Қазақ ұлттық университеті 90 жылдық белесінде айтулы жетістіктерге жетті

/uploads/thumbnail/20241230182539780_big.webp

 Оқу ордасының базасында түрлі бағыттағы ғылыми орталықтар мен зертханалар іске қосылды. Шетелдік университеттермен бірге ортақ жобалар жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен бірлесіп 2025 жылы ғарышқа микроспутник ұшыруды жоспарлап отыр. Бүгінде NKSat ғарыш аппаратын құру жұмыстары жүргізілуде. Ортақ жұмыс үлкен тереңдіктегі геодинамикалық процестерді зерттеудің негізгі міндеттерін шешуге арналған.

ҚазҰУ-дың негізгі әзірлемелеріне жер қыртысының картасын жасау үшін гравиметриялық жабдықты құру жатады, бұл геология және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы зерттеулерді жеделдетеді. Сондай-ақ, бүкіл ел бойынша құрылғыларды бақылауға арналған IoT-шлюз әзірленді.

Айта кетейік ҚазҰУ ғарышқа наноспутник ұшыруда тәжірибесі бар. Білім ордасы Орталық Азияда алғашқы болып өз «Аl-Farabi 1» және «Аl-Farabi 2» наноспутнигін  ұшырған болатын.

Биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы іске қосылды. Мұнда Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруінен болатын су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы, аймақтағы су тасқыны, жер сілкінісі сияқты табиғи қауіп-қатерлерге мониторинг жүргізіледі.

Сондай-ақ, ЖОО базасында «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы жұмыс істейді. Оған ТДМ іске асыратын 10 инновациялық зертхана кіреді. Мұндағы ғалымдар ағымдағы жылы Атырау облысында болған су тасқынының себеп-салдарын анықтау жұмыстарына қатысты. Олар Жайық өзенінің бассейніндегі ағымдағы су тасқыны жағдайын бағалап, есептік, графоаналитикалық, гидрологиялық және далалық зерттеулер жүргізді.

Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында ҚазҰУ-да «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі археозоологиялық орталық – ZooStan» алғашқы қазақ-француз ғылыми орталығы ашылды. Жаңа зерттеу нысаны соңғы миллион жыл ішінде адам мен жануарлар арасындағы қарым-қатынас эволюциясын зерттеу үшін Қазақстан, Франция және АҚШ ғалымдарын бір арнаға тоғыстырды. 3,5 айлық жұмыс барысында ZooStan халықаралық экспедициялар өткізді, ірі еуропалық жобаларға қаржы тартты және 2025 жылы Францияда халықаралық археологиялық мектеп ұйымдастыруға дайындалуда.

Сондай-ақ 90 жылдық аясында ZTE корпорациясымен бірлескен инновациялық орталық ашылды.

ҚазҰУ мен ZTE  бірлескен инновациялық орталығы ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар саласындағы ғылыми-зерттеу қызметін жүргізу үшін білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында құрылған. Сонымен қатар, инновациялық орталық базасында 5G озық телекоммуникациялық технологиялар бойынша оқу орталығы жұмыс істейді. Оқуды аяқтаған түлектерге халықаралық сертификат беріледі.

ZTE сияқты әлемдік технологиялық көшбасшылармен серіктестік Қазақстанның ғылыми және технологиялық әлеуетін дамытуға үлес қосады. Мұндай ынтымақтастық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

ҚазҰУ-да жуырда халықаралық қонақ үй менеджменті Орталығы өз жұмысын бастады. Бұл орталық әріптестік байланыс арқылы Гонконг политехникалық университетімен (PolyU) бірлесіп құрылды. Аталған орталық «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы бойынша пәнаралық зерттеулер жүргізу үшін маңызды платформа болады деп күтілуде. Сондай-ақ, жоғары тиімді форумдар өткізу арқылы халықаралық диалог пен ынтымақтастыққа жәрдемдесетін болады. Орталық зерттеулерінің басым бағыттары - әлеуметтік жұмыс, даму, тұрақты және қоғамдық туризм, туризмнің цифрлық трансформациясы, туристік білім беру және т.б.

Болашақта жаһандық инновациялар мен тұрақты даму бойынша Қазақстандағы жетекші талдау орталығына айналады.

 https://youtu.be/MZlKwdLxAWg?si=1VDUomEND-TaD3Gu

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар