Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұйрығына сәйкес, енді 24 наурыздан бастап ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын тіркеу ережелері жаңартылады. Енді IMEI коды жоқ немесе GSMA халықаралық қара тізіміне енгізілген құрылғылар бұғатталады.
Министрлік елдегі ұялы телефондар үш деңгейде: ақ, сұр, қара тізім қолданылатынын жеткізді. Ақ тізімге тексеруден сәтті өткен және дерекқорға енгізілген құрылғылар кіреді. Ал сұр тізімде қосымша тексеруді қажет ететін, бірақ желіде 30 күнге дейін уақытша жұмыс істеуге рұқсаты бар құрылғылар болады. Қара тізімге қате немесе өзгертілген сәйкестендіру коды бар, зауыттық IMEI коды жоқ немесе GSMA халықаралық қара тізіміне енгізілген құрылғылар жатады.
Енді ұялы байланыс операторлары абоненттік құрылғының сәйкестендіру коды мен абоненттік нөмірдің иесінің тіркелген деректерімен сәйкестігін тексереді. Сонымен қатар оны Қазақстан Республикасының ұялы байланыс желілерінде пайдаланудың заңдылығын растайтын дерекқорларда ақпараттың болуын қарайды.
Оператор иелеріне олардың құрылғыларының мәртебесі туралы хабарлауға міндетті. Мәселен, сұр тізімге енсе смартфонды пайдаланудың заңдылығын растау қажеттігі туралы иесіне ескерту керек. Ал егер иесі верификацияны белгіленген мерзімде өтпесе, құрылғы автоматты түрде қара тізімге көшіріледі және мобильді желіге кіру бұғатталады.
"Сәйкестендіру кодтары дерекқорының операторы тексеруді аяқтаған соң, теріс нәтиже болған жағдайда 3 жұмыс сағаты ішінде құрылғы туралы мәліметтерді қара тізімге көшіреді. Кейін ұялы байланыс операторларына тиісті хабарлама жібереді. Ал ұялы байланыс операторы құрылғы иесіне тыйым салу негіздерін көрсете отырып, байланыс қызметтерін ұсынуға тыйым салынғаны туралы хабарлайды", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар жөндеуден өткен құрылғылардың тіркелуін бақылау қосымша күшейтілді. Уәкілетті қызмет көрсету орталықтарында IMEI-ді ауыстыру кезінде деректер GSMA халықаралық базасы (ғаламдық ұялы байланыс жүйесі қауымдастығының дерекқоры) арқылы расталуға тиіс.
Бұйрық ресми жарияланған соң 60 күннен кейін күшіне енеді.
Пікір қалдыру