Журналистикаға енді келген кезім. Бір күні Алматыда мықты көріпкел адам бар деп естідім. Ол кісі туралы айтқандардың сөзіне құлақ түрсең, құдды ертегі тыңдағандай боласың. Көзіңмен көргенге ештеңе жетпейді емес пе? Өз басым мұндайға сенбейтінмін, көрейін, оның үстіне жазарға ілік болсын дедім. Содан таңертең белгілі мекен-жайға салып-ұрып жетіп бардым. Есік алдында кісі қарасы көп екен.
Бір уақытта адамдарды қабылдайтын залдың есігі ашылып, лап қойған жұрт жерге малдас құрып, жағалай айнала отыра қалды (тәртіп солай секілді). Мен де бір ыңғайлы орынға жайғаса кеттім. Көп ұзамай емші ағамыз да келіп, топқа қосылды. Қолындағы таспиығын тарта отырып, айналасына көз сүзген ол кезек-кезекпен әр адамның басындағы жағдайды тізбектей бастады. «Әй қыз, сенің басында «Соверендер» ұшып жүр ғой» деді ет жеңділеу бойжеткенге қарап, қалжыңдаған кейіп танытып. Ол басын төменшіктетіп, қызырақтап қалды. Соған қарағанда шынымен де шылымқор біреу секілді. Негізінен, көбісі ауруына дауа іздеген жандар.
Бір жігітті орнынан тұрғызды, сүре-дұға оқи бастады. Қолын сермеп еді, бишікті көкке көтеріп айналдырғанда шығатын суыл дыбыс пайда болды. Ана жігіт өздігімен артымен жүріп, төрде үстелде тұрған Құран кітаптың үстіне шалқасынан барып жатты. Керілген сол доғал (мостик) күйі біраз тұрды. Араққа салынып кеткен екен. «Ішесің бе енді» деп жатты. Мен сонда да сенбеймін, "мына топқа арналған шоу" деп қоямын іштей. Соны сезгендей көріпкел: «Араларында қалам ұстайтын біреуің бар екен ғой, сен бе» деді менің бетіме үңіле. Селк еттім. Өйткені мұнда баратынымды ешкім білмеген, тіпті осы араға келгенде де өзімнің кім екенімді өзгеге айтпағанмын.
Сасқанымнан: «Мен таза сұқбат алу үшін келіп едім» дедім. Бірақ ол менің күмән-күдігімді сезіп тұрғандай басымдағы жағдайларды бастырмалата айта бастады. Дөп түсіп жатыр. Ақыры өзім тоқтаттым: «Жоқ, мен туралы айтудың керегі емес, айттым ғой жаңа, Сіз туралы білу үшін келдім мұнда» деп. Сұқбат алынды. Кетерде ол кісі маған ескерту жасады: «Екінші мәрте мұндай жерге барма. Адамдардың аласы секілді қасиетті кісілердің де неше түрлі мінезі болады. Тағдыр жазуың тамаша екен. Соны қызғанып, біреуі бүлдіріп тастауы мүмкін» деді.
Осы жайт ұмтыла бастаған. Арасында күйеуге шықтым. Бір күні балам ауырып, қазақы ем алуға бардық. Бірақ басқа, әйел адамға. «Көз тиген, жеті күн сүре оқимын, тазалаймын балаңды» деді. «Осындайға сенбеуші едім» деп қалдым мен жайыма отырмай. Содан қайтарда жолда көлігіміз апатқа ұшырай жаздады, оған қоса басым солқылдап қоя берді. Үйге келген соң дәрі ішіп едім, оған да басылмады. Содан жаңағы емші әйелге хабарластым. Сөйтсем: «Мен ғой оны істеген. Дұғаға сенбеймін деп едің ғой. Өз басынан көрсін дедім, дұға салдым саған», дейді. «Ойбай, құрысын, алып тастаңыз» деп шырылдап қоя бердім. «Салдым да алдым, қорықпа» деп басу айтып жатыр ол да телефонның арғы жағынан. Содан бастап мұндайларға жолауды қойдым. Ал бұл жазбаны мен секілді аталған жағдайға үстірт қарайтындарға сабақ болсын деп түсірдім. Айтқандай, жеті күннен кейін балама жара шықты, көздің жарасы...
Пікір қалдыру