Тараздық оқушылар жалғызбасты қарияларды қамқорлығына алады

/image/2019/10/16/crop-23_12_826x1239_qu3x9yj9jpq.jpg

Зияткер ұрпақ – тек білімі терең азамат қана емес. Ол қоғамдағы болып жатқан оқиғалардан шет қалмай, өзінің азаматтық ұстанымын таныта білетін, қажет жағдайда бастамашы болып, игі істердің басы-қасынан табылатын жан. Елбасы Н. Назарбаевтың «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» ашудағы басты мақсаты да осындай саналы ұрпақты тәрбиелеу. Бұл ретте аталған мектептердің оқушылары өз замандастарынан оқ бойы алда келе жатқанын дәлелдеп келеді.

Соның бір дәлелі – Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалғыз басты қарияларды қолдап, құрметтеуге бағытталған «Ұрпақтар сабақтастығы» әлеуметтік жобасының тұсаукесері өтті. Ашылу салтанатына 50-ге жуық жалғыз басты қарттар мен әлеуметтік орталық өкілдері шақырылды.

Мектеп оқушылары мен педагогтары қарияларға арнап қолөнер бойынша түрлі шеберлік сыныптарын өткізді. Соңынан қонақтар концерттік бағдарламаны тамашалап, астан дәм татты.

– Тараз қаласында 20 000 астам зейнеткер болса, солардың 350-і жалғыз басты. Бүгін сол қариялардың біршамасы Назарбаев Зияткерлік мектебіне келді. Қариялар балалармен бірге шығармашылықпен айналысып, уақытты керемет өткізді. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасының жас ұрпаққа берері көп. Елімізде осындай бастамалар көбейсе деген тілегіміз бар, – деді арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының өкілі Жұлдыз Далиева.

Жоба мақсаты зейнеткерлік жастағы жалғыз басты қариялар мен мектеп оқушылары арасында қарым-қатынас орнату арқылы ұрпақтар сабақтастығын дамыту. Апта сайынғы мәдени-танымдық, ойын-сауық және сауықтыру шаралары арқылы қариялардың эмоционалды жағдайын жақсарту, өмір белсенділігін арттыру, қарым-қатынас ортасын кеңейту көзделген. Олардың арасында бірлесіп кітап оқу, компьютерлік сауаттылықты арттыру, қимыл-қозғалыс терапиясы, қолөнер сағаты, ән салу, музыкалық аспапта ойнау, ретро би кеші, арт-терапия, интеллектуалдық ойындар жәменне фитнес залда жаттығу жасату да бар.

Сондай-ақ, мектеп оқушылары мен қызметкерлерінің апта сайын қарияларға үй мен аула тазалау, дәрі-дәрмек пен азық-түлікке барып келу, отын жару сияқты шаруаларда көмек беруі де жоспарланып отыр. Өз кезегінде қариялар жақсы меңгерген дағдыларын оқушыларға үйретіп, мектепте кішігірім үйірме жұмысын жүргізуіне жағдай жасалады.

Жоба авторлары мұндай тығыз қарым-қатынас оқушылардың қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді, атап айтсақ егде және қарт жастағы адамдардың өмірін жеңілдетуге бағытталған шешімдер, құрылғылар ойлап табуына түрткі болады деген ойда.

Оставить комментарий

Связанные Статьи