Отырарлық дихандар озық технологияның арқасында мол өнімге қол жеткізіп отыр. Аудан басшысы Ерлан Айтаханов Маяқұм, Балтакөл ауыл округтеріндегі «Отырар-Сүт-Ет» селолық тұтыну кооперативі мен «Отырар Агро өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысып, диқандармен кездесті.
«Отырар сүт-ет» кооперативі құрамына бүгінде жергілікті «Серікбай-Б», «Мейірбек ЛТД», «Үсенов-Н» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері кіреді. Кәсіпорын биыл 190 гектар алқапқа «Жиенбай» сортты қауынын, 130 гектарына жоңышқа, 100 гектарына жүгері дақылдарын еккен. Тың технологияларды пайдалану арқылы мол өнім жиған шаруашылықтың көкөніс, жемісіне сұраныс жоғары. Маяқұм қауынын ресейліктер тіпті, өздері келіп, әкетіп, Мәскеу, Санкт-Петербург нарығын қамтамасыз етіп отыр.
Бұл – шаруалардың төккен тері мен еңбегінің жемісі.
Ал, Балтакөлдегі диқандар ғылымға негізделген, соңғы озық технологияларды пайдаланып, 104 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен пияз еккен. Диқандар әр гектарынан 60 тоннадан өнім алып, келісім-шарт бойынша «Отырар қойма» ЖШС-інде сақтап отыр. 50 гектар алқапқа қазірдің өзінде маусымдық пияз егілуде.
Виктор Комилман, диқан
Біз 100 гектардан астам жерге қыстық пияз егіп бітірдік. Оның бір ерекшелігі, мамыр айында өнім береді. Ұтатынымыз өнім жақсы болса, нарыққа өзіміздің жаңа пияздарды шығаратын боламыз. Бұл саудагерлер үшін қалтаға қонымды болады.
Осылайша, отырарлықтар егіннің ебін тауып, отандық дақылдарды шетелге экспорттауға жарап отыр. Диқандар тамшылатып суару әдісімен әлі талай белесті бағындырудан үмітті.
Перизат БИНАЗАРҚЫЗЫ
Оставить комментарий