Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының әкімдігі 26 наурызда қар тазалатуға байланысты келісімшарт жасасты. Аудан әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қыс бітер шақта аудандық маңызы бар жолдардың қарын күретуге 20 млн теңге бөліп отыр. Әкімдік бұл қаржыны «Рассвет» деп аталатын жеке кәсіпкерге «тікелей бір көзден» берген. Бір қызығы – аудан әкімдігі үш ай бұрын да дәл осы кәсіпкерге 69 млн теңгенің тендерін беріп, қар тазалауға байланысты келісімшарт жасасқан. Оған сәйкес, жеке кәсіпкер 2024 жылдың желтоқсанына дейін аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазартып отыруға міндетті. Тайынша ауданының әкімдігі қар күреуге неге қайта-қайта қаржы бөліп жатыр? Қамшы тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрді.
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ
Тайынша ауданының әкімдігі 26 наурыз күнгі келісімшартты «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы жасасқан. Бұл – тапсырыс беруші орындаушыны анықтарда ашық конкурс өткізбей, мердігермен тікелей келісімге келетін тендер тәсілінің бір түрі.
Кез келген мемлекеттік сатып алуды мұндай тәсіл арқылы өткізуге рұқсат жоқ. Мемлекеттік сатып алу туралы заңға сәйкес, келісімшартты тікелей бір көзден жасауға 50-ден аса норма бар. Тапсырыс беруші келісімшартты солардың бірі арқылы негіздеуге міндетті.
Тайынша ауданының әкімдігі «Рассвет» ЖК-мен жасасқан келісімшартын Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 39-бабы, 3 тармағының, 4-тармақшасы арқылы негіздеген. Аталған заң нормасы төтенше жағдай болып, соның салдарын жоюға тура келген кезде немесе апатты жағдайдың алдын алуға мәжбүр болған кездерде ғана қолданылады.
Бұл тәсілді қолданатындай Тайынша ауданын көктем шыққанда кенеттен қар басап қалды ма? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін әкімдікке хабарластық. Аудан әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дмитрий Руденко былай жауап берді:
– Ауданды қар басып қалды. Қазір 15 техника жұмыс істеп жатыр . Тендер жариялап, күтіп отыратын уақыт болған жоқ. Сондықтан сатып алуды тікелей бір көзден өткіздік, – деді.
Келісімшарт 26 наурыз күні жасалып отыр. Ал Қазақстандағы ауа райы жөнінде ақпарат тарататын сайттардың мәліметінше, кейінгі күндері Тайынша ауданына қалың қар жаумаған. Мысалы, 27 наурызда 5 градус жылы болды деп тұр.
ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ 70 МЛН ЖЕТПЕДІ МЕ?
Мемлекеттік сатап алу порталының дерегінше, Тайынша ауданының әкімдігі үш ай бұрын, 2023 жылдың 12 желтоқсанында аудан жолдарын қардан тазартуға деп 69 млн теңгеге жуық қаржы бөлген. Ол кезде де тендер «Рассвет» жеке кәсіпкеріне берілген. Әкімдік ол кезде де «төтенше жағдай» деген желеумен келісімшартты «тікелей бір көзден» жасаған.
Үш ай бұрынғы келісімге сәйкес, «Рассвет» ЖК Тайынша ауданындағы жолдарды 2024 жылдың желтоқсанына дейін қардан тазартып отыруға міндетті болған. Порталда ол келісімшарттың әлі де күшінде екені, соған сай мердігерге 20 наурызда келімшартта көрсетілген 69 млн теңгенің түгел төленіп біткенін көрініп тұр.
2023 жылдың желтоқсан, 2024 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, қараша, желтоқсан айларына деп бөлінген 69 млн қалайша төрт айға жетпей таусылды? Аудан әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дмитрий Руденконың айтуынша, биыл қар жылдағыдан қарағанда әлдеқайда қалың түскен. Ол сондықтан үш ай бұрынғы қаржы жетпей қалды деп отыр.
Руденкодан әкімдік не себепті желтоқсанда да тендерді конкурссыз өткізді деп сұрадық.
Ол «мәслихат қар күреуге бөлінетін қаржыны кеш мақұлдады. Мақұлданған кезде қар түсіп кетті. Сондықтан тендерді конкурс жарияламастан бір көзден бердік» дейді.
Негізі қар күреуге бөлінетін қаржы жылдық жоспарға алдын ала енгізіледі. Тайынша ауданының шенеуніктері қар бюджетін неге кеш бекітті? Осы сұраққа жауап алу үшін ауданы әкімі Берік Әлжановқа хабарласқанбыз. Аудан басшысы «анықтап алып, жауап бермін» дегенімен кейін телефонға жауап бермей қойды.
Желтоқсандағы 69 млн мен 26 наурыздағы 20 млн теңгені қосқанда Тайынша ауданының әкімдігі бір маусымға қар күреуге 90 млн теңге жұмсап отыр. Бұл аз ба, көп пе? Салыстырып көрейік.
Тайыншада аудандық маңызы бар автомобиль жолы 632 шықырым. Аудан әкімдігі жылда осы жолды қардан тазалауға қаржы бөледі. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке қарағанда, аудан әкімдігі былтыр да, 2022 жылы да қар күреуге 20 млн теңге көлемінде қаржы жұмсаған. Ал биыл не себепті қар тазлауға жылдағыдан 4 есе көп қаржы жұмсағаны күмәнді.
Пікір қалдыру