Қазақстан – аграрлы ел, ауыл шаруашылығы ұлттық экономикада негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Ал ауыл халқы мен ауылдағы кәсіп – ауыл шаруашылығының негізгі тіреуші күші. Қазақстандағы ірі қара малдың 50 пайызы, қойдың 47 пайызы қарапайым ауыл азаматтарының иелігінде. Бұл – елдегі мал басының артуы ауыл тынысымен тікелей байланысты екенін айғақтайтын көрсеткіш. Ал біз ауылға қандай жағдай жасап жатырмыз? Кейінгі бес жылды (2020-2025 жж.) саралап көрейік.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2020 жылдың басында елімізде 6 443 ауыл болған, ал 2025 жылдың 1 қаңтарындағы деректерде ауыл саны 6 179 деп көрсетіліпті. Демек, кейінгі бес жыл ішінде 260-264 ауылға кеміп отыр. Ауылдар санының кемуіне бірнеше себеп бар: ауылдардың жабылуы, ауылдардың біріктірілуі немесе көші-қон. Жоғарыдағы көрсеткіштің басым бөлігі – ауылдардың жабылуы есебінен туған жағдай.
2025 жылы ең көп ауылы бар аймақ – Түркістан облысы (794 ауыл), ең аз ауылы бар аймақ – Маңғыстау облысы (59 ауыл). Бұл географиялық аймақтық бөліністе облыстар арасында елді-мекендер саны бойынша ондаған есеге жететін айырмашылық бар екенін көрсетеді. Солтүстік өңірлерде (СҚО, Ақмола және Қостанай облыстары) ауыл саны әрбір облысқа кемі 500-ден тиеді. Көзге байқала қоймайтын статистика, бірақ елдің солтүстігінде ауылдар тығыз қоныстанған.
Ауылдардың жабылуына тікелей ықпал ететін фактор – экономикалық даму әлеуетінің төмен болуы, яғни, ауыл халқы санының азаюы және шаруашылықтардың тоқырауы. Сәйкесінше, 500 адамнан аз халқы бар ауылға миллиардтаған қаражатқа жол салу, ауыз су мен көгілдір отын құбырларын тарту, интернет желісін жеткізу, әлеуметтік қамсыздандыру – мектеп, балабақша, аурухана (мед.бөлімше), жолаушылар тасымалы, әкімдік, учаскелік полиция және т.б. мемлекеттік бюджетке тиімсіз. Ауылдардың көбінде жастар білім алуға үлкен қалаларға аттанып, ауылда тек қарттар жағы қалатын жағдай да қалыптасқан.
Биылғы санақ бойынша ауыл халқының саны – 7,5 миллион адам. Бұл дегеніңіз – Қазақстан халқының 37 пайызға жуығы. Яғни, ел халқының үштен бірі ауылда тұрады. 2020 жылмен салыстырғанда, 5 жыл ішінде ауыл халқының саны 5 пайыз шамасында азайған.
Бес жыл ішінде 264 ауыл таратылып, картадан жойылса, жаңадан құрылған ауылдар санын саусақпен санап алуға болады. Бұл – аграрлық саланы, мал шаруашылығын дамытуды көздейтін ел саясатына кереғар тенденция. Ауыл халқы неге көшеді? Ауыл халқының замана игіліктеріне қолжетімділік деңгейі қандай?
Ең бастысы – ауыз су, жол, мектеп, жарық, интернет. Әрине, бұдан да маңызды шаруашылық төңірегіндегі мәселелер бар. Бірақ біз атаған жайттар ауыл халқына ауыр соғатын әлеуметтік қажеттіліктер. Президенттің тапсырмасы – 2025 жылы барлық ауыл халықтарын ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету. Қазір 1 126 ауыл ауыз суға мұхтаж. Бұл ауылдардың басым көпшілігі Павлодар және Абай облыстарында шоғырланған. Міндет – Мемлекет басшысының тапсырмасын орындап, мыңнан астам ауылды жыл соңына дейін ауыз суға қосу.
Елді-мекен халқына табиғи газ жеткізу жұмыстарының да шекесі шылқып тұрғаны шамалы. Батыс, оңтүстік аймақтарда шаман 70-80 пайызға дейін жалпы жұртшылық газбен қамтылса, орталық және солтүстік пен шығыстағы облыстарда бұл мәселе күн тәртібінде қалып отыр. «Сарыарқа» газ құбыры тартылып, соның есебінен Астана қаласы, Қарағанды облысы біршама көгілдір отын игілігін көре бастады.
Ауылдардағы әлеуметтік нысандардың да тозығы жетті. Стандартқа сай мектептер, ауруханалар мен медицина бөлімшелері (шағын ауылдар үшін), балабақша, спорт кешендері, кітапхана мен мәдениет үйлері сияқты мәселелер күйіп тұр. Аталған мекемелер бар болса, оларды қажетті жабдықпен қамтамасыз ету, білікті кадрлар даярлау мәселесі тағы бар. Республика мектептерінің 70 пайызы ауылда орналасқанын ескерсек, елдің болашағы – сапалы маманның да үштен екісі ауылдан шығады. Демек, қала мен ауыл арасындағы сапа айырмашылығы минимумға дейін қысқаруы – бүгінгі күннің міндеті. Дәл сол сияқты мемлекеттік көпшілік кітапханалардың да 80 пайызы ауылда жұмыс істейді. Бұл кітапханалардың кітап қорын жаңалау, мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптарды жеткізу (олар тек облыстық кітапханаға түседі), материалдық-техникалық базасын жаңғырту сияқты қыруар шаруа кезек күтіп тұр. Кейінгі бес жылда 14 кітапхана жабылған. Алайда, бір қуантатыны, белсенді азаматтар мен жауапты тұлғалар ауыл кітапханасының мәселесін көтеріп, жүздеген кітапхананы жаңғырту бастамасы көтерілді.
Ауыл еңсесін тіктеуге мемлекет аз жұмыс жасап отыр десек, ұят болады. Алайда, мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға міндетті жергілікті атқарушы органдардың жұмысы сынауға тұрарлық. Бірқатар өңірлерде тапсырмалар мен межелі индикаторлардың орындалмауы, қаражаттың дұрыс игерілмеуі сияқты мәселелер бар. 2020-2025 жыл аралығында белсенді жүзеге асып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасына аталған уақыт кезеңінде 670 миллиард теңге қаражат бөлінген. Өзге де қолдау тетіктерін ескерсек, кейінгі 5 жылда ауылды қолдауға мемлекет 1,3 триллион теңге бағыттап отыр.
Ауылдағы халық саны мен жас буынның үлесін, ауылдардың экономикалық өсім мүмкіндіктерін, географиялық жағдайымызды, елдегі еңбек нарығын, урбанизация деңгейін ескерсек, мемлекет үшін ауылды белсенді қолдап, ауылдағы жағдай мен мүмкіндікті күшейтуден басқа амал жоқ. Егініне су жетпеген диханның, жайылымға жер таппаған шаруаның үніне құлақ аспасақ, алдағы жылдары еңбегі күйген ауыл жұртының қолды бір сілтеп, «қала, қайдасың» деуі ғажап емес. Ал біздің қалалар мұндай жүктемені көтеруге дайын емес екені тағы белгілі.