Соңғы кезде Алматы қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) бірқатар бөлімшелері бірте-бірте жабыла бастады. Атап айтқанда, биылғы жылы сұраныстың азаюы салдарынан шаһардағы төрт бірдей ХҚКО бөлімшелері жабылып қалған. Оған себеп, кейінгі уақытта алматылықтар арасында электронды форматты мемлекеттік қызмет жұмысына сұраныстың арта бастағаны байқалыпты. Содан да ол қызметке Халыққа қызмет көрсететін орталықтар қажеттілігі азая бастаған.
Бәрімізге белгілі, қазіргі кезде сандық технологияның құдіреті артып келеді. Өйткені, онымен бүгінде адамдар 450-ден астам әр түрлі мемлекеттік қызметті ала алады екен. Ал осы ретте әу баста негізінен сандық технологиямен жұмыс істеу үшін құрылған ХҚКО-ның жұмысы бірте-бірте керексіз болып барады. Мысалы, статистика бойынша қазір еліміздегі кейбір ХҚКО бөлімшелердегі жұмыс ауқымы ары кетсе орта есеппен 20 операциядан аспай тұрса, оның ішінде, тіпті 5-6 операциядан аспайтындары да кездесе бастаған. Бұл ретте үйден, сондай-ақ, кеңседен шықпастан-ақ «Egov.кz» порталынан қажетті сұранысын қанағаттандырып жатқан азаматтар қатары күн санап артып келе жатқанын байқап та жүрміз.
Осы ретте биылғы жылы ғана Алматы қаласының Алмалы аудандық №2 ХҚКО бөлімшесі (Абылай хан даңғылы, №74 «А» үй), Бостандық аудандық №2 ХҚКО бөлімшесі (Бабаев көшесі, №33 үй), Жетісу аудандық №2 ХҚКО бөлімшесі («Құлагер» ықшамауданы, №59 үй) және Түрксіб аудандық №2 ХҚКО бөлімшесі жабылып үлгерді.
Қорыта айтқанда, қазір Алматыда 621 мемлекеттік қызмет ұсынатын мемлекеттік корпорациялардың 13 майдандық-кеңсесі жұмыс істейді.