Түркістанда қаңлы дәуіріне тиесілі Хань империясының айнасы табылды

/image/2024/05/24/crop-1_28_449x597_664ee999e9510.jpg
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-нің археология орталығы Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Қарааспан ауылдық округінің Төлебайтөбе қорымындағы 3 обаға қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, зерттеушілер Қаңлы дәуіріне тиесілі Хань әулетінің айнасын тапты. Әйел адамның қабірінен табылған қола айна жоғары дәрежеде бағаланып, оны ауқатты, бай-қуатты адамдар ғана қолдана алған. Тарихи жәдігерге қарап қайтыс болған адамның жоғары дәрежелі қызметте болғанын білуге болады. Айнаның пішіні дөңгелек, ортасында жіп өткізуге арналған тесігі бар, ал беткі жағы 8 аркалы келген. Бұған дейін ұқсас айналар Кушан империясының орталығы Ауғанстан аумағындағы Тилля тепе қалашығынан және оңтүстік Оралдағы сармат патшаларының жерлеу орындарынан кездескен. Сондай-ақ, көшпелі сюнну (хунну) азиялық империя шаньюларының қабірлерінен де табылады.
Үш бірдей обаға зерттеу жүргізген ғалымдар 1,2 обалар көне заманда тоналғанын айтады. Ал, үшінші обадан біздің заманымызға өте құнды жәдігерлер қалған. Атап айтқанда, құмыра, Хань кезеңіне тиесілі қола айна, Рим кезеңінде қолданыста болып, түйреуіш рөлін атқарған фибула, сырға, сонымен қоса майда бисер мен қолға тағуға арналған ірі моншақтар табылды. Аяқ киім мен белдіктің тоғасы, құс аулау үшін арнайы жасалынған жебе ұшы да бар. Алтынмен қапталып, көгілдір ақық және асылтас рубинмен әшекейленген полихром стилінде жасалған сырғаның пішіні ай тәрізді. Б.з. д. 1 ғ.-б. з. 1 ғ. сармат-қаңлы әлеміне тиесілі әшекейдің астыңғы жиегі жүзімнің дәні сияқты жасалған, сегіз қыры күн шуағы іспеттес.
Табылған жәдігерлерге қарап Қаңлы мемлекеті мықты және қуатты империялармен байланыста болғандығын білуге болады. Ұлы Жібек жолының орталығында орналасқан Батыс пен Шығысты жалғастырған сауда-саттықты дамытып, үлкен қалаларды гүлдендірген Қаңлы мемлекетімен кейінгі Рим, Византия, Кушан, аспан асты елі Қытай тең дәрежеде дипломатиялық қарым-қатынаста болған. Қаңлы мемлекетінің құрамына азиялық сармат, сюнну(хунну), қаңлы мен кейінгі сақтар кірген. Ал жерлеу орнының уақыты б. з. д. II ғ. мен б. з. IV ғ. қамтиды. Археологиялық экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Подушкин аталмыш жауһарлар тарихи құндылығына қарай Ұлттық музейге тапсырылатынын айтады. Зерттеу жұмысына Ордабасы ұлттық тарихи - мәдени қорығының ғылыми қызметкерлері де қатысты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар