Түркістан қаласының "Достық" үйінде "Әділетті Конституция – қуатты мемлекет" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – конституциялық реформалардың маңыздылығын талқылау, қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру және әділ қоғам құру мәселелері бойынша пікір алмасу.
Кеңеске мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелді Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұралы Әбішов жүргізді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік саясатты іске асыруда заң үстемдігінің маңыздылығын атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 15 наурызда жаңа Конституцияға арналған республикалық референдум өтетіні белгілі. Бұл егемен елдің болашағына жасалған маңызды қадам. Конституциялық реформа елді саяси жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының жарқын көрінісі. Жаңа конституциялық модельдің арқасында біз әділ Қазақстанның іргетасын қалап отырмыз», - деді Көшеров.
Оның айтуынша, жаңа заңда адамның құндылығы артып,"адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін" қағидасы алдыңғы қатарға шығады.
«Әлеуметтік жауапкершілік күшейіп, мемлекеттің халық алдындағы міндеттері кеңейтіліп, теңсіздікті азайту тетіктері бекітілуде. Білім, ғылым және инновация еліміздің басты идеологиясы ретінде анықталады. Тәртіп пен әділеттілік, яғни заңның үстемдігі және табиғатқа ұқыпты қарау алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілетін болады. Әділ Конституция-біздің қуатты мемлекетіміздің берік өзегі. Сондықтан барлығын 15 наурыздағы референдумға белсенді қатысуға шақырамын. Бұл еліміздің тағдырын айқындайтын, әрбір азаматқа болашаққа тікелей үлес қосуға мүмкіндік беретін тарихи мүмкіндік», – деп атап өтті Көшеров.
Кеңес барысында Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлсара Тоққұлова сөз сөйлеп, қоғамдағы бірлік пен отбасы құндылықтарының маңыздылығына назар аударды. Түркістан облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Ермекешов құқықтық жүйені жетілдірудегі конституциялық реформалардың рөлі туралы айтып берді.
Ақын-айтыскер Бекарыс Шойбеков және басқа да зиялы қауым өкілдері елдің дамуы үшін ұлттық сананың рухани құндылықтары мен маңызы туралы өз ойларымен бөлісті.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар қоғамды жаңғыртудағы конституциялық реформалардың маңыздылығын атап өтіп, құқықтық мемлекет құру бастамасына қолдау білдірді.