Әлеуметтік желіде тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегінің психологиялық орталыққа күштеп жатқызылғаны туралы ақпарат тараған еді. Qamshy.kz ақпарат агенттігі аталған ақпаратты нақтылау үшін Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасына хабарласты. Басқарманың баспасөз хатшысы бұл ақпаратты растап отыр.
"Ақпаратты растаймыз. Науқас Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығына 24 қаңтар күні сағат 16.30-да түскен. Өзге мәліметтер “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстінің 273-бабының негізінде жария етілмейді. Бұл – дәрігерлік құпия. Қазір себебін айтатын болсақ ол кісі бізді сотқа беруі мүмкін", деді басқарма өкілі.
Руза Бейсенбайтегінің ауруханаға түскені туралы ақпаратты Абзал Достияр хабарлаған еді.
"Шұғыл! Тіл жанашыры, күрескер анамыз ауруханаға түсті! Бүгін түстен кейін Руза апай хабарласып: "Абзал балам, мен сотқа кетіп бара жатырмын, бір дәмхананың иесі тіл мәселесіне байланысты сотқа беріпті, келген соң хабарласамын. Қазір ғана белгілі болғандай Руза Бейсенбайтегін жедел-жәрдем көлігімен алып кетіпті, алып кеткенге дейін ол кісіні полиция қызметкерлері қоршап тұрған екен. Сол сәттегі тікелей эфир сақталмапты, апайдың өзіне қоңырау шалсам, телефонын көтермей тұр", деп жазды белсенді өзінің фейсбук парақшасына.
Руза Бейсенбайтегі Керекудегі тіл жанашыры ретінде танымал. Ол облыстағы бірнеше жылдан бері мемлекеттік тілді менсінбейтіндермен күресіп келеді.
Пікір қалдыру