Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылғы 18 желтоқсанда Қаржы министрлігіне бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) жұмысын жан-жақты талдауды тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша Қаржы министрі Мәди Такиев соңғы жылдары бюджет шығыстары айтарлықтай артқанына қарамастан, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының тиімділігі өспегенін мәлімдеді. Атап айтқанда, 2026 жылы бұл салаға бөлінетін қаражат 2,4 трлн теңгеге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеге ұлғайған. Соған қарамастан, қор қызметінің нәтижелілігі төмен деңгейде қалып отыр.
2020 жылдан бері қордың инвестициялық табысы 588 млрд теңгені құраған, оның 195,9 млрд теңгесі тек 2025 жылға тиесілі. Алайда талдау көрсеткендей, қаражаттың елеулі бөлігі қор активтерінде жинақталып, тікелей медициналық қызмет көрсетуге бағытталмаған.
Қаржы министрлігі жүргізген медициналық ақпараттық жүйелердің IT-аудиті жүйелі заңбұзушылықтардың бар екенін анықтады. Олардың қатарында жалған пациенттерді тіркеу, азаматтарға тиесілі емес қызметтерді көрсету, бір қызметті МӘМС пен ерікті медициналық сақтандыру есебінен қатар қаржыландыру, қысқа мерзімде шектен тыс көп медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ қайтыс болған адамдарға қызмет көрсетілгені туралы деректер бар. Сонымен қатар балаларға тәулігіне мыңдаған дәрі-дәрмек жазылған жағдайлар тіркелген.
Министр нақты мысалдар келтірді. Мәселен, Астана қаласындағы бір жекеменшік клиникада бір күнде 1 442 пациент қабылданғаны көрсетілген, бұл қалыпты жұмыс режиміне мүлде сәйкес келмейді. Сондай-ақ кейбір дәрігерлердің бір айда бірнеше мың науқасты қабылдағаны немесе тәулігіне жүздеген тексеру жүргізгені анықталған.
Талдау барысында 996 қайтыс болған адамға қатысты 3 640 медициналық қызмет көрсету дерегі тіркелген. Бұдан бөлек, пациенттің жынысына сәйкес келмейтін скринингтердің жүздеген мың жағдайы анықталып, мемлекетке 1,8 млрд теңге шығын келтірілген. Балаларға арналған дәрілік заттарды жалған тіркеу фактілері де кеңінен таралған.
Сондай-ақ қосарланған қаржыландырудың екі негізгі тетігі белгілі болды: жекеменшік клиникалардың бір мезгілде МӘМС пен жұмыс берушілердің ерікті медициналық сақтандыруы арқылы төлем алуы және бір пациенттің бір уақытта екі медициналық ұйымға тіркелуі.
Салық органдары медициналық ұйымдар басшыларының табысы мен мүлкіне де талдау жүргізген. Нәтижесінде 2024–2025 жылдары 1 465 басшының мыңдаған жылжымайтын мүлік пен жүздеген автокөлік сатып алғаны анықталған. Кейбір басшылардың ондаған пәтер мен бірнеше автокөлік иеленгені белгілі болды.
Сонымен қатар ӘМСҚ мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері мен нормативтік базасының өзара үйлеспейтіні атап өтілді. Бірыңғай деректер қорының жоқтығы жүйенің түпкі нәтижеге емес, жекелеген ұйымдардың қызметіне бағытталуына әкелген.
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайы мен кадрлық әлеуеті алғаш тексерілгеннен кейін, кейінгі бақылау іс жүзінде жүргізілмейді. Ал үнемделген қаражатты бюджетке қайтару тетіктері қарастырылмағандықтан, жүйеде қаражатты тиімді пайдалануға емес, игеруге ынта қалыптасқан. Бұдан бөлек, үш мыңнан астам тарифтің болуы медициналық қызметтерді басқару мен бақылауды күрделендіріп отыр.
Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, анықталған барлық деректер құқық қорғау органдарына жолдануы тиіс, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілуі қажет. Сонымен бірге денсаулық сақтау саласындағы барлық бизнес-процестерді толық цифрландыру және ӘМСҚ активтерін басқару мен инвестициялық стратегияны қайта қарау тапсырылды.
Бұған дейін Олжас Бектенов биыл ӘМСҚ-ның бизнес-процестерін автоматтандыру жұмыстары толық аяқталуы тиіс екенін атап өткен болатын.