Қазіргі таңда Қазақстанның әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі - қоғамдағы отбасылық құндылықтарды сақтау мен нығайту. Себебі отбасы - әрбір адамның өміріндегі ең маңызды тірек, ұлттық болмыстың, мәдениеттің және рухани дәстүрдің діңгегі. Отбасының беріктігі мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі. Осыған орай, елімізде отбасылық институтты қолдауға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға және демографиялық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған кешенді саясат жүргізіліп келеді.
Мемлекет отбасылық-демографиялық жағдайды жақсартуға ерекше мән береді. Бұл бағытта бірқатар маңызды бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Мысалы, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, «Ана мен бала» денсаулық сақтау бағдарламалары аясында медициналық қызметтер сапасы артып келеді, ал ауылдық жерлердегі жас отбасыларға арналған тұрғын үй жобалары – олардың тұрақты өмір сүруіне негіз болады.
Гендерлік саясат та еліміздің дамуына үлкен үлес қосып отыр. Бүгінде әйелдер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар қоғамның белсенді мүшесі. Олар саясатта, бизнесте, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында, ғылым мен мәдениетте ерлермен қатар еңбек етіп келеді. Мемлекет әйелдердің көшбасшылыққа ұмтылысын қолдап, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін заңнамалық және институционалдық негіздерді күшейтіп отыр.
Ана мен баланы қорғау - ел саясатының маңызды бағыты. Жүктілік, босану және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар, сапалы медициналық қызмет, балабақшалар мен мектептерге қолжетімділік - осының бәрі ана мен баланың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Сонымен бірге, жасөспірімдерге арналған психологиялық көмек пен тәрбие институттары да жетілдіріліп, олардың қауіпсіз әрі жан-жақты дамуына жағдай жасалуда.
Демографиялық саясат - елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы шешуші факторлардың бірі. Халықтың табиғи өсімін ынталандыру, көші-қон үдерістерін тиімді басқару, еңбекке қабілетті жастарды елде ұстап қалу бұл бағыттағы басым міндеттер. Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты түрде жаңартылып, халықтың сұранысына бейімделіп жатыр.
Қоғамдағы отбасылық және рухани құндылықтарды насихаттау - тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Білім беру мекемелері, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар және діни бірлестіктер отбасылық мәдениетті дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты моральдық қағидаларды бойға сіңіру – қоғамдағы адамгершілік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады.
Қорытындылай келе, отбасылық, гендерлік және демографиялық саясат - еліміздің болашағына жасалған инвестиция. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс қоғамда үйлесімдік пен тұрақтылық орнатып, әрбір азаматтың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді. Отбасы - тек шағын әлеуметтік топ емес, ол - ұлттың өзегі. Сондықтан отбасылық құндылықтарды сақтау - баршамыздың ортақ борышымыз.
Мөлдір Түктібай