«Nur Otan» партиясы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы барлық игі бастамаларға ұйытқы болып, ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, еліміздің көркейіп, гүлденуіне өзінің қомақты үлесін қосып келеді. Жуырда Байзақ аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс XXVIII конференциясы болып өтті. Аталмыш жиынға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, аудандық партия филиалы Саяси кеңесі мен Саяси кеңесі Бюросының мүшелері, Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері, партияның облыстық және аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері мен бастауыш партия ұйымдарының төраға-төрайымдары, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мемлекеттік органдар және кәсіпорындар басшылары қатысты.
Партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақованың төрағалығымен өткен кезектен тыс конференцияда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат сөз алып, аудандық партия филиалының төрағалығына Нұржан Нұржігітовтың кандидатурасын ұсынды. Конференция делегаттары тарапынан ұсыныс қолдау тапты. Өз кезегінде жаңа сайланған төраға конференция қатысушыларына сенім білдіргендері үшін алғысын айтты.
Жаңа сайланған төраға, аудан әкімі Нұржан Нұржігітов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы баяндама жасады.
Баяндамадан кейін «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі, конференция делегаты Сания Алтаева, «Мерей» бастауыш партия ұйымының төрайымы, конференция делегаты Гүлбахрам Ермекова, аудандық партия филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі, делегат Бауыржан Абзалиев жарыссөзге шықты.
Күн тәртібіне сәйкес, аудандық партия филиалының бұрынғы төрағасы Рахматілдә Рахманбердиевтің зейнет демалысына шығуына байланысты Саяси кеңестің құрамына өзгеріс енгізілді. Соңынан күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты тиісті қаулылар қабылданды.
Оставить комментарий