Қазақстан өзге Орта Азия елдері секілді өз егемендігін алғаннан кейін дәстүрлі мәдениетімен қауыша бастады, діни жоралғыларды толыққанды ашық түрде орындай бастады. Азаматтардың құлшылығына шек қойылса да ішкі рухани жадынан дін феноменін ала қоймады. Алайда атеистік кезең азаматтардың діни білімінің төмендеуіне алып келді. Діни қағидаларды жүзеге асыру көбіне ауылды аймақтарда басым болды. Қалалық тұрғындар көбіне ассимиляция бой алдырып өзгеріске ұшырады.
Ислам дінінің ақиқатымен біте қайнасқан қазақи салт-дәстүр мен менталитетіміз ұлт жадында сақталып жүрді. Өйткені қазақ тарихына үңіліп қарайтын болсақ, даналық пен ізгілікті, ерлік пен елдікті көре аламыз. Мәдениет пен қазақ қоғамы немесе қазақ мәдениеті мен ислам секілді терминдер бір-бірімен егіз болып келетін ұғымдардың қатарында болып есептеледі. Өйткені ислам діні бізге тәуелсіздік жылдары емес VII ғасырдан бастап келе бастаған. Сондықтан да арадан қаншама ғасырлар өтуінің нәтижесінде ислам біздің идентификациямызға, яғни кімдігімізге еніп, салт-дәстүріміздің, тұрмыс-тіршілігіміздің бір бөлшегі жағдайына келді.
Қазақ халқының ақын-жазушылары, жырауларының халықтың мұң мен зарына арнап жазған әрбір өлең шумақтарында Құран аяттары мен хадис мәтіндерін міндетті түрде қосып отырғандықтан, айтылған әрбір мақал-мәтелдерімізде діни элементтердің кездесуі табиғи заңдылық. Шәкәрімнің «Айқап» журналына жариялаған бес сауалын да мысал ретінде келтірсек болады:
Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не?
Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?
Адамға өлген соң мейлі не жөнмен болсын рахат-бейнет (сауап-азап) бар ма?
Ең жақсы адам не қылған кісі?
Көріп отырғанымыз секілді тек Шәкәрім ғана емес, сонымен қатар өзге де айдын-ғұлама, ағартушылар да өлең жолдарына діни элементтерді қосқан. Қазақи мәдениеттің исламмен матасқанын осыдан да көруге болады.
Ұлттық әдеп-ғұрыптар, салт-дәстүр қазақ баласының өмір ақиқатын табуға жетелейтін белгілі бір заңдылықтар деп айтсақ қателеспейміз. Өйткені бұл заңдылықтар адамның ұятты, мейірімді, дана болып жетілуіне өз септігін тигізеді. Қазақ халқында «қалпыңнан айрылсаң да, салтыңнан айрылма» деген сөз бар. Осы сөздің өзі салттың дін екендігі, дәлірек айтсақ, ислам болғанын меңзейді.
Дәл қазіргі құбылмалы, жаһандану кезеңіндегі заманда ұрпақтың қалпын сақтау, елдің дәстүрін жалғастыру азаматтарымыздың ең басты мәселесі. Бүгінгі таңдағы терроризмге жұтылу, кез келген деструктивті ағымның жетегінде кетудің ең басты және жалғыз себебі өз мәдениетінен алшақтап, өзге мәдениеттің элементтерін бойына сіңіру. Сондықтан да отбасы тәрбиесіне көңіл бөлгенде мәдени мұраларды түсіндірумен жүзеге асырылуы тиіс. Сол кезде ғана ұрпағымыз өз мәдениетінің жанашыры болады.
Кенжебай Ермаханов
«Ақсай» мешітінің нәиб имамы
Пікір қалдыру