Фото: Жеке мұрағатынан алынды
Қаңтар оқиғасынан кейін қылмыстық кодекстің 287-бабы 4-тармағы бойынша (қару тасымалдады) күдікке ілініп, қамауда отырған Нұрболат Смағұлов және Бақтияр Тайшоввтың әйелдері күйеулерін үш аптадан бері көрмегенін, күштік құрылымдар тарапынан көптеген заңсыздықтар болғанын айтады.
Нұрболат Смағұлов пен Бахтияр Тайшов таныс адамдар. Екеуі де Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны. Нұрболат – Есік қаласында, Бахтияр – Қазақстан ауылында тұрады. Бұлардан бөлек ауданның тағы үш тұрғыны осы бап бойынша айыпталып отыр.
Әйгерім Мұсағұлова күйеуі Нұрболат Смағұлов 25 қаңтар күні түнгі уақытта қажылықтан оралған танысын әуежайдан күтіп алғаннан кейін қаңтар оқиғасына қатысы бар деген күдікпен ұсталды деп отыр.
Айтуынша, күйеуі ұсталғаннан кейін бейтаныс нөмірден хабарласып, үйлеріне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары келетінін ескерткен.
– Күйеуім хабарласқанда даусы біртүрлі шығып тұрды. Мен оның сөйлеу тонын білемін ғой. Ар жағында басқа адамдар тыңдап тұрғанын, маған еріксіз сөйлеп жатқанын сездім. Күйеуіме "журналистерге хабарласып, жазықсыз адамды қамап жатқанын жеткіземін" дедім жылап. Ол "жарайды, өзің біл" деп телефон тұтқасын қоя салды. Ертеңінде күйеуімді іздеп, қалаға шықтым. Бірақ әрі іздеп, бері іздеп таба алмадық. Мен қалада жүргенде кешкі 5-тер шамасында арнайы органнан адамдар келіп, үйдің астан-кестенін шығарыпты. Әбден тінту жүргізген. Үйдің есігін бұзып кіргендері көрініп тұр. Мен үйге келгеніммен, олар тығатынын тығып, салатынын салып кететіндерін білдім. Сөйтіп түнгі 12 жарымда үйге келсем, есікті мөрлеп кеткен, – дейді ол.
Әйгерім Мұсағұлова күйеуінің қалтасынан ұстаған кезде 3 оқ табылғанын, оны орган қызметкерлері өзі салған болуы мүмкін деп санайды.
– Күйеуімді 26 қаңтардан бері көрмедім. Ауырып қалды ма деп қатты уайымдаймын. Давлениесі бар, жүрегі ауырады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараты алдында бір апта үмітпен жүрдім. Бірақ кездесу де, сөйлесу де мүмкін болмады. Олар үйімізден қару табылды, күйеуімнің қалтасынан оқ табылды дегенімен қоймай, шеруге қатысты деп те айып тағып отыр. Есік қаласынан шықпаған адамға қалай ғана айып тағуға болады?, – дейді Әйгерім Жұмағалиқызы.
Әйелі "Қамшы" порталына жүгінген екінші күдікті Бақтияр Тайшовты шетелге ұшар алдында қонақүйден ұстап алып кеткен. Гүлсінай Бектұрсын 25 қаңтарда баласын емдету үшін әрі сауда-саттық саласындағы шағын отбасылық кәсіптерінің шаруаларымен Түркияға барайын дегендерінде рейс уақыты 3 рет кейінге шегеріліп, қонақүйге тұрақтағанын жеткізді.
– Біз рейс уақыты ауысқанын әуежайға келгенде бірақ білдік. Содан билетті қайтарып, Эйр-Астананың кешкі сағат 5:55-тегі рейсіне билет таптық. Қалада үйіміз болмағандықтан кеш батқанша жүреміз бе деп әуежай жақтағы қонақ үйге орналастық. Сосын қонақ үйден келесі рейске енді шығайын деп жатқанда телефонымызға тағы да рейс уақыты ауысқаны туралы хабарлама келді. 5:55-тегі рейсіміз түнгі 9-ға ауысыпты. Тағы да күттік. Содан кешкі 9-ға дейін біршама уақыт болғандықтан "ГУМ" сауда үйіндегі киім дүкенімізді көріп қайтпақ болдық. Сөйтіп кешкі 7-лер шамасында әуежайға қарай шықтық. Жолда рейс таңғы 10:00-ге ауысқаны туралы тағы да хабарлама келді. Бір күнде 3 рет рейс уақыты өзгергеніне таңбыз. Тағы да тосу керек. Содан Көк базарға жақын маңдағы "Түркістан" қонақ үйіне тұрақтадық. Сол жерде тамақ ішіп, қонақ үйге келіп демалып, жатқанбыз. Түнгі 2-лер шамасында әлдекімдер есікті қатты тарсылдады. Күйеуім есікті ашпақшы болып еді, мен мас адамдар шығар деп ашқызбадым. Бірақ олар да кете қоймады. Одан бетер тарсылдатып, тебе бастады, – деді ол.
Гүлсінайдың айтуынша, есікті ешкім ашпаған соң сырттағылар бөлмеге баса көктеп кіріп келген. Сөйтсе, олар ОМОН қызметкерлері болып шағады. Көз алдында күйеуі мен шығарып салу үшін жүрген інісінің қолын қайырып, ұрып-соғып, жерге тізе бүктіріп отырғызған.
– ОМОН-дар күйеуіме күш көрсетіп, мылтығымен басынан ұрды, аяғынан тепті. Маған "Сен балаңа қара" деп автоматтарын басыма тақады. Қорыққанымнан атып жіберер деп айтқандарын істедім. Өйткені президент Тоқаевтың "ескертусіз атыңдар" деген бұйрығы бар. Күйеуімді арашалайын десем, мына жақта балам қалып қалады, балама қарайын десем күйеуімді қинап жатыр. Бір жағынан күйеуімнің қалтасына бірдеңе салып жіберме деген қорқыныш болды. Сәлден кейін бір адам жақындап, өзін ұлттық қауіпсіздік комитетіненмін деп таныстырды. Аты-жөні мүлдем есімде қалмапты. Есімде қалғаны күйеуімнің атын атап, 287-бап бойынша күдікке ілінгенін айтқаны. Мені сыртқа шығуымды сұрады. Бірақ мен далаға шығудан бас тарттым. Автоматтарын кезеп, әйтпесе атамын дегендей ишара танытты. Киініп, баламды да киіндіріп телефонымды алмақшы болдым. Бірақ олар қолымды қайырды да телефонымды алып, лақтырып жіберді. Өзімше сол жерде видео түсірмек болғанмын. Сөйтіп ОМОН-дар киімімді де кигізбестен итеріп-итеріп дәлізге қарай қуып шықты. Олар баламның барын да ескерген жоқ. Дәлізде 2 сағаттай тұрдым. Маған басқа бөлмеге барыңыз деді. Бірақ мен бармаймын деп қасарысып тұрып алдым. Олар мені дәлізде мылтықпен күзетіп тұрды. Күйеуім мен інім іште қалды, – деді ол.
Жәбірленішу әйелдің сөзінше, сол уақытта бөлмедегі кереуетінің астынан қару-жарақ, оқ табылған.
– Қаруды ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары қасақана қойып отыр. Бөлмеде қару болмағанын білемін. Олар шкафта тұрған куртканы алып, кімнің курткасы екенін сұрады. Күйеуімнің курткасы қайсысы екенін білгеннен кейін қалтасынан "героин" табылды деп, өтірік алып шықты. Егер де олар шынымен курткадан күдіктенсе, кімнің курткасы деп сұрамас еді. Мені бөлмеден шығарып жібергеннен кейін іште не болғанын білмеймін. Тек күйеуімнің "Менікі емес ол, менікі емес" деген ащы даусын естідім. Сөйтсем, олар сол уақытта төсектің астынан гүлді-гүлді пакеттен мылтық, 1 рация, 5 оқ тауып алыпты. Бізде ондай заттар түгілі чемодан болмаған. Баламыздың киімін салған кішкентай сумкамен ғана көшіп жүрдік. Егер де өзімізбен бірге чемоданымыз болса, оған да жала жабатын еді. Бірақ біз чемоданды "камера храненияға" қалдырып кеткенбіз. Тіпті бізде ондай заттар болған күннің өзінде әуежайға билет алуға барғанда-ақ ұстап алушы еді. Былай қарасақ, олардың тауып алғандары логикаға сыймайды. Күні бойы аэропортта шапқылап жүргенде ондай суық қаруды қалай алып жүруіміз мүмкін. Егер болған күннің өзінде аэропортта анықталатын еді ғой. Заңсыздықтар, бассыздықтар көз алдымызда болды, – дейді Гүлсінай Бектұрсын.
Келіншек "құзырлы орган қызметкерлері қонақүйде күйеуіне "табылған қару-жарақ менікі" деп күштеп мойындатып, екі видео түсіріп алды" деп отыр. Кейіннен ОМОН-дар інісін жіберіп, күйеуін өздерімен алып кеткен.
– Олар ақыр соңында кінәсі жоқ адамды "террорист" қылып шығарады. 26-сы күні таңғы сағат 6-да күйеуімді қинап, қонақүйде 2 рет видео түсіріп алды. Барлық кінәні мәжбүрлеп мойындатқан. Күйеуімді алып кеткелі, мені сұраққа алып, күмәнді заттардың табылуын өзімізге жапты. Тіпті маған "сіз күйеуіңізбен қандай да бір келісімге келіп алғансыз" деп ұялмай жала жауып отыр. Күйеуімді алып кеткеннен кейін оқиғаның қалай болғанын қонақ үйдің видеокамерасынан қарамақшы болғанбыз. Алайда администратор "ештеңе жоқ" деп басын алып қашты. Жазбаны көрсеткісі келмеді. Сөйтіп мен ауылға келіп, баламды үйге тастап кеттім. Күйеуім КНБ-ның тергеу изоляторында екенін білдім. ОМОН-дар күйеуімді алып кеткен кезде маған тиесілі 2200 доллар ақша, 2 көлігімнің кілтін, каспий голд карточкамды, Айфон 12 про мах ұялы телефонымды алып кетті. Менің жеке заттарымды әлі күнге дейін бермей отыр. Ол қаражат Түркияға баламның еміне арнайы жинаған ақшамыз еді. Мен прокурорға баламды емдету үшін бара жатқаным туралы анықтамалық қағазды көрсеттім. Қазір бізде күнделікті күнкөріске ақша қалмады. Өзіміз сауда-саттық жасап, үш отбасыны асырап отырған жандармыз, – дейді ол.
Гүлсінай қалада жүргенде үйіне ОМОН-дар келіп, тінту жүргізгенін жеткізді. "Иесіз үйдің сыртынан қару-жарақ салынған сумка тауып алған. Мұндай заттар үй ауласынан табылуы мүмкін емес" деп сенбей отыр. Сөзінше, бұл да "қасақана" жасалған іс болуы ықтимал.
– 26-сы күні ауылдағы иесіз үйімізді тінтіп, үй алдында ОМОН-дар өріп жүргендерін айтты. Содан енем үйімізге қонуға келе жатса, есік алды толы ОМОН-дар екен. Енем оларға айқай салып, не істеп жүргендерін сұраған. Олар күйеуімді "қару-жарақ тасыған" деп айыптап, үйге тінту жүргізген. Аз уақыттан соң олар "міне, тауып алдық" деп айдалада тұрған от жағатын үйдің үстінен сумка алып шығыпты. Ішінде қару-жарақтар, телефон, дубинка бар екен. Митингке қатысты заттардың бәрін әкеліп, біздің үйдің ауласынан тауып алғандай үйіп қойған. Ұсталған 5 адамның барлыңының үйіне бірдей сумка салып, "үйлерінен күдікті зат табылды" деп алып шыққан. Енді не істерісізді білмейміз. Үкімет неге осылай дәрменсіз әйелді қаңғыртып қояды? Мен балама жүгіремін бе, күйеуіме жүгіремін бе? Қазір күйеуімнен гөрі баламның жағдайы мүшкіл. Тез арада емдетпесе, асқынып кетеді. Егер күйеуімді шығармаса, ақшамызды қайтармаса, өзіме қол жұмсаймын. Маған бұлай өмір сүрудің не керегі бар... Балам аурушаң, күйеуім қамауда. Адамды әбден басынып бітті. Адамдар кінәсіз өліп-тіріліп жатса да бұларға бәрібір, – дейді Гүлсінай Бектұрсын.
Келіншек күйеуін ұстап әкеткелі мүлдем көрмеген. Тек адвокат арқылы халін біліп отыр. Айтуынша, бірінші күні тергеу изоляторында ұрып-соққан.
– Олар күйеуімді бірінші күні ұрып-соққан. Күйеуімнің халін білейін десем кездестірмейді. Прокуратураға да өтініш жаздым. Жауап болмады. Адвокатым мен оқиға орнында болғаннан кейін тек куәгер ретінде куәлік ететінімді айтты, – дейді ол.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір