(Ақын, журналист, Шалқар ұлттық радиосының аға редакторы Бақыт Жағыпарұлының 50 жылдық мерейтойына арнаймын)
Көршім әрі досым Олжас солбір айлы түндегі таныстық сәтіне әлі күнге таңданады... Өйткені, сол жолғы таныстық Олжастың ойын түбегейлі өзгерткен еді...
Арқан бойы алыстан андыз-андыз тұрғызылған үйдің қабырғасы менмұндалағаны болмаса бұл алқаптан ауыл иісін сезу мүмкін емес. Айлы түнде тізеден келетін шалғынды шөпті жапырып үй тігіп жатырмыз. Салғалы жатқан үйге дейінгі киіз үй үлкен үміттің бастауы еді. Кенет «ассалаумағалайкүм» деп жылы амандасып орта бойлы жұқалтаң жігіт келді. Мән-жай сұрастық. Ол бізден ай бұрын ғана келіп жаңа тірлік бастап жатқан көрші екен.
– Қасымдағы ағам «Қазақ радиолары» ЖШС-ның Алматы бөлімінің жетекшісі, ақын, журналист Бақыт Жағыпарұлы, – дедім қолымды қалтамнан шығармай.
Ол сенер сенбесін білмей әрі-сәрі күйде маған бір, Бақыт ағама бір таңырқай қарап тұтығып қалды...
– Сонда, сіз...
– Мен саған көрші болғалы жатқан Жарқын деген жігітпін. Не болды, көрші болсам болмай ма?
– Жо, жо, жоқ, наборот, сіз жұмыс істеп, Бақыт аға қарап тұруы керек еді...
– А, ағасы бардың жағасы бар деген осы. Үйдің сыры иесіне мәлім, өз үйі болған соң жөн-жүйесін жақсы біліп істеп жатыр да...
Бұл көрініс Олжасқа таңсық болғанымен мен үшін үйреншікті жағдайға айналған. Бақыт аға барда кез-келген істің реті табыла кетеді. Текестен арқалап әкелген нағашымның 90 бас, алты қанат ақбоз үйін Бақыт ағамның Базаргелдідегі құтты шаңырағына жинап, сырлап, киіздерін суға тигзбей, құртқа жегізбей аман сақтауымыздың өзі үлкен еңбек қана емес ұлттық мұраға, амантақа деген ағаның шексіз адалдығының айғағы еді...
***
Мен үшін ең жақсы сөз: «ауылға кеттік». Өз балаларын жылағанына қарамай қалдырып мені ауылына ертіп алады. Бұл әділетсіздік ғой? Бірақ, маған керегеі осы. Шалкөденің шалғынына талай аунадым. Өйткені, мен де туған жерімді ерекше сағынып жете алмай жабығып жүрмін. Соны сезген ағам сағынышымды бассын деп ауылына ала кетеді. Бара сала көңілім жадырайды, көрінбесе де мойнымды созып Қаражон жаққа жапақтап қарай берем. Мұнымды сезген Бақыт аға туған жерінің әр тасы мен бір шымшым топырағына дейін сөйлетіп арғы-бергіден шежіреге толы сыр шертеді. Недеген таусылмайтын әңгіме, недеген қазынаға толы кеуде еді?! Көз алдыңдағы тірі тарихты тыңдай бергің келеді.
Бақыт ағам апта сайын ауылына шапқылап барып барлық іс-шараның басы қасында жүреді, ұйымдастырады, жүргізеді, өткізеді, қысқасы, шаршау дегенді білмейтін темірден мықты адам. Олай дейтінім, Алматы мен ауыл арасындағы сапарда темір тұлпары – ақ нивасы әбден тозды. Ал Бақыт ағам жігерлі қалпында өзгенің арғымағына мінгесіп әлі жалықпай ауылға барып жүр. Бәріміз де туған жерді сүйеміз, сағынамыз, бірақ, Бақыт ағам сияқты өлеңге қосып, бара қалған елге өлке тарихын еш жалықпай жыр қып айтып, ол аз болса бүкіл жұмысына зыр жүгіріп қызмет ете алдық па?! Ол үшін ағамыз ешкімнен ақша не атақ дәметкен емес. Бәріміз де туған жерді сүйеміз, бірақ, Бақыт ағамдай сүйе алмаймыз, жалықпай және қалтқысыз қызмет ете алмаймыз-ау. Ойпырым-ай дәл осындай туған ел мен өскен жерді шексіз сүйіп, беріле қызмет етуге де болады екен-ау? Ол үшін ат басындай алып жүрек керек шығар?!
Ай арасында немесе апта аунатып Айгүл жеңгемнің арнайы шақыруымен шүйіркелесе ішкен шай қандай?! Қиналған сәтте қолдаушым, жабыққан кезде жұбатушым болған асыл ағаммен өткен әр сәтім өнегеге толы. Осы кезге дейін жүріп өткен жолыма көз салсам Бақыт ағамның маған жасаған қамқорлығы әкенің балаға деген мейірім-махаббатынан кем емес екен. Содан да болар, кейде әкесіз жетім екенімді ұмытып кетемін...
***
Бар қазақты таңғы ұйқысынан оятып, өн-бойына өр рух дарытқан «Қайырлы таң, Қазақ елі» бағдарламасын дайындайтын редакция радио ішіндегі радио сияқты еді. Қарбалас жұмыс күні ғана емес, еңбекқорлық пен елге деген сүйіспеншілік те бізден басталатын еді. Радиоға сан тараптан келген саналуан қонақтың алғашқысы біздің табалдырықтан аттайтын, біз дайындайтын хабардан үні шартарапқа тарайтын. Қайнаған қарбалас өмір қызып жатты...
Таңғы сағат 5:30. Жұмыс кезінде жарақаттанып қалған Бақыт ағам балдағына таянып елден бұрын ең бірінші болып радионың есігінен енді. Бақыт ағамен бірге жаңа күннің жақсылыққа толы жылы сәттері ере келетін. Таңғы алтыда басталатын тікелей эфирге қыстың суығына қарамай 65 шақырымнан автобусқа отырып таңғы бес жарымда келу деген ердің ерінің ғана қолынан келетін іс еді. Негізінде Бақыт аға дәл осы уақытта келмесе де эфир өз ретімен жүріп жататын. Өйткені, сайдың тасындай сайыпқыран журналистер өз ісінің шеберлері еді. Оны былай қойғанда әрбіріміздің дайындағанымызды ерінбей-жалықпай мұқият тыңдап, сценраийіміздің үтір-нүктесіне дейін сүзгіден өзі өткізетін. Сөйте тұра бізден бұрын жұмысқа келеді. «Сонда бақыт аға бізге сенбей ме» деген күдікті сауал да келетін. Сөйтсем сенімімізді бекемдеп, бізге шабыт, жігер беру үшін келеді екен ғой. «Желтоқсан 175» мекен-жайына таңғы тәтті ұйқыны зорға қиып ұйқылы-ояу келгенде сергек, сақ күйінде күліп қарсы алған Бақыт ағаны көрген жүргізушілер қалай ғана рухтанып, арқаланап, айбаттанып, қайраттанып кеткенін өздері де сезбей қалатын еді. Тікелей эфирде ерекше екпінмен сөйлеп, елді елең еткізетін ерекше ойларды айтып, маңызды мәселелерді қозғап, қалғып кеткен қазақы рухты қайта жаңғырта отырып тыңдарман жүрегінен өмірлік орын алған «Қайырлы таң, Қазақ елі» таңғы бағдарламасын білетін боларсыз?! Ал оның мол жетістігінің әр бөлімінде Бақыт ағаның ой-пайымы, білімі мен тәжірибесі, ұлтқа, отанға жанашырлық сезімі мен ақ, адал пейілі жатқанын мойындамау және айтпау адамшылыққа жат дер едім. Себебі, микрофон алдында нық әрі сенімді сөйлегенге дейін қаншалықты жұмыла дайындалсақ, бағдарламаны аяқтағаннан кейін соншалықты деңгейде қайта саралап, тыңдап, ұсыныс-пікір айтып қорытынды жасайтынбыз. Осындай жауапкершілік пен жанашырлық болмағанда ел алқаған ерекше бағдарламаның эфирден таралуы мүмкін емес еді. 65 шақырымнан автобусқа отырып қараңғыда Қазақ радиосының есігін ерте аттайтын Бақыт ағаның қандай маман екенін осыдан-ақ анық аңғарған боларсыз? Бұған дейін байқамаған болсаңыз осы жолдарды оқығаннан кейін ойыңыз өзгерер деген сенімдемін...
***
Қырғидан паналаған торғайдай жастар редакциясынан қысым көріп қамыққан сәтте, жұмыстан шығу қауіпі төніп тұрған қысылтаяң кезде Табылдиев Бақберген мен Бақыт ағаларым пана болып таңғы бағдарламалар редакциясына қабылдады. «Қолынан жазу келмейтін әдебиетші» атанып қысқарып бара жатқан жалынды жас журналисті қорғап алып, араға ай салмай «Қазақстан» телерадио корпорациясының алғыс хат иегеріне айналдырған қамқор ағаның жақсылығын ұмыту – арға сын, адамшылыққа жат дер едім.
Бақыт ағадан алған үлгі-өнеге, тағылым-тәрбием шексіз. Соның бірі – істі өзің бастап істеу, іскерлікті өзің көрсету арқылы өзгеден талап ету. Бақыт ағам радионың Алматы бөліміне жетекшілік жасағанда қолын қалтасына салып алыстан бақылау жасаған жоқ. Қайбіреулер секілді жай келіп ерте кетіп өз шаруасын реттеп, қара хан басын күйіттеп немесе жақын-жамағайындарына жағдай жасаған жоқ. Өзі хабар жасады, сұқбат алды, сценрий жазды, тікелей эфир жүргізді. Ести сала есіңде қалып ерекше әсер етіп рух беретін көптеген роликтердің мәтін жазды, өңдеп жасатты, құлаққа жағымды бағдарлама атауларын ойлап тапты, жыл сайын жаңашылдық енгізіп дамытып отырды. Қайбір жылы Бақыт ағамыздың ғимарат сыртын өзі ақтап, сырлап жүргенін көзіммен көріп көңілім толқыды. Мұндай да жанкештілік пен қарапайымдылық жасауға болады екен-ау деген ойға қалдым.
Бақыт аға жүргізген сәлихалы жиналыстар, таныстырылымдар, әдеби және еске алу кештері жинақы әрі тағылымға толы күйде өтетін. Отбасылық қарым-қатынастардағы ас-тойларды жүргізуі де асқан шеберлік пен шешендікке құрылатын. Бақыт аға жүргізген кез-келген іс-шарада басқалар сөйлемесе де болады. Себебі, жауапкершілігі мол ағамыз тастүйін дайындалып, өзге ешкім ауызын аша алмастай етіп дөп басып сөйлейтін, сауатты жүргізетін. Аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңілдігі, жан баласының көңілін ауыртпайтын мейірімділігі, мамандығына деген шексіз адалдығы, ұлт пен ұрпақтың тағдырына күйінетін жанкештілігі мен жанашырлығы, қара жұмыстың қандайын болса да жөнін тауып істейтін еңбекқорлығы мен ісімерлігі, өмірін өлеңге ораған ақындығы, әр хабары тыңдарман жүрегіне жол тапқан кәсіби тілшілігі, Айгүл жеңгеммен қосыла ән шырқайтын әншілігі, бәрі-бәрінің бір азаматтың бойынан табылғаны қандай ғанибет?! Осылардың бәрінен маңыздысы, ағамыздың қайраткерлік болмысы.
Айтпақшы, Олжас досым Бақыт ағаны қатты құрметтейтін ең жақсы інілерінің біріне айналды...
Бақыт ағаның қайраткерлігі жайында да көп әңгіме айтуға болады. Бірнешеуін атап өтейін: Радионың ұлттық болмысы мен қуатын жоғалтпауына, телерадио жайғасқан ғимраттың жекеге өтіп кетпеуіне бар күш-қуатын арнауы, ұжымдағы мықты мамандарды жаппай қысқарудан аман алып қалуы жеке-жеке талдап-таразылауға татитын ізгілігі мол іс-әрекеттер. Ал радио қабырғасына ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арнап ескерткіш тақта орнату, аялдамаға “Қазақ радиосы” атауын беру және оны қоғамдық көліктерде жағымды түрде хабарлату, сол аялдамадан радионың саңқылдап тұруы, арнайы атаулы күндер тізіміне 1-қазанды “радио қызметкерлер күні” ретінде бекітуге ықпал етуі сияқты кесек-кесек істердің іске асырушысы екенін жұрттың көбі білмейді. Осыншама жемісті жұмыстары үшін жоғары жақтан ат, атақ, сый-сияпат дәметкен емес. Тіпті берілгелі жатқан марапаттардан, астанаға арнайы шақырылыған жауапты лауазымдық жұмыстардан бас тартты. Есесіне өзі жетекші болған кезде қарамағындағы қызметкерлеріне министрлік деңгейінде алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын әперіп жылдар бойы еңбегі бағаланбай келген журналистердің еңсесін көтеріп шабыт берді. Бұл Бақыт ағаның тектілгі мен арлы азамат ретіндегі тұлғалық болмысын арттыра түсті.
Ердің жасы елуге еліне ерен еңбек ете жүріп толағай табыспен жеткен ардақты ағаның мерейтойы құтты, мәртебесі үстем бола берсін деп тілеймін!
Айтпақшы, Олжас досым Бақыт ағаны қатты құрметтейтін ең жақсы інілерінің біріне айналды...
Жарқын Сәленұлы, журналист