Келісімге сәйкес, ресейлік тарап бұл жұмысты жүргізуге жеңілдікпен қарыз беру мүмкіндігін қарастырады. Жобаны іске асыру бойынша Қазақстан тарапынан «Самұрық-Энерго» және Ресей тарапынан «ИНТЕР РАО — Экспорт» жауапты болып белгіленген.
Тараптар ЖЭО құрылысының барлық процесін үш кезеңге бөлді.
Бірінші кезең - ЖЭО-ны кейіннен көмірден табиғи газға ауыстыру мүмкіндігін ескеріп, үш жобаның әрқайсы бойынша қажетті сараптамалар жүргізіп, жобалау құжаттамасын әзірлеуді қамтиды. Бұл кезең «Самұрық-Энерго» есебінен жүзеге асады.
Екінші және үшінші кезеңдерде қажетті жабдықтарды жеткізу, генерациялайтын жабдықтар мен газ тазарту жүйелерін салу-монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар қазақстандық тарап Ресей экспорттық ұйымнан «Самұрық-Энерго» кепілдігімен және тапсырыс беруші құқықтарының кепілімен ЖЭО салуға несие ала алады.
«Ресей тарапы Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес, экспортты мемлекеттік қолдау тетіктерінің талаптарын сақтай отырып, ресейлік қаржыландыру ұйымдары ұсынатын несиелер бойынша ресейлік өндірістің жоғары технологиялық өнімдерін, келісімшарттар бойынша жұмыстар мен қызметтерді жеткізуді қаржыландыру мақсатында жеңілдетілген (субсидияланған) пайыздық мөлшерлемелерді ұсыну мүмкіндігін қарастырады», — деп жазылған келісімде.
Энергетика министрлігі ЖЭО салу жұмыстары ратификациялау рәсімі аяқталғаннан кейін ғана басталатынын атап өтті.
Пікір қалдыру