Қарағанды өңірде алғашқы болып ТҮКШ-ке ортақ диспетчерлік орталық ашпақ

/uploads/thumbnail/20260113040202625_big.webp Photo: Natalie Dmay (https://www.pexels.com/@natalinadmay) / Pexels

Қарағандыда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты бір жерден басқаруға арналған бірыңғай диспетчерлік орталық құру жоспары жария етілді. Қызмет сапасын ашық етіп, жедел әрекет етуге жол ашатын жоба өңірлік деңгейде алғашқылардың бірі болмақ.

Жоспар жайын Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев облысқа сапарында тыңдады. Вице-премьер жергілікті кәсіпорындардың жұмысымен танысып, ІТ-өнеркәсіпті дамыту мен жасанды интеллектті экономика және басқару жүйесіне енгізу мәселесін талқылады.

Коммуналдық қызметті «бір экраннан» көру

KAZPROM AVTOMATIKA компаниясы қалаға ортақ диспетчерлік орталық құруды ұсынды. Су, жылу, көше жарығы сияқты қызметтерді деректермен басқаруды компания 20 жылдан астам тәжірибеге сүйеніп ұсынды. Мақсат – тұтыну мен жеткізуді оңтайландырып, көрсеткіштерді қызмет көрсетушілер мен әкімдікке толық ашық ету.

«Алғашқы кезеңде ТҮКШ қызметінің тұтынуын және жеткізілуін оңтайландыруды жоспарлап отырмыз. Су, жылу, көше жарығы секілді күнделікті өмірге тікелей әсер ететін бағыттарды бірыңғай бақылауға біріктіреміз», – деді техникалық директор Дмитрий Лепехов.

Пилоттық жоба Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицей базасында іске қосылмақ. Тиімділігі дәлелденсе, қалалық инфрақұрылымға кезең-кезең енгізілуі мүмкін.

«Пилот нәтиже берсе, жобаны республика бойынша масштабтаймыз. Салаға жауапты министрлікпен барлық детальды пысықтау қажет», – деді Жаслан Мәдиев.

Мектептен ІТ-ке: жаңа форматтағы оқу

Вице-премьер ІТ-мектеп ашылатын алаңға барды. Мұнда оқу классикалық лекциясыз және мұғалімсіз, «тең теңді оқытады» қағидатымен, жобалық жұмыс пен геймификацияға сүйеніп жүреді. Мақсат – нарық сұранысына сай бағдарламалау мен заманауи цифрлық дағдыларды меңгертуді жолға қою.

Бір терезе қағидатымен жұмыс істейтін Мемлекеттік және сервис қызметтері орталығында шамамен 20 мекеме қызмет көрсетіп отыр. Сол жерде 12–18 жас аралығындағы оқушыларға арналған TUMO Center ашу жоспары таныстырылды. Жасөспірімдер генеративті ЖИ, бағдарламалау, анимация, 3D-модельдеу және робототехника бағыттарын тегін оқи алады. Жоба Astana Hub-пен бірлесіп іске асады, алғашқы орталық Астанада жұмыс істеп тұр.

Қауіпсіз қалаға – отандық шешімдер

Министр «Перспектива» ғылыми-өндірістік бірлестігінің қызметімен де танысты. Компания бейнебақылау, видеоаналитика және қауіпсіздік бойынша бағдарламалық-аппараттық шешімдер әзірлеп келеді. «Қауіпсіз қала», «Цифрлық полицей», «Ақылды қала», «Цифрлық учаскелік», Ұлттық бейнемониторинг жүйесі және «Қауіпсіз мектеп» секілді жобаларға компания қатысып отыр.

Инцидентке жедел жауап беретін орталық

Сапар соңында қоғамдық қызметтердің сапасын көтеріп, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге арналған Бірыңғай үйлестіру орталығы көрсетілді. Осындай архитектура ТҮКШ диспетчерлік орталығымен түйісіп, қала инфрақұрылымын кешенді басқаруға мүмкіндік беруі тиіс.

Өңірдің бағыты: ЖИ арқылы тиімділік арттыру

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірде цифрлық трансформацияны жүйелі түрде ілгерілетіп жатқанын айтты. «Президент Жолдауында жасанды интеллект негізінде Қазақстанды цифрлық елге айналдыру міндеті қойылды. Біз экономика мен басқару жүйесіне тиімді интеллектуал өнімдерді кеңінен енгізуді көздеп отырмыз. Облыста Цифрлық трансформация картасы мен «Ақылды қалалар» стратегиясы бекітілді. Біз ИИ-агенттерді көбейтуге емес, өлшенетін нәтиже беретін нейрожелілер мен аналитикалық модельдерді тәжірибелік деңгейде қолдануға басымдық беріп отырмыз», – деді өңір басшысы.

Қарағанды ұсынылған диспетчерлік орталықты бірінші болып іске қоссa, жобаны басқа қалалар үшін үлгі ету және ел көлемінде тарату мүмкіндігі арта түспек.

Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қатысты Мақалалар