Су тасқыны: Табиғи апат па, әлде жауапсыздық па?

/image/2024/04/01/crop-2_2_712x949_306c3a0542cd6b131fc84709417dd443_original.129200.jpg

Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан бөлек, Алматының Қайнар және Текес ауылы, Райымбек ауданы, IV жол бөлігінде су тасқыны орын алды. Бір ғана өңір емес, бірнеше өңірде төтенше жағдайдың орын алуы бұл табиғи апат па, әлде су тасқыны жауапсыздықтың кесірінен орын алып отыр ма?

Бұл жайтқа қатысты депутаттар көбіне жауапсыздықтың салдары деген ойларын айтады.

Осы орайда депутат Мақсат Толықбай су тасқынының алдын алуға қатысты Роман Склярдан бастап, үкіметтегілерді ауыстыру керектігі жөнінде бастама көтеретінін айтты.

- Аймақтарды аралап, Ақтөбенің ортасына жеттік. Шынын айту керек, әкімдіктердің дайындығы өте нашар. Тіпті кейбір аудан әкімдерінің резервінде қайық түгілі, суға киетін резеңке етік жоқ. Әкімдік пен үкіметтің арасындағы байланыс жоқтың қасы. Оған кім жауапты? Оған премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауапты. Неге кеше ол Ақтөбеге келіп, судың астында қалған Ойылға неге бармады? Бұның алдында алапат өрт болды. оған да Роман Скляр кінәлі. Ол тек сөгіс алумен құтылды. Жылу электр стансалары жарылғанда да, халық қақаған суықта қалды. Президент бүгін сөгіс жариялап жатыр. Бірақ Роман Склярдан бастап үкімет мүшелеріне шара қолданып, ауыстыратын кез келді деп ойлаймын, – дейді.

Ал «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов көптеген облыста су тасқынының алдын алуға байланысты қомақты қаржы бөлінуі бөлінгенімен, нәтижесі жемқорлықпен байланысты екенін айтады.

- Коррупция тыйылмаса, су басу тоқтамайды. Мысалы, былтыр қардан тазалау және тасқынға қарсы шараларға 7 млрд теңге бөлінген. Қостанай облысында 387 650 277 теңге. Батыс Қазақстан облысында 329 090 767 тг, Ақтөбе облысында 210 795 219 теңге бөлінген, – дейді.

Қазіргі уақытта су тасқынына байланысты үкіметте шұғыл кеңес қорытындысы өткізіліп, тағы да шешім тек сөгіс алумен аяқталды.

Яғни, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Ақмола облысының әкімі Абай Нұрлан Ұранхаевқа қатаң сөгіс берілсе, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтардың жұмыстары қызметтік талапқа толық сай еместігі туралы ескертулер алды.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар