Құрметті Президент! Мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сізге ақыл айтайын деген ойым жоқ. Елдің тыныштығы Сіз үшін қандай қымбат болса, әрбір есті қазақ үшін де бар ғұмырынан бағалы! «Қазақстан халқы ассамблеясында» сөйлеген сөзіңіз дипломатиялық болмысыңызға барынша сай етіп жазылған салмақты жолдау болды. Дегенмен «бір-бірін мәжбүрлемеу» мағынасында айтылған сөзіңіз жұрт арасында әртүрлі әңгіменің себепшісі болып отыр.
Кез келген дұрыс ниетті қадам ˗ тура түсінгенге тұнық, бұра түсінгенге былық болып шыға келуі әп-сәтте. Сіздің «мәжбүрлемеу» сөзіңіз қазақтың өз елінде Мемлекеттік тілді талап етуін «арандату» деп бағалайтындарға, Мемлекетті, оның тілін, халқын сыйлағысы келмейтін безбүйректерге таптырмас олжа болды! «Енді қай тілде сөйлесем, өзім білем» дейтін өркөкіректердің ішінде қызыл өрттей лаулап жатыр. Бұл күні ертең-ақ кез келген ортада лап ете түсер лаңға айналып кетуі әбден мүмкін.
Мен Қытайдан келген қазақпын. «Орыс тілі әлі басымдықта» дегенді ескеріп, Атажұртқа келерден бұрын-ақ орыс тілінен сауат ашып келдім. Бірақ Алматыға келген соң өз құқығын қорғаған қазақтілділердің қатарын көбейткім келді. Мемлекет құрушы ұлттың бұл қадамы жеміссіз болған жоқ. Қазіргі Алматы мен бұрынғы «Алма-Атаның» арасы жер мен көктей! Барлық жерде қазақ тілінде сөйледім. Улатып, шулатып айғайға басқан жоқпын. Жай ғана мәдениетті түрде талап еттім. Ел мен жерді сыйлаған орыстілділер дұрыс түсінді. Бір-екі ауыз қазақшасымен жауаптасты немесе тіл білетін қызметкерді шақырды. Ал керісінше, міз бақпай, мені жау санап, мінез көрсеткендерді, ашуға басқандарды да көрдім. Ендігі жерде «Маған мемлекеттік тілде жауап беріңіз» деген мәдениетті талабым «мәжбүрлеуге» айналып шыға келгелі тұр. Журналист ретінде мінберде тұрған құзырлы орган өкіліне «қазақ тілінде сөйлеңіз» десем «арандатушы» болғалы тұрмын.
Тілді желеу етіп, елді тілім-тілім қылып, қырықпышақ қырғынға ұластырғысы келетіндер бар екенін жоққа шығармаймын. Мәселе соның білтесі қайда жатыр? Орыс тілін білмейтін бір қазаққа жау көзбен қарап, тіпті адам санатына қосқысы келмейтін «жат ниеттер» жоқ емес. Сондай оқиға болғанда қаны қызбайтын қазақ жоқ. Онысы әділетті де. Ал осы мәселені алаулатып, жалаулатқанға жеткізбей-ақ шешетін бір мекеме бар ма бізде? Солардың бірі Ассамблея дейік. Мемлекеттік тілді талап еткен қазаққа билік басу айтады. Тіпті ашу шақырады, сатымсақ блогерлер саудаға жүреді... Ал «өз тілің өзіңе» деп отқа май құйған себепкерді кім түзейді? Ассамблеядан бір адам басу айтқанын көрдік пе соларға?
Жасыратыны жоқ. Дәурен Абаев айтқан «Үңгірдегі ұлтшылдыққа» да куә болдым. Бірақ оны дұрыс түсінуге тырыстым. Неге? Өйткені адам бойындағы барлық ашу-ыза тіл арқылы шығатыны айтпаса да түсінікті. Өз елінде жұмыссыз жүріп, қарыз басып, ата-бабасынан қалған қисапсыз байлық талан-таражыға түскенін көріп, аузын ашқанның абақтыға қамалып жатқанына налып, ауырса, ем ала алмай, көңілі жайланып демала алмай жүргенде тым құрыса, өз тілінде сөйлей алмаса, ол адам не істейді?! Ұлтының бар қайғысы тіліне жиналады. Бәрінен түңілсе де Қазақстан дегендегі қазақ атауына «малданады». Соны қорған көреді. Мемлекеттік тіл деп статус алған ана тілінен басалқы іздейді.
Шын мәнінде, басты арандатушы «Үңгірдегі ұлтшылдықта» емес «Үңгірдегі ұлтсыздықта» болып тұр. Мемлекеттік мекемелердің тілі орыс, қағазы орыс, мінезі орыс! Қазақтілділер орысша сөйлеуге міндетті. Ал жүз жыл Қазақстанда тұратын орыс немесе орыстілділер қазақ тілін пысқырмаса да болады. Мұндай «жазылмаған» заң басқа барлық заңнан артық орындалып жүр. «Әділетті», «Жаңа Қазақстан» 80 пайыз түлек ҰБТ-да қазақ тілін таңдағанын, халықтың 70 пайызы қазақ екенін шын сезінсе, мұндай шындыққа көз жұмбаса керек еді...
Ел тыныштығы - бәріміздің басты құндылығымыз. Оны бұзуға «тіл» себепші болуы әбден мүмкін. Әрине, орыс тілін білу артықшылық. Бірақ «Қазақ тілін», «Мемлекеттік тілді» білмеу кемшілік екенін ашық айтуға тиіспіз. Кеше өз тілінде сөйлеп келген Қандастар бүгін орыс тілін үйреніп, сөйлеп те жүр. Ал ата-бабасы жер аударылып келген, бірнеше ұрпағы Қазақтың нанын жеп жүрген өзге ұлт өкілдері, тіпті ана тілінен жұрдай өз қазағымыз Мемлекетқұрушы ұлттың тіліне сонша немқұрайлы, менсінбеушілікпен қарауы «арандатушылықтың» бастауы дер едім... Даяшы болып жүрген қарапайым қазақ жастары тілін бұрап, орысша сөйлеуге тырысады. Ал орыстілді сатушы клиентпен қазақша сөйлесуге арланады!!!
Құрметті, Президент!
Ұлан байтақ даланы мекендеп, мемлекеттілігін ұстаған есті қазақ ешқашан өзгенің тіліне, дініне, діліне қарсы емес! Миллиардтап қаржы бөліп, олардың өз құндылықтарын сақтауына жағдай жасап отырғанымыз да сондықтан шығар. Тек Ата-баба топырағын басып тұрып, өз тілінде сөйлеуге құқығы болмаса, өз тілінде қызмет алуға дәрменсіз болса, онда оның аяғы жақсылыққа апармасы анық! Сіздің “мәжбүрлемеу” сөзіңіздің өзін іліп алып, “арандатудың” құралына айналдырып жатқанын көріп отырмыз.
Мемлекеттік тілді талап ету «Мәжбүрлеу» емес екенін, өз тілінде қызмет алғысы келген қазақтың «Арандатушы» емес екенін кім түсіндіріп береді? Қалың қазақ соны күтіп отыр.
2019 жылы жазған хатыма «Хатта айтылған пікірлеріңіз жұмыс барысында ескеріледі» деп көңіл қуантарлық жауап беріп едіңіз. Бұл хатты да үлкен үмітпен, «Жұмыс барысыңызда ескерсеңіз екен» деген тілекпен тағы жазып отырмын.
Құрметпен, «Қамшы» ақпарат агенттігінің жеткшісі Біләл Қуаныш