Қазақылықтың қамқоршысы

/uploads/thumbnail/20170708203422666_small.jpg

Қазақы салт-дәстүрді ұстанған отбасында дүниеге келіп, ата мен әжесінің тәрбиесінде өскен Айша Құл­ба­тырдың ұлттық рухтың жоқтаушысы болуына таңғалудың реті де жоқ. Бойына ұлтжандылық қасиет ұялаған ол қазақтың қызының қандай болуы керектігін көкірек көңілімен түйсініп өсті. Ақтөбе педагогика институтын педагогика-психология мамандығы бойынша тәмамдаған соң, еңбек жолын 1980 жылы қала маңындағы «Россовхоз» мектебінде бастауыш сыныптың мұғалімдігінен бастады. Табиғатынан алғыр қыз әріптестері алдында іскерлік қабілетімен, білімділігімен көріне білді.
1992 жылға дейін Мәртөк аудандық халық ағарту бөлі­мінде эстетикалық тәрбие жө­ніндегі әдіскер, кейін Ақ­төбе қаласындағы №16 қазақ балабақшасында тәрбиеші, әдіскер қызметтерін атқарды. Он жылдай облыс орталығындағы №36, №14 қазақ балабақшаларының меңгерушісі болып қызмет еткен сол тұста оларды қазақыландыруда да ойлы істерімен өзгелердің көзін жеткізіп, қажыр-қайрат көрсетті. Қалалық әлеуметтік сала және мәдени дамыту бөлімінің бас маманы ретінде ұлтжандылық ұстанымын ұштай түсті. 2005 жылдың наурыз айында «Ақтөбе қалалық мәдениет бөлімі» ММ жанынан құрылған тілдерді дамыту секторы меңгерушілігіне тағайындалған. Мемлекеттік және педагогикалық қызметте мол тәжірибе жинаған Айша Мұқанбетқазықызы осы қызметті де абыроймен атқарып келеді. Ол бұл бағытта қайткенде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, қолданыс аясын кеңейтіп, мерейін үстем етемін деп үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ана тілінің ажарын ашуға бағытталған шаруаларға мұрындық болудың өзіндік қиындығы да болмай қалған жоқ. Бірақ, алған бетінен қайтпайтын қазақтың қайсар қызы ұлт мүддесіне келгенде бас сауғалап, тайсақтап көрген емес, күрескерлік қырынан танылды. Оның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алуы да сол туған тілге деген сүйіспеншіліктің нәтижесі.
Мемлекеттік тілді оқытудың өзекті мәселелері жөнінде Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының қызметкерлерімен және Астана, Алматы, көршілес Батыс Қазақстан облысының ғалымдарымен, «Wikibilim» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, жалпы саны 1700 адам қатыстырылған республикалық деңгейдегі жеті семинар-тренингтің өтуіне мұрындық болып, жоғары дәрежеде ұйымдастырғанын да ақтөбелік зия­лы қауым жақсы біледі. Бұл қарбаласы көп, тынымсыз тірлігі бас­тан асатын іс екені белгілі. Дәстүрлі «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» қалалық тіл фестивалі аясында 2005 жылдан бері 100-ден аса түрлі тақырыптағы қалалық, облыстық, республикалық байқауларды жоғары дәрежеде өткізу де оның ұйымдастырушылық қабілетін аша түскен шаралар болды.
2012 жылдан бастап қала әкімдігінде өткізілетін жиналыстарда оқылатын баяндамалар, хабарламалардың, есептердің мемлекеттік тілде дайындалуын алдын ала бақылауды жолға қойған да өзі. Қалада ақпарат тарататын теледидарлардағы хабарлардың рұқсат етілген үлес салмағының сақталуын мониторинг жүргізіп, қадағалау жолға қойылған. Жыл сайын қазақ тілінде білім беретін мектептер, мектепке дейінге мекемелер саны артып келеді. Мұнда да Айша Мұханбетқазықызының үлесі бар екенін айтуға тиіспіз. Қазір қала тұрғындарының 70 пайызы қазақ тілінде сөйлейтін, оқитын және жаза алатын болса, бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесіз болмағаны деу орынды. Мұнымен де шектеліп қалмай, Айша Мұханбетқазықызының «Мемлекеттік тілде іс жүр­гізуге көмекші құрал» және «Мемлекеттік тілді дамыту бағыттары» атты екі әдістемелік жинақ әзірлеп шығаруы да оның еңбекқорлығын, ізденімпаздығын аңғартады.
Айша Құлбатыр ономастика саласында да тынбай еңбек етіп, қаладағы елді мекендер, олардың құрамдас бөліктері атауларының жүйеленуіне, біріздендірілуіне өз үлесін қосып келеді. Еліміздің дамуына, мемлекет болып қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан тарихи тұлғалардың, республикаға, облысқа еңбектері сіңген азаматтардың есімімен ғана көшелерді атау қатаң ескерілді. Мысалы, қаламыздағы Скулкин көшесіне қазақ вальсінің королі атанған композитор Шәмші Қалдаяқовтың, Новочеркасская көшесіне ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің есімдерін беру әрбір отансүйгіш саналы азаматтың жүрегінен орын тауып, қала халқы өз ризашылықтарын білдірді. Сол сияқты Қобыланды батыр, Арыстан батыр, Көтібар батыр, Жалаңтөс баһадүр, Базар жырау, Жиембет жырау, Тілеу батыр, Жетес би сынды тарихи тұлғалар да көше атауларын иеленді. Сондай-ақ, ұлтжанды қарындасымыз осы өңірден шыққан, елге сіңірген еңбектерін күллі қазақстандықтар білетін Халида Маманова, Нұрсұлу Тапалова, Қуандық Шаңғытбаев, Қамбар Медетов, Досжан Хазірет сынды атақты есімдердің қала көшелеріне берілуіне мұрындық болды. Көшелерді жаңаша атау кезінде қазақ тіліндегі мағынасы мазмұнды, дыбысталуы көңілге де, құлаққа да жағымды атауларға мән беруді ескеріп келеді. Мәселен, Парасат, Салауат, Табыс, Қайнар, Жұлдыз, Шаттық, Алтын дән, Жетіген сияқты қазақы ұғымға түсінікті көше атауларының берілуі жас ұрпақтың жадына ана тілін сіңіруге ықпал етері сөзсіз. Яғни, 2005-2010 жылдары қала көлемінде барлығы 200-ге тарта көшеге қазақ атаулары берілді. 23 елді мекеннің 17-сінің атауы қазақ тіліне өзгертілді. Тиісті орындарға ұсыныс қағаздарын, басқа да қажетті құжаттарды дайындаудан бастап халықпен түсінік жұмыстарын жүргізуге байланыс­ты қарбалас та қауырт шаруалардың көзге көрінбейтін ұсақ-түйек тірлігін тындыруға келгенде ешқашан мойыған емес. Қайта, елдігімізді еңсеретін бір істі тындырса, тағы бір тың шаруаның жалына жармасады. Халыққа қызмет етудің, ұлтжандылықтың үлгілі істеріне ұмтылады. Бұл Айша Құлбатырдың өмірлік те, адамгершілік те ұстанымы. Үш рет облыс әкімінің, екі рет қала әкімінің алғыс хаттарымен және Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталуының өзі оның еңбегіне берілген әділ баға екені сөзсіз.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар