• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 10:26:22
Алматы
+7°

Ертең сағат 11:00-де президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдау жасайды. Ақорданың баспасөз қызметі жолдауда жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы айтылатынын хабарлады.

Қаңтар оқиғасынан кейін президент алдағы уақытта саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынатынын әлденеше рет айтқан. Үкіметке халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған іс-шаралар кешенін әзірлеуді тапсырып, шетел асқан ақшаны қайтару, утильалым мөлшерін төмендету, Қорғас кеденіндегі көлеңкелі сауданы ретке келтіруді жүктеген. Бизнесмендерді "Қазақстан халқына" қорына тұрақты түрде қаржы аударуға шақырған.

Айтылған әңгіме, көтерілген мәселе, берілген тапсырма көп болғанымен, оның іске асуы шамалы болып тұр. Үкімет тұрғындардың тұрмысын түзеуге бағытталған нақты бағдарлама әлі ұсынбады. Шетел асқан ақшаны қайтаруға қатысты қам-қарекет мүлде байқалмайды. Утильалым мөлшерін 50 пайызға төмендетуді автонарық мамандарының бірде-бірі оң бағалап отырған жоқ. Қорғастағы мәселелер туралы да соңғы уақытта ештеңе айтылмай кетті. Алғашқыда "Қазақстан халқына" қорына қаржы аударушылар туралы күніне бірнеше ақпарат шығушы еді, соңғы уақытта ол қордың барын да көпшілік ұмыта бастағандай.

Бұдан бөлек Қаңтар оқиғасындағы бүлікті ұйымдастырушылардың кім екенін, қырғы кезінде қаза тапқан 230 адамның аты-жөні әлі жарияланған жоқ. Украинаға Ресейдің басып кіруіне байланысты Қазақстанның позициясы, агрессор көршімен қарым-қатынас қалай болатыны туралы да билік үнсіз. Күн сайын құлдырап жатқан теңге мен оған ілесіп келіп жатқан қымбатшылыққа қарсы үкімет не істейтіні белгісіз. Еуразиялық экономикалық одақтан шығуға шақырып жатқан экономистердің дабылы ескеріле ме, оған билік саяси жігер таныта ала ма? Ол жағы да беймәлім күйде.

Осы сан сауалдың бәріне болмаса да, бірсыпырасына халық ертеңгі жолдаудан жауап алғысы келеді. Қоғамда жолдауды президенттің елді өзгеріске бастайтынына деген сенімнің соңғы жұрнағы есебінде қабылдайтын көңіл-күй орнап тұр. Тоқаев ертең үміт отын жаға ала ма, әлде сөндіріп тына ма? Бұл жөнінде нақты кесіп айтып жатқандар аз. Ресми ұстанымды білдіріп жүрген сарапшы-саясаттанушылар да ертеңгі жолдау мазмұны туралы қоғамға инсайдтар тастап жатқан жоқ.

 

Тек мәжіліс депутаты Айдос Сарым соңғы сұхбаттарында президент 16 наурызда партияларды тіркеуді жеңілдету, сайлау туралы заңнаманы өзгерту деген сияқты мәселелерді көтеруі мүмкін екенін айтты.

Бейтарап сарапшылар мен саясаттанушылар болжамнан гөрі ұсыныс айту, Қазақстанды өзгерту үшін не істеу керек, саяси реформа неден басталуы керек деген сұрақтардың жауабын іздеуге бейіл.

Мәселен, ақпан айында Арман Шораев, Бақытжан Бұқарбай, Бақытжан Төреғожина, Джохар Өтебеков, Дина Елгезек, Досым Сәтбаев, Ермұрат Бапи, Қарлығаш Еженова, Марғұлан Сейсембай, Мұхтар Жәкішев, Санжар Боқаев, Тоғжан Қожалиева секілді медиакәсіпкер, саясаттанушы, құқыққорғаушы, журналист, кәсіпкер, қоғам белсенділерінен құрылған топ бірлескен ұстаным мен Қазақстанның болашағы туралы көзқарастарын білдіріп мәлімдеме жасады.
 
Күні кеше ғана саясаттанушылар Димаш Альжанов пен Шалқар Нұрсейітов баспасөз жиынын өткізіп, Қазақстанда саяси реформа жүргізуге байланысты бірнеше ұсыныстар пакетін жариялады. Оған 46 сарапшы қол қойған.
 
Тоқаевтың ертеңгі жолдауына қатысты пікір білдіргендер қатарында президент үндеуінен өзгеріске бастарлық бастамаларды күтпейтіндердің қатары көп.
 
Айталық Ақан Жақып есімді facebook қолданушысы ертеңгі жолдаудан пәтендей жақсылық күтпейді.
 
 
"16 наурызда Тоқаев үндеу жасайды деп жатыр. Біраз адам содан маңызды әлдене күткендей елеңдеп отыр. 1991 жылы біз де жас кезімізде енді жақсы өзгерістер мен жарқын болашақ келеді деп елегізіп, тап осылай күткенбіз. Не өзгерді? Тоқаев пен кешегі жемқор топ билік басында тұрғанда, ескі жүйе сақтаулы тұрғанда пәлендей жақсылық күтпеңдер. Ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да ештеңе өзгермейді. Бір-екі сағат сөйлер, бір-екі тапсырма берер, бәрі де баяғы таз қалпында қалар. Тоқаевты кім сайлады? Назарбаев пен Путин. Бұлар оны елімізде реформа жасасын деп емес, жасамасын деп президент қылды" дейді ол.
 
«Zertteu Research Institute» Қоғамдық қорының эксперті Ғалымжан Оразымбет президент ертеңгі жолдауында популизмнен аса алмайды, жасап жатқан ісі соны аңғартады деп санайды.
 
 
 
"Фейсбукте қызығып оқитын аз ғана адамның бірі, ойларына түгел қосылып кетпесең де пікірі, ұстанымы қызық адамдардың бірі Danat Namazbay кеше бес жылға сотталып кетті. Бұған дейін талай алаяқтықпен көзге түсіп аты шыққан, әр сөзінде кеңес заманы қайтып келсе, бүйткен мемлекеттігің құрсын деп жүретіндердің арызымен. Мемлекет заң жазғанда, ол заңды орындағанда қандай құндылықтарды қолдайтынын, ұстанатынын көрсетеді. Ал біздің сот та кеше қандай ұстанымда, кімді, нені қолдайтынын ашық көрсетті. Бірінші рет емес. Ал ертең Тоқаев Жаңа Қазақстан, үдемелі, қарқынды, революциялы реформалар туралы популизм соғады. Оған бар пропагандон қол соғып, жарысып тамсанады. Мысалға Сатыбалдыны, Мәсімовты қосады. Бір-екеуі тіпті анасын, баласын араластырады ондай сауда посттарына. Аузымен солай деп жатып, қолымен осылай репрессия жасап жатады билік. Адамның қандай екенін ісінен көресің. Сөз деген болмағыр бір бос сапырма нәрсе. Билік өзі айтқан бастамаларының жендеті де өзі болатынын баяғыда дәлелдеп болған. Бұл жолы да жаңа Қазақстанын тумай жатып жерлеп тынды. Қаңтарда бір, кеше екінші рет" дейді сарапшы facebook парақшасында.
 
 
Медиасарапшы Бэлла Орынбетова facebookтегі жазбасында "Тоқаевтың 16 наурыз күні жасайтын жолдауын күтіп жүргендер я жалдамалы блогер/ ̶ж̶у̶р̶н̶а̶л̶и̶с̶т̶е̶р̶/̶э̶к̶с̶п̶е̶р̶т̶т̶е̶р̶ я өте аңқау адамдар" деген пікірде екенін жеткізді.
 
"Еститін үкімет АЭС, Еговқа қатысты көпшіліктің айтқанына құлақ салар еді. "Жаңа Қазақстан" құратын ниет бола, жаңа адамдарға билік тізгінін берер еді. Әділет бар Қазақстан болса, қарамағындағылар бір айда 6 адамды азаптап өлтірген министрді, қызметкерлерді қатаң жауапқа тартар еді. Қаңтар қырғынында оққа ұшқан құрбандарды атқандар жазаланбайынша, қамауда әлі де жазықсыз отырғандар босатылмайынша ешқандай жолдау болмауға тиіс. Қазір жарияламақшы саяси реформалар, мерзімнен тыс парламенттік сайлаулардың барлығы далбаса, егер партия құруға ниетті Zhanbolat Mamayды екі ай көрінеу қамауға алса. Ұлтжанды азаматтардың көпшілігінің ойында жүргенді айтқан Danat Namazbay сияқты азаматтарды 5 жылға қамауға алатын болса, ондай реформаның құны көк тиын" дейді Бэлла Орынбетова.
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Тоқаев жолдау

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір