«Жаңа Адамдар» мини-тоқаевшылар, кіші-тоқаевтар ұрпағын қалыптастырып жатыр».
Бүгін Алматы қаласында зорлық-зомбылыққа қарсы митинг өтті. Ұйымдастырушысы Тоқаевтің батасын алған «Жаңа адамдар». Бұл қозғалысты «Хайуандар әлемінде» немесе «ЖОҚ» деп айту құқығы бар адамдардың маршы деп атаған.
«Жаңа Адамдар» соңғы уақытта болған зорлық-зомбылыққа қатысты барлық жағдайларды санамалап айтып өтті. Танымал не қарапайым азаматтың басындағы ауыр жағдай, ұстаздар мен тәрбиешілердің тарапынан балабақша, мектеп қабырғасындағы ұрып-соғу, зорлау фактісі де айтылмай қалмады. Ортақ шығарған түйіні зорлық-зомбылықтың жынысы, лауазымы, жас ерекшелігі жоқ. Бұған әкелетін басты фактор – «жоқ» сөзін ести алмау.
Митингіге марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді де келіп қатысты. Сөз кезегінде бұндай ауыр азапты ешкімнің басына тілемейтінін,
- Соңғы екі аптада өміріміз түбегейлі өзгерді. Бүгінгі зорлықшыл қоғамның сұмдығын ешқашан ұмытпаспын. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан бастап заң органдарының бей-жай қарауы, жәбірленушілердің қорғансыздығы бүгінгі қоғамның бет-бейнесін көрсетеді. Осындай қоғамды кім жасап шығарды? Бұндай заңдарды кім жазды? Осыны жазған адамдар үмітімізді ақтай алмағанына көз жетті. Жаңа заң, жаңа жүйе керек! Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатаңдату керек, – дей келе уақытылы заңға жүгіну, жәбірленушіге қол үшін беру маңызды екенін жеткізді. – Бұл бірінші қадам. Келесі кезекте қоғам болып тоқтау салуымыз қажет. Біз отбасымызбен бұл жолды саналы түрде таңдамаған едік. Бірақ қазір әулетімізбен түгел осы іске атсалысып жатырмыз. Заң сенімімізді ақтамады, ең болмағанда бір-бірімізге жанашыр болайық.
Қозғалыстың белсенділері: «Біз әлі де «хайуандар әлемінің заңдары» бойынша өмір сүреміз. Біз бір-бірімізді ұруды қашан доғарамыз? Жануарлар әлемінің заңдары бойынша әрі қарай өмір сүре береміз бе?» деп жиналғандарға үндеу тастады.
Жиналғандардың басым көпшілігі сол ұйым адамдары, журналистер мен блогерлер. Сырттан келген адам қарасы аз. Халықтың аз болуы қозғалыстың атауына байланысты. Шақырту салынып, әлеуметтік желіде жарнама тақтасы ілінгеннен сәттен-ақ наразы комментарийлер көп жазылды. Зорлық атаулы жануарлар әлемінде жоқ. Осыған сүйенген көпшілік жер бетіндегі зұлымдықтар хайуанның емес адамдардың кесірінен болып жатқанын, жануарларды бұлай қорламауын сұрап, марш атауын өзгертуді талап етті. Солардың бірі журналист, қоғам белсендісі Камила Енсегенова. Qamshy.kz хабарласып, белсендіден ұйым мен қозғалысқа қатысты пікір сұрады.
- Менде бұл ұйымға екі сұрағым бар: бірінші, неге тақырыбын хайуандар әлемі деп қойды? Біздің елде кей еркектер итті зорлап жатады, мысықтарды қорлап өлтіреді. Байқұс жануарлардың не қатысы бар? Еркектер деп айтуға дәті жетпейді, өйткені «Даю приказ стрелять на поражение» деп бұйырған сүйікті президенті Тоқаев та еркек қой. Сол үшін тілсіз жануарға жаба салды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, кісі өлтіру сияқты ауыр қылмыстарды көбіне еркектер жасайды. Неге: «Еркектер, әйелдерді зорламаңдар, ұрмаңдар!» деп ашық айтпайды? Екінші мәселе, «Жаңа адамдар» ақшаны қайдан алады? Астанадан 500 адам топырлап келді. Бәрінің үстінде арнайы тігілген күртеше, шарф. Бұл ақшаны оларға кім және не үшін береді? Мемлекеттің не халықтың алдында қандай да бір есеп бере ала ма? «Ескі Қазақстандағы» шенеуліктер халыққа ақшаның қайда кеткені туралы есеп бермейтін, бұлар да дәл осыны қайталап тұр, – деп сауал тастады.
Әйгерім Құсайынқызы, гендерлік экономиканы зерттеуші заңгер:
- «Феминита» ұйымы бұл митингіге бірнеше шақырту алды. Бірақ «Жануарлар әлеміне жоқ деп айт» ұранын жазылған сөзді оқығаннан-ақ шошындық. Жануарлар тақырыбын салыстыруға қарсымыз. Жабайы және үй жануарларын жаппай өлтіру орын алып жатқанда, оларды зорлықшылдар, абьюзерлермен салыстыру қате. Ал жалпы бұл бұқалар жекпе-жегіне қарсы науқанға ұқсайды. Айта кетейік, басында «ЖА»-дың бейбін жиын өткізуге рұқсаты болмаған, бірақхалықты шақыру науқаны Алматы қаласының әкімдігінен рұқсат алмас бұрын басталды. Егер осылай 2017-2022 жылдары жиын өткізетін Алматы не Астана ұйымдастыру комитеті жасаса, бұл әкімшілік жауапкершілікке тартылумен аяқталатын еді. Селективтілік, бір белсендіні екіншінің пайдасы үшін кемсіту – қауіпті дабыл! Агрессивті коммуникация, вижуал және жастарды жедел жинауына қарасақ, бұл Тоқаевқа жақын шенеуліктердің басшылығымен істеліп отырған кезекті мемлекеттік жоба болып көрінеді. «ЖА» мини-тоқаевшылар, кіші-тоқаевтар ұрпағын қалыптастырып жатқаны түсінікті.
Шалқар Нұрсейіт, саясаткер:
- Тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстанда барлық әлеуметтік топқа ортақ өте өзекті мәселе. Азаматтарды, әсіресе ірі қала тұрғындарын мобилизациялауға, билікке саяси талаптар қоюға жұмылдыруға оңтайлы мәселе. Сондықтан авторитар режимнің осы мәселе бойынша күн тәртібін өз қолына алғысы келіп жатқаны бекер емес. Мәселен, президентшіл “Жаңа Адамдар” ұйымы 26 қарашада Алматыдағы “Сарыарқа” кинотеатры артында биліктің рұқсатымен митингі ұйымдастырмақшы. Басында 25 қарашада ҚБТУ алдындағы алаңда марш ұйымдастыруға қысқа уақытта оп-оңай рұқсат алған. Кейін Алматы әкімдігінің ұсынысымен бір күн кешігіп, қаланың шет жағында митингі өткізуге келісті. Министрлерге Қ.Тоқаевтың қанатты сөздері жазылған күнделік сыйлаған жастарға қарап, олар Жаңа Қазақстан емес, Жаңа Түрікменстан құрғысы келетіндей әсер қалады.
Бұл митингіні ұйымдастыру арқылы “Жаңа Адамдар” көпшіліктің көз алдында саяси ұпай жинап, потенциалы жоғары ұйым ретінде көрінгісі келеді. Ал Ақорда азаматтық қоғам өкілдерімен диалогтің имитациясын жалғастыру үшін осындай іс-шаралар арқылы гонго ұйымдарды көбейткісі келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін саяси шешімсіз шешу мүмкін емес. Бірақ ол шешім “Жаңа Адамдар” секілді ұйымдардың митингісі сияқты жасанды әрі уақытша болмауы тиіс.
Пікір қалдыру