Республикалық шараға атсалысты

/image/2019/10/16/crop-58_30_1673x2509_respublikalyq-sharagha-atsalysty.jpg

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар мен Білім және ғылым министрліктері, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры, Экологиялық ұйымдар қауымдастығының бірлескен бастамасымен «Эко сағат» республикалық акциясы өтті.

Өскелең ұрпақты табиғи ресурстарды күту және сақтау мәселелеріне тарту мақсатында өткен шара ауданымыздың барлық мектептерінде ұйымдастырылды. Бастауыш, орта және жоғары сыныптарда танымдық-дамытушылық дәрістер өткізіліп, анимациялық роликтермен қатар бейне айналым көрсетілді. Сондай-ақ, Байзақ ауданы орман және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің демеушілігімен 500 туя ағаштары білім ошақтарына жиырма түптен таратылып берілді.

Республикалық акцияға орай Ғани Мұратбаев атындағы гимназиясында өткен шараға аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов қатысты. Нұржан Сейдезімұлы қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын айтып, егілген әр ағаштың ауа алабына тигізер пайдасына тоқталды. Оқушыларды отырғызылған ағаштарды күтіп ұстауға шақырып, олармен бірге ағаштар отырғызды. Бұдан соң оқушылар мен педагогтар мектеп жанындағы учаскелерге туя ағашын егіп, акцияға өздерінің үлестерін қосты.

Акцияға аудан бойынша 20390 оқушы, 720 мұғалім, ата-аналар, ардагер ұстаздар, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігіне қарасты білім бөлімінің мамандары мен әдіскерлері қатысты.

Дүниежүзілік мекендеу орнын қорғау күніне орай өткерілген «Эко сағат» республикалық акцияға Үлгілі орта мектебінің педагогикалық ұжымы мен оқушылары да белсене қатысты. Алдымен бастауыш сыныптарында «Егер Жер алма болса!» тақырыптарында экологиялық сағаттар, жоғары сыныптарда өсімдік және жануарлар әлемі мен су ресурстарын сақтау, алып мұхиттардың жағдайы, қоршаған орта тазалығы, ауа райының жылып келе жатқандығы туралы кеңінен ақпараттар беріліп, тәжірибелер жүргізілді.

Акцияда мектеп директоры Нүркен Кенжеқұлов сөз алып, айтулы шараның маңызы туралы қысқаша ақпараттандырды.Жас өскіндердің табиғатқа, туған өлкеге ұқыпты қарау, табиғи және су ресурстарын, өсімдік және жануарлар әлемін сақтау қажеттігін айтып, Жер-Ананың байлығын қорғау - ортақ міндет екендігін жеткізді.

Сағат тілі 12.00-ді соққанда мектеп ауласына 20 түп туя отырғызылды. Сондай-ақ, 1 және 11-сынып оқушыларының ата-аналарының демеушілігімен қосымша 5 түп туя егілді.

Сонымен қатар акция барысында барлық сынып оқушыларына қоршаған ортаны қорғаудың басты мақсаты - адамзат дамуы мен қоршаған орта арасындағы үйлесімділікті орнату болып табылатындығы сөз болды. Бұдан бөлек, жас жеткіншектер бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру әдістемесі айтылып, әрбір адам табиғатты аялауы керектігі, қоршаған ортаны ластағандарға белгілі мөлшерде айыппұл салынатындығы, Қазақстанда қоршаған ортаны қорғауға байланысты бірнеше заң актілері қабылданғаны, олардың мақсаты - еліміздің табиғат байлықтарын болашак ұрпақ үшін сақтау болып табылатындығы жөнінде ойлар ортаға салынды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи