• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 16:17:40
Алматы
+12°

Қоғам қайраткері, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев Қамшы порталына сұхбат берді. Журналист әңгіме барысында қабылданғанына 30 жыл болған "Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттік егемендiгi туралы декларацияның" тарихи маңызы, 90 жылдардағы демократия жолындағы ұмтылыстар, Қазақстанның авторитарлық жолға түсуі, алдағы мәжіліс сайлауы және саяси реформалар туралы ойларын ортаға салды.

Құрметті Марат Бәйділдаұлы, егемендік туралы декларация жарияланған кезде Сіз Жоғарғы кеңестің үнжариясы болған «Халық Кеңесі» газетінің жауапты хатшысы ретінде саяси-қоғамдық оқиғалардың куәсі болып жүрдіңіз. Сондықтан еліміз аталған декларацияны, кейіннен тәуелсіздікті Кеңес одағына мүше елдердің ішінде соңғылардың бірі болып жариялағанын бір кісідей білесіз. Бұл қадамды сол кезде қалай түсіндіңіз, қазір қалай түсінесіз?

– Иә, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Жоғарғы Советiнде "Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттік егемендiгi туралы декларация" қабылданғаны есімізде. Мен соның алдында ғана бір-екі апта бұрын ГДР қосылған Германияда, Нидерланды мен Францияда болып, сонда тұратын қазақ бауырлармен кездесіп қайтқанмын. Сол жаққа тағдыр айдап барған қандастарымыз Қазақстанның қабылдануға тиісті егемендік құжатын асыға күтіп жүретін. Өйткені, бүкіл әлем ол кезде тек "совиет унионды" (СССР-ді) біледі, Қазақстанды мүлде білмейтін. Өздерін қай елдің жұрты ретінде таныстыру үшін де, азат елдің азаматтары екенін паш ету үшін де керек болатын бұл. Сол декларацияны қандастарымызбен бірге мен де, бүкіл қазақ халқы да асыға күттік. Екі-үш айдай бұрын үйлестіру кеңесінің мүшесі ретінде "Азат" халықтық қозғалысында егемендік декларациясының балама нұсқасын жасап, талқылағанымыз тағы бар. Ол бір өте жүрек лүпілдеткен, қуанышты шақ еді. Бұл құжатты біз неге күттік?

Өйткені бұл құжатта Қазақстанның мемлекеттік егемендегі, аумағының тұтастығы, одаққа кіруге және шығуға еркі, қазақ ұлтының өзін-өзі еркін билейтіні, ізгілікті демократиялық құқықтық мемлекет құрылатыны, мемлекеттің қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапты екені тайға таңба басқандай айқын көрсетілді. Коммунистік партия мен СССР билеп тұрған заманда одақтас республиканың мұндай  құқықтарға ие болуы үлкен жеңіс болатын. Декларацияның екінші бабының екінші тармағында: "Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетiн, дәстүрiн, тілін қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту Қазақ ССР-i мемлекеттiгінiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi болып табылады" делінген.  Мемлекеттік егемендік туралы Декларация одақтас республикалар ішінде соңғылардың бірі болып қабылданса да іс жүзінде бұл құжат болашақ Қазақ мемлекеттілігінің, оның Конституциясының лайықты іргетасы болатын. Өкінішке қарай, билік біліп істесе де, білмей істесе де кейін Қазақ мемлекеттілігінің қазықты қағидаларын аттап өтті.

 

Рас, 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдануына тікелей өзім куә болған "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" қонституциялық заңында, 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстанның тұңғыш Конституциясында аталған декларацияның ұлттық мемлекет құруға байланысты талаптары ескерілген. Алайда биліктегілердің саяси жалтақтығы, орысқұлдық психологиясы, қазақ мемлекеттілігінің дамуынан үрейленушілік аса маңызды бұл құжатты біртіндеп кейінгі планға ысырып тастады. Тап осы саяси жалтақтық себебі де Тәуелсіздік туралы конституциялық заңның одақтас республикалар ішінде ең соңынан қабылдануына ықпал етті. Мұны өз басым ол кезде маған беймәлім әлдебір саяси қитұрқылықтардан туындаған қажеттілік шығар деп қабылдадым. Мұның тек саяси жалтақтықтан, қорқақтықтан туған бейшаралық екенін араға отыз жыл уақыт өткенде түсіндім.

 

– Егемендік туралы декларация әзірленіп жатқанда Жоғарғы Кеңестің депутаты Виталий Воронов республика атын Қазақ Республикасы деп атауды ұсынған екен. Ұсыныс неге қолдау таппады деп ойлайсыз?

– Бұл өзі керемет мүмкіндік еді. Мамандығы заңгер, Жоғарғы Кеңес төралқасының мүшесі, депутат Виталий Иванович сол тұста қазақ халқы үшін, Қазақ мемлекеттілігі үшін маңызды ұсыныс жасаған. Бірақ біздің билік "Қазақ" деген сөзден шошып кетеді. Сатқындық лобби бұл ұсынысты ақыры өткізбей тастады. Басты себеп – Қазақстанның ұлттық мемлекет ретінде дамуына тосқауылдар легі.

– Өзіңіздің 90 жылдары қоғамда демократия құруға деген талпыныс күшті болғаны, бірақ ұзамай демократия Қазақстан үшін біртіндеп сағымға айнала бастағаны жөнінде айтқаныңыз еске түсіп тұр. Осы ойыңызды тарқатып айтсаңыз.

– Тәуелсіздіктің елең-алаңында қоғамның демократиялық дамуға ұмтылысы жоғары болатын. Сол кезде қабылданған құжаттардың бәрінде бұл айқын аңғарылатын, айқын көрініс беретін. Демократиялық құндылықтарды жоғары тұтқан Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Сауық Тәкежанов, Мараш Нұртазин, Өмірбек Жолдасбеков, Нұрбақыт Қойшыбеков, Людмила Федотова,  Николай Акуев сияқты депутаттардың үні өктем естіліп жататын. 1994 жылы 7 наурызда өткен Жоғарғы Кеңестің сайлауында елімізде көппартиялы жүйе пайда болды. Бір мандатқа бес үміткер таласқан сайлау нәтижесінде Қазақстанның Халық бірлігі одағы (СНЕК) 32 мандатқа, Қазақстанның Халықтық Конгресс партиясы 22 мандатқа, Социалистік партия 12 мандатқа, Кәсіптік одақтар федерациясы  12 мандатқа ие болған. Кәсіби ыңғайына қарай 14 депутаттық топ құрылды. Сөйтіп, Қазақстан тарихында саяси партиялар мен қозғалыстар мемлекеттік билік тұтқасына қол жеткізді. Бұл – үлкен саяси жетістік еді. Әрі ең кереметі бұл партиялар мен қозғалыстар қазіргідей қалтадан шыққан емес, шынайы күрес жолымен жеңіске жеткен.

 

Ол тұста халықтың билікке, бүкілхалықтық сайлау жолымен президенттік қызметке келген Нұрсұлтан Назарбаевқа деген сенімі орасан зор болды. Бірақ халықтың осы орасан сенімі билікті бақылаудан шығарып алды. Дәлірек айтқанда Нұрсұлтан Назарбаев халықтың шексіз сеніміне кіре отырып, түрлі айла-шарғылар арқылы өз билігін тұрақтандыру мен ұзақ мерзімге созу жолында пайдаланып кетті. Жеке дара билік пен демократия бір-бірімен сыйыспайтын ұғымдар екенін біз кеш ұғындық. Бірінен кейін бірі, 1993 жылы және 1995 жылы Жоғарғы Кеңесті түрлі желеумен екі рет таратып жіберуі, сөйтіп демократиялық депутат корпусын талқандауы авторитарлық билікке жол ашты.

 

– "Тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жыл өмірімнің босқа кеткеніне өкінемін" деген де сөзіңіз бар. Сонда нақты не үшін өкінесіз?

– Қазақстан тәуелсіздік алған тұста мен 42 жаста едім, қазір 72-ге келіппін. Отыз жыл өмірім биліктің көзбояушылығы мен алдау, коррупция мен жағымпаздық жағдайында өткеніне өкінемін. Ұлттық мемлекеттілігіміздің дамуы тежелді. Қазақ тілі кейінге ысырылды. Мені алдаған, халықты алдаған билік ерте ме, кеш пе заң алдында жауап беруге тиіс деп ойлаймын. Мен әр диаспораның азаматтық құқығы қорғалатын ұлттық мемлекеттілігімізді аңсаймын. Шынайылықты, тазалықты аңсаймын.

– Қоғамның бүгінгі тынысына қарай ойыссақ. Өткен аптада президент мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтетін күнді белгілегенін білеміз. Бұл жолы мәжіліспен қатар алғаш рет мәслихат сайлауы партиялық тізім бойынша өтеді. Осындай пропорционалдық модель Тоқаев айтқандай демократияны дамытуға қаншалықты ықпал етеді?

– Бұл тақырыпта мен бұрын да бірнеше рет қалам тербегенмін, бірнеше рет сұхбат та бергенмін. Жалпы Қазақстанға қос палаталы парламенттің түкке де қажеті жоқ, бұл биліктің саясат саласындағы кезекті көзбояушылығын заңдастыратын тетік қана. 2021 жылы 10 қаңтарда парламенттің мәжілісі мен жергілікті мәслихатқа партиялық тізім бойынша депутат сайлау – демократиялық қағидаттардан мүлдем алшақ, аярлық ойын. Демократиялық қағидаттардан қалайша қашық болады дейсіз ғой. Қазақстанда Nur Otan (мүшесі 900 мың), "Ақ жол" демократиялық партиясы (мүшесі 200 мың), Жалпы ұлттық социал-демократиялық партия (мүшесі 150 мыңдай), Қазақстанның "Ауыл" социал-демократиялық партиясы (мүшесі 100 мыңдай), Қазақстан коммунистік халық партиясы (мүшесі 100 мыңдай), Қазақстанның аграрлық партиясы (мүшесі 100 мыңдай) және тағы басқа тіркелген, тіркелмеген партиялар бар. Сонда күллі партиялардың жалпы мүшелерінің саны 1,6 млн ғана. Еліміздің қазіргі халық саны 19 млн-ға жуықтады. Дауыс беруге қабілеттісі 12-13 млн. Әлгі тек тіркелген партияларға дауыс беруің керек. Басқа таңдау болмайды! Ал бізде ешбір партияға мүше емес кемінде 6-7 млн адам бар.

Конституциямыздың 33-бабының 2-тармағында: "Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар" делінген. Сондай-ақ Ата заңның 39-бабының 3-тармағында "Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр түрде шектеуге жол берiлмейдi" деген қағида тағы бар. Бұл дегеніңіз әркім өзін-өзі ұсынуға қақылы деген сөз. Соған қарамастан еш партияға мүше емес 6-7 млн адам өзін-өзі мәжіліске де, мәслихат депутаттығына да ұсына алмайды. Конституция жол берсе де, "Сайлау туралы заң" жол бермейді. Бұл сонда қандай демократия? Яғни, бұл сайлау демократияның дамуына мүлде қызмет етпейді деген сөз.

– Белгілі бір белсенділердің партия құруға талпынысына қарамастан, осы жолғы мәжіліс сайлауына дейін бірде-бір жаңа партия тіркеліп үлгермеді. Бұл нені білдіреді?

– Әңгіме бұл жерде биліктің тіркетпейтінінде. Айталық, Санавар Закированың "Наше право" партиясы, Жанболат Мамайдың "Қазақстанның демократиялық партиясы" билікке ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ. Оларға кедергі болып тұрған "партиялары тіркелсе, парламенттік басқаруға көшу жөнінде бастама көтеріп, Конституцияны өзгертуге ниеті" ғана. Қазақстанда соңғы бір жарым жылда президент өзгергенмен режим өзгерген жоқ. Режим өзгермей Қазақстанда ешқандай демократиялық реформа жүзеге аспайтыны айдан анық.

– Беларусьтегі, Қырғыз еліндегі жағдайлардан билік пен азаматтық қоғам қандай сабақ алуға тиіс?

– Беларусь еліндегі жағдай билік қандай игі ісін мақтан тұтса да халық авторитарлық режимді қаламайтынын көрсетті. Бізде де халық авторитарлық биліктен, дәлірек айтқанда қалыптасқан режимнен шаршады. Жұрт өзгерістерге мүдделі. Азаматтық қоғам болса, өзінің бейбіт белсенділігімен билік халықтың пайдасына өз еркімен тақтан кетуін қамтамасыз етуі керек!

– Алдағы мәжіліс сайлауы барысында қандайда бір заңбұзушылықтар болса немесе сайлау нәтижесі жоғарыда аталған елдегідей сценарийдің Қазақстанда қайталануына себеп бола алуы мүмкін бе?

– Ондай жағдайды кесіп айту қиын. Бірақ қазақ халқы көмпіс болып көрінгенімен, өзін басынғанды көтере бермейтін асау, жылқы мінезді халық. Сондықтан мәжіліс сайлауы сондай бір сілкініске түрткі болуы әбден ықтимал. "Шыдамның да шегі бар" дегендей, бірақ халықтың ашынысы қай күні бұрқ ететінін бір Алла біледі.

– Қазақстанда саяси реформа жасау үшін құрылған делінген ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысына берер бағаңыз қандай?

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі шешуші ықпалды құрылым емес. Ол президент жанынан құрылған кеңесші орган ғана. Кеңесші орган түбегейлі саяси реформаларды жүзеге асыруға қабілетсіз. Бұл билік пен қоғамның байланысын мезгейтін, жұртшылықты алдаусырату мақсатында құрылған, бірақ іштей өлі туған құрылым. Кеңес бастамашыл болған заң жобалары тыңға түрен сала алмады, бұрын айдалған жердің топырағын қопсытумен шектелді. Шынайы демократия ол заңдарға пысқырып та  қарамайды!

– Президент сайлауынан кейін Қ.Тоқаев америкалық The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында өзін "реформатормын" деп атап, Қазақстанда саяси реформасыз экономикалық реформалар алға баспайтынын мәлім еткен. Одан бергі бір жарым жылда президент өзін реформатор есебінде көрсете алды ма?

– Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзін "реформатор" деп атағаны бар. Бірақ біздегі реформа "Авгейдің атқорасын" яғни Қауіпсіздік кеңесін тазалаудан басталуы керек еді. Бірақ біз ондай қадамды көрген жоқпыз. "Реформа" бізде сөз үшін айтылған сөз!

– Оның батыл саяси реформалар жасай алмауына не себеп?

– Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың батыл саяси реформалар жасай алмауының басты үш себебі бар деп ойлаймын. Алғашқысы, батыл мінездің жоқтығы. Ол кісі табиғатында дипломат, қатты сөйлемейтін, ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін адам. Екінші, төңірегіне шынайы реформа жасауға қабілетті команда жинай алмады. Ондай мүмкіндік те берілмеді. Үшіншісі – "кітапханамен" арадағы біз біле бермейтін, қалың жұртшылық біле бермейтін келісімдер мен кілемасты ойындар

– Сіздіңше, Қазақстанда шынайы саяси өзгеріске бетбұрыс қашан болады?

– Мен Павел Глоба тәрізді көріпкел емеспін. Дегенмен, уақыт Қазақ халқының, Қазақстан халқының пайдасына жұмыс істеп жатқанына күмәнім жоқ. "Таң атпаймын дегенмен Күн қоймайды" демекші, Қазақстанның күні жарқырайтын кезі алыс емес!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір