Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыру – жыл сайын көтерілетін өзекті мәселе. Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және олар үшін қоғамда тең мүмкіндіктер жасау – тек әлеуметтік саясаттың ғана емес, бүкіл ұлттың мәдени, адамгершілік және демократиялық даму деңгейінің көрсеткіші. 2024 жылғы деректерге сүйенсек, елімізде 738,9 мың мүгедектігі бар адам тіркелген, бұл — халықтың шамамен 3,6%. Олардың 419,9 мыңы еңбекке жарамды жаста болғанымен, тек 104,8 мыңы ғана жұмыс істейді. Демек, бұл көрсеткіш небәрі 27,4% құрайды. Қалғандары еңбек нарығынан тыс қалған немесе жұмысқа орналасуға түрлі кедергілерге тап болып отыр.
Қазақстан заңнамасы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған бірқатар мүмкіндіктерді ұсынады. Мысалы, штатында 50-ден астам қызметкері бар жұмыс берушілер ерекше қажеттілігі бар адамдарға арнап жұмыс орындарының 2–4% арнайы резервтеуі тиіс. Сондай-ақ мемлекет олардың жұмыс орындарын жабдықтауға жұмсалатын шығындарды субсидиялайды. Алайда бұл нормалардың іс жүзінде орындалуы әркелкі. Кейбір жұмыс орындары бұл талаптарды тек қағаз жүзінде ғана орындап отыр. Ал көптеген жұмыс беруші әлі де мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдауға келгенде әлеуметтік стереотиптерден арыла алмай келеді.
Қоғамдағы көзқарас та түбегейлі өзгерді деу қиын. Көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тек аяушылықпен қарап, оларды көмекті қажет ететін жандар ретінде қабылдау басым. Мұндай патерналистік көзқарас олардың әлеуетін толық іске асыруына кедергі келтіреді. Білім беру саласында да жағдай күрделі. Заң бойынша жалпы білім беретін мектептер ерекше қажеттілігі бар балаларды қабылдауы тиіс болғанымен, ата-аналар баласын мектепке орналастыру үшін әлі де медициналық-педагогикалық комиссияның анықтамасын алуға мәжбүр. Human Rights Watch халықаралық ұйымы 2024 жылы жариялаған есебінде Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесі баяу дамып жатқанын атап өтті. Бұл жағдай ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуметтенуіне және болашақ мүмкіндіктерінің кеңеюіне кері әсер етеді.
Дегенмен, соңғы жылдары мемлекет пен қоғам тарапынан бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр. 2023 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінде «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы құрылса, Сенатта инклюзия мәселелеріне арналған тұрақты кеңес жұмыс істей бастады. Бұл құрылымдар мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын заң деңгейінде қорғау мен мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлеп келеді. Сонымен қатар азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары инклюзивті орта жайлы оң мысалдарды жиі жариялай бастады. Бұл – өзгерістің алғашқы қадамдары десек те, әлі де жеткіліксіз.
Инклюзивті қоғам құру үшін тек заңдар мен бағдарламалар жеткіліксіз. Қоғамдық көзқарасты, сана мен қарым-қатынасты өзгерту – басты міндет. Әрбір азамат ерекше қажеттілігі бар жандарға құрметпен қарап, оларды қоғамның тең мүшесі ретінде қабылдауы қажет. Қоғамда инклюзияға қатысты көзқарас көбіне қайырымдылық немесе әлеуметтік көмек шеңберінен аспай жатады. Алайда инклюзия – бұл ең алдымен құқық пен теңдік мәселесі. Ол адамның қоғамдағы орнын, әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігін анықтайтын негізгі көрсеткіштердің бірі саналады. Сондықтан инклюзивті қоғам құру үшін тек заңнамалық өзгерістер мен мемлекеттік бағдарламалар жеткіліксіз. Бұл бағытта қоғамдық сана, әлеуметтік қарым-қатынас мәдениеті де өзгеруі тиіс. Шынайы инклюзивті орта — тек ерекше қажеттілігі бар азаматтарға ғана емес, бүкіл қоғамға қауіпсіз, әділетті және тең мүмкіндіктер ұсынатын орта болуға тиіс.
Қарақат Дүйсен