Қадірменді Ерлан Тынымбайұлы!
2012 жылы «Қамшы» порталын ашқалы бері Бас беттен түсірмеген бағдаршамның бірі болдыңыз. Қазақ саясатына қатысты әр жазбаңызды кейде ниеттес бауырларыңыз жіберіп, кейде өзіміз жариялап, жылына жүздеген материалыңызды қалың оқырманға дер шағында жеткізіп отырдық. Алматыда, Астанада топпен де, жеке де кездесіп, пікір алмасып жүрдік. «Қазақстан» арнасына басшы болатыныңызды көмекшілеріңіздің өтінішімен Министрден бұрын жариялап, сынға қалдық... Ғажап әншіміз Бибігүл Қилымханқызының «Ұлы дала» әніне клип түсіріп, «Қазақстан» арнасынан жариялауға мұрындық болдыңыз. Әйтеуір қол сөмкеңізді көтеріп қасыңызда жүрмесек те, қол қусырып қарап отырмай, Алаш баласына пайдалы деген әр сөзіңізді насихаттау әдетімізге айналған.
Қазақ қызметіне қатты кірісіңіз, Алаш дегенде аянып қалмаңыз деп кейде өкпелеп, кейде еркелеп хат-хабар алыстық... Ұлтқа қызмет дейтін ұлы жолда Керуенбасы санадық. Мемлекеттік қызметте қазаққа бүйрегі бұратын екі адам болса, бірін Сіз деп бағаладық. Басқасы басқа «Қазақстан» ұлттық телеарнасында Алаш арыстарының «Тар заманын» көрсетіп, Кеңесшілік қызметте «Алаш мұрағатының» том-том құпия құжаттарын жарыққа шығаруыңыз - тарихта қалар ғибратты қарекет. Дарынынан гөрі қарыны алдыға шығып кеткен кей жүгермектердің кесірі болмаса әлі де ұлт қызметіндегі жұмыстарыңыздың ұраншысымыз.
Кешелі бері Президенттің ұйытқы болар деген сөзін іріткі ниетіне пайдаланғандар туралы дабыл қақтық. Оған дер шағында жауап беріп, бар қазаққа басу айттыңыз. Дұрыс. Дегенмен ұлт ағзасына қаптаған сыздауық пен шиқанның жарылар шағы жақындап тұрғанын жасырғымыз келмейді. Сәті түсіп, жеке кездесіп жатсақ айтармын деп жүрген біраз ойларым бар еді. Соны қазір айтуды жөн көріп отырмын.
Әлемдік геосаясат көзіқарақты жұртқа біраз дүниені аңғартты. Американы қорған, Орысты орман, Түркияны туыс, Қытайды жұмыс деп санаған қазақ үшін енді шынайы ойланатын кез келді. Бастысы ішкі бірлік, рухани тұтастық, өзара түсіністік қана елді құтқармақ. Ол үшін «Тіл жарасы», «Дін таласы», «Діл аласы» дейтін сыздауықтардың сырына үңіліп, сыртын емес ішін емдеуге ертерек кіріскеніміз жөн.
1. Тіл жарасы. Тарихты таразыласақ, қазіргі кезеңді пайымдасақ тұтас мемлекетті тұралатқан көп төңкерістің тұздығы тұрмыстық келіспеушіліктерден басталған. Соның бірі - тіл мәселесі. Бір өзеннен су ішіп, бір топырақтан нан жеген екі тұрғынның ешқандай бас араздығы болмаса да, бір-бірінің тілін түсінбей тіресіп қалуы жиі кездесетін жағдай. Ондайда Ата заңдағы Мемлекеттік тілдің араша болуы табиғи құбылыс. Жасыратыны жоқ он қазақтың тоғызы орыс тілін түсінетін, он орыстың біреуі қазақша түсінбейтін, анығы түсінгісі келмейтін біздің елде Мемлекеттік тілдің аты бар да, заты жоқ сияқты. Бұл статусты барын салып қорғауға тиіс Мемлекет қауқарсыз болғанда азаматтар өздері заңды түрде талап ете бастайды. Ал оларды «арандатушы» санап, мемлекетқұрушы ұлтты тұқыртумен жасалатын саясат жараның ауызын одан әрі тырнағандай әсер етері сөзсіз. Иә, «толеранттылық», «тұрақтылық», «тыныштық» бәрінен маңызды. Десек те 80 пайыз қазақтың тілін 20 пайыз өзге жұртқа жығып беру төзімділіктің көбесін жыртады. Көп болып қорқытамын демесе де, терең болып батырып жібеуге қарекет жасалуы әбден мүмкін. Тілдік кемсітушілік бір күнде он рет алдынан шығып жүрген әр қазақ көңілі жадау, көкірегі құса күй кешіп жүр.
2. Дін таласы. Өзге дінді қоя тұралық. «Әлмисақтан мұсылманбыз» дейтін қалың қазақ бұл күнде сиырдың бүйрегіндей сиқы кетіп тұр. Кей ағаларымнан кешірім сұрап, бір ғана мәселенің шетін шығарғам. Мұхаметжан Тазабек, Санжар Керімбай, Қайрат Жолдыбай, Ахметбек Нұрсила, Тоқтар абыз, т.б азаматтарды бір столға отырғызып, қазақтың діни сенімі, рухани болашағы туралы ортақ әңгіме айтқызып көрсек... Бұл кісілердің артында аз болса да саналы, білімді, ақылды жас буын және мыңдаған азамат бар. Құдай сақтасын! Елдігімізге сынақ келсе «Қазақ» деп атқа қонар Алаш баласы алтыбақан болып, ақырып келген жаудан емес бітімі жоқ даудан шаңырағымыз ортаға түспесін!
3. Діл аласы. Түрі қазақ, діңі орыс Қала қазағы (орыстілді), орыс тілінен қағажу көрген дала қазағы (қазақтілді), болмысы бөлек қандастар, Ресейге арқа сүйеген, қазақты менсінбейтін орыстар, қай топқа қосыларын білмей жүрген өзге ұлттар, не қазақша, не орысша сөйлерін білмей жүрген келімсектер... Былай қарасаң тілі бөтен, діні бөлек, ділі шұбар өзіндік менталитеті жоқ мемлекет сияқтымыз. Бұл ұлттық идеологияның ойсырап тұрғанын аңғартады.
Әрине, Мемлекет тарапынан, қазақтың саналы талпынысынан ұлттық ұпайымыз түгенделіп келе жатыр. «Наурыз», «Ұлттық киім күні», «Ұлттық кітап күні»... Мұның бәрі науқанмен басталса да, нәтижесін көрсетіп, жалпыұлттық іс-шараға айналып келе жатқаны көңіл қуантады. Сондықтан «ойбай, міне құрығалы жатырмыз» деп байбалам салудан аулақпын. Өзіңіз жақсы білетін Ахмет Байтұрсынұлы «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп босқа ескертпесе керек. Мәселе елдегі тұрақтылық «қазақты тұқыртудан» тұрмайтынына шүбәсіз илануға тиіспіз.
Ресей ықпалы, Қытай қаупі дегенді ел де біліп отыр. Ақорданың кең кабинетінде олармен қандай әңгіме, нендей келісім болып жатқанын кейде аңғармай қалып, Мемлекет басшысының дипломатиялық қадамдарын дұрыс түсінбей жатсақ, тәпсірлеу Сіздерге парыз. Ал Президенттің Ассамблеядағы «мәжбүрлемеу» сөзін әлі күнге түсінбей әңкі-тәңкі болып отырған жұртқа нақты жауап керек. Басты сұрақ, Қазақстан Республикасының толыққанды азаматы Мемлекеттік тілді талап етсе, ол «мәжбүрлеу» болып санала ма, әлде әділетті, дұрыс талап па?
«Тіл жарасы», «Дін таласы», «Діл аласы» туралы тек зар илеп, запыран құсып отырған жоқпыз. Қал-қадерімізше қарекет жасап, идеологиялық тұрғыда барымызды салып келеміз. Жүз жылдың алдында ата-бабасы арып-ашып келген, бүгін тоңы жібіп, тойынып отырған өзге жұрттың баласына да қазақтың ойдан шығарған өш-қастығы жоқ. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» міндеттеген Абайдың елі тек сыйластықты күтеді, сыйламаса талап етеді, тұқыртса тулайды... Бастысы Алаштың ағзасын жайлаған рухани сыздауық пен шиқан жарылып, қансоқтасы шықпасын! Соған қам жасайық!
Құрметпен, «Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш