Бүгін Қостанай облысына арнайы барған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осылай деді.
Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылауды «Нұр Отан» партиясына тапсырғаны белгілі. Соған орай партия республикалық және аймақтық қоғамдық кеңестер құрып, жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта Мәулен Әшімбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіне барды. Оқу ордасының ректоры Еркін Әбіл үшінші «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханалардағы жағдайын жақсарту» бастамасының университетте қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде жоғарғы оқу орнында 2 804 студент білім алады. Университеттің 465 орындық 5 қабатты бір ғана жатақханасы бар. Дегенмен, тағы 344 орын қажет. Осы мәселені шешу үшін Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында үш қабатты, әрқайсысы 86 орындық 4 ғимараттан тұратын кампус салу жоспарланып отыр.

Бес әлеуметтік бастама аясындағы «7-20-25» бағдарламасы да Қостанай облысында табысты жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде бірқатар қостанайлықтар осы бастаманың нәтижесінде тұрғын үйге қол жеткізіп, баспаналы болуда. Атап айтқанда, жаңадан бой көтерген «Алтын арман» шағын ауданындағы бірнеше көп қабатты үй «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілуде. Мәулен Әшімбаев облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен бірге осындай қуанышқа кенелген пәтер иелерін құттықтап, салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қатысты.
Баспаналы болған отбасыларымен кездесуде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бұл бастаманың уақытылы қолға алынғанын атап өтті. Сондай-ақ ол аталған бағдарламаның пайыздық көрсеткіші мен алғашқы жарнасының төмен болуы пәтер алудағы ең тиімді тетік екеніне назар аударды.
– Президенттің бес әлеуметтік бастамасы халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін дер кезінде қолға алынған бағдарлама. Қазірдің өзінде еліміз бойынша тұрғындар бұл бастамалардың нақты нәтижесін көріп отыр. Әрине, барлық бастаманың маңызы жоғары. Дегенмен, халықтың баспаналы болуын қамтамасыз ететін «7-20-25» бағдарламасы өте өзекті. Оған өткен жылы елімізде 11 млн. шаршы метр үй пайдалануға берілгенімен, баспанаға деген сұраныстыңазаймауы дәлел. Себебі, әрбір қазақстандық өз пәтеріне қол жеткізгісі келеді. Сондықтан да Елбасы осындай бағдарламаны жариялап, көп мәселенің түйінін шешіп берді,– деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сапар барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары партияның «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ» аудандық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен және кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлік жобалау кеңсесінде болды және партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жаңа жобалардың аймақта жүзеге асырылу барысымен танысты.