Шымкент қаласындағы №3 Жылу электр орталығы (ЖЭО) жаңғырудың жаңа жолына қадам басты. 80-жылдардың басында іске қосылған кешеннің кешегі күнгі кейпі мен бүгінгі бет-бейнесі жер мен көктей.
Бастапқы уақытта станция Шымкенттің шина және мұнай өңдеу зауыттарын жылумен қамтамасыз етуі керек болатын. Уақыт өте келе алға қойылған мақсат-мұраттар өзгере бастады.
Сол кездері ОҚО-ның әкімшілік орталығы саналған Шымкент қаласына ТЭЦ-1, ТЭЦ-2, ТЭЦ-3 электростанциялары 2007 жылға дейін жылу мен қуат көзін таратып келді. Өткен ғасырдың 30-40-жылдары іргесі қаланған сол станциялардың екеуі Шымкенттің оңтүстік бөлігін жылумен қамтыды. Олардың жалпы жылу қуаты сол кезде шамамен 130Гкал/сағ. болды.
Жұмыс істеп тұрған заттың тозатыны бар, станциялардағы техникалық жабдықтар ескіріп, беріректе 5 жыл бойы шаһардың оңтүстік бөлігі жылудан ажырап қалды. Бұл станцияларды қайта түлетіп, жаңғырту үшін қомақты материалдық қаржы керек еді. Ал, сол уақытта Шымкент 3-ЖЭО-да жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету жағынан пайдаланылмаған қуат көздері болды.
2018 жылы ERG (Еуразиялық Топтың) құрамына өткен ЖЭО (оның меншік иесі – «3-Энергоорталық» АҚ) өз тарихында жаңа дәуірді бастап кетті. Себебі ERG – электр энергетикасы саласында құзыреті зор және осы салада жұмыс істейтін кәсіпорындарды қалпына келтіру, жаңғырту, дамыту ісінде белгілі бір дәрежеде тәжірибесі шыңдалған алып компания.
Eurasian Resources Group (ERG) аталатын үлкен отбасының құрамына енген кәсіпорын жаңаша тыныс алды. Станцияға инвестиция тартылған соң градирен қайта жаңғыртудан өтті. Негізгі және қосалқы жабдықтар да қатар жөнделіп, сорғылау станциясы іске қосылды. Сөйтіп 11,5 км-ға созылған «ЖЭО-қаланың оңтүстік бөлігі» («Тэц-южная часть города») жылу магистралі салынды. Соның барлығына 4 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Ең бастысы – Шымкенттің күн тәртібінен түспеген жылумен қамту мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Қазір 3-ЖЭО Шымкент қаласындағы түрлі мекемелер мен ұйымдарды және тұрғын үйлердің 70%-ын жылумен де, ыстық сумен де қамтып отыр. Бұл станция электр қуатын да өндіреді. Жылдық қуаты – орта есеппен 700 млн кВт/сағ.
Жұмысшылардың да еңбек жағдайы реттеліп, энергетиктер заманауи талаптарға тез үйрене бастады. Жалпы, ЖЭО – қол астындағы жұмысшыларының қамын алдымен ойлайтын кәсіпорын. ERG компаниясының қолдауына ие болғалы еңбекші қауымның әл-ауқатына назар аударды. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпорынның басты құндылығы – адам болды және солай болып қала береді де. Станцияның қиын да қайталанбас тарихын бір емес, бірнеше буынның өкілдері жасап шықты. Сол энергетиктер бір адамдай жұмылып, еңбек етіп, жылу электр орталығын дамыту дейтін ортақ іске елеулі үлес қосты. Қазір ЖЭО-да 600-ден астам адам еңбек етеді.
2018 жылы сәуір айында ERG «3-Энергоорталық» АҚ акцияларының бақылау пакетін иемденген болатын. Сол жылдан бастап жұмысшылардың айлық жалақысы орта есеппен 204%-ке дейін көтерілді. Енді кәсіпорын басшылығы алдағы 2022 жылы айлық ақыны 35%-ға дейін көтеруді жоспарлап отыр.
ЖЭО-да еңбек етіп жүрген жұмысшылар бір ғана кәсіпорынның ісімен шектелмейді. Қосымша білім жетілдіріп, тәжірибе алмасу үшін ERG құрамындағы басқа да ұйымдармен аралас-құралас жұмыс істейді. 2019 жылдан бері әр жұмысшы жазғы және қысқы маусымдарға арналған жеке қорғаныш заттармен толықтай қамтамасыз етілді.
ЖЭО – автопарк мәселесін де түбегейлі шешкен кәсіпорын. Бұл жерде де Еуразиялық Топтың көмегі көп тиді. Соның арқасында кешеннің өз жаңа автобустары мен жеңіл автокөліктері пайда болды. Кәсіпорын сатып алған соңғы техника – ХСТ30_S маркалы автокран еді. Ол кәсіпорынның жөндеу-құрылыс қызметі кезінде тиеу-түсіру қызметтерін атқарады. Кранның 30 тоннаға дейінгі жүктерді көтере береді.
– Автокран өте сенімді. Оның басқару тетігін тәжірибелі краншы Досмұханбет Төреевке сеніп тапсырдық. Ол компанияда 15 жыл жұмыс істеп келеді. Өз ісінің кәсіби маманы ретінде ол өзін танытып үлгерген қызметкер, – дейді автокөлік цехының басшысы Қанат Тәукебаев.
ЖЭО-ның автопаркінде 20-дан астам техника бар. Дегенмен олардың басым бөлігі ескірген, жаңартуды қажет етеді.
Пікір қалдыру