмірін өткізіп жүре беруі мүмкін.
Ернар Есімқұлов Гуманитарлық ғылымдар магистрі, оқытушы: «Әртүрлі қаржылық пирамидаларға мамандардың ескерту жасауына, бұндай салада алаяқтардың көптеп жүретінін біле тұра өз еркімен барып түсушілер әлі де толастар емес. Оның бір себебі бізде табыс табу жолдарының өзгеруі де шығар. Қазір жақсы табыс табу үшін ертеден қара кешке дейін жұмыс істеп, бел ауыртып, тер төгудің қажеті жоқ. Демек біздің қоғамда кіріс кіргізудің бұрыннан қалыптасқан жолынан бөлек, оңай әрі тиімді жолдары да шықты. Қаржылық пирамидалардың қоғамнан сұраныс тауып отырғаны да содан шығар. Бұл мәселені жалпы себебі яки қоғамдық себебі. Ал осыдан келіп жекелей алғанда, әркім де оңай әрі тез табыс табудан қашпайды. Демек бұның тұтынушылардан бастау алатын «оңай табысқа деген құмарлық» деп те түсіндіруге болады. Әрине қаржылық пирамидаға «таныстың» шақыруымен баратындар да аз болмайтынын ескерсек, сенгіштік пен қаржылық сауатсыздық деуге де болады. Бірақ ашкөздік деп қана түсіндіруге келіспеймін».
Юсуф Һиндауи Шариғат ілімдері бойынша PhDдоктор, Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы: «Оңай табыс табуға шақыратын адамдар, компаниялар көпшілікті алдап, өтірік айтуға бейімделген. Олар адамдарға үлкен пайда табуға жалған уәде береді. Нақты өнімі жоқ және аз уақыттан кейін бұл компаниялар ақша жинап алып, қашып, жоғалып кетеді. Бұл дұрыс экономикалық ақпараттармен қатар исламдық ақпарат пен ережелерді білмеу салдарынан болады. Бізде исламда адам адал жолмен нәпақа табуы керек, яғни рұқсат етілген жолмен ақша табу үшін де еңбек етуі керек. Біз үшін жұмыс та пайдалы болуы тиіс, ұсынатын өнім немесе тауар да пайдалы болуы керек. Тек өзіне ғана емес, адамдарға, қоғамға пайда әкелуі керек».
Ия, білім мен еңбек – барлығын жеңбек деген. Алдымызға келгеннің адам не алаяқ екенін анықтау үшін білім керек болса, берекелі өмір үшін еңбек те сондай маңызды. Хадисте: «Ешбір адам өз қол еңбегімен тапқан тағамынан тәуір тамақ жемеген. Расында, Алланың пайғамбары Дәуіт (а.с.) те қол еңбегімен тамақ тауып жеген», – дейді. Тез байып кетуді көксегендер көбейген қоғамда олардың ойларын алдын ала зерттеп, қақпанына түсірудің сан айласын ойлап табатындардың да қатар жүретінін ұмытпайық.
Авторы: Айша Кеңесбаева
Пікір қалдыру