Фото: «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы
Мәжіліс депутаттары Дархан Мыңбай, Құдайберген Ержан, Қайнар Абасов және Сырым Ертаев өңірлерге сапар аясында Түркістан облысына барды.
Онда депутаттар жергілікті тұрғындарға конституциялық түзетулерді түсіндіріп, референдумға қатысуға шақырды.
Бүгін штаб мүшелері Түлкібас ауданы, Мичурин ауылдық округінде шаруа қожалық иелерімен және кәсіпкерлермен кездесіп, жалпыхалықтық референдумды өткізудің алғышарттарын, ұсынылған реформалардың ерекшеліктері туралы баяндады.
– Жалпы облыста халықпен жүздескенде бірнеше мәселе көтерілді. Соның ішінде әйел азаматтардың зейнет жасын қысқартуға ерекше мән берілуде. Бұдан бөлек, жайылым жер тапшылығы, өнеркәсіп орындарын ашу, субсидия алу, агро банк құру төңірегінде ұсыныстар айтылды. Бұл референдум шын мәнінде әділетті Қазақстан құру жөніндегі саяси реформаларды жүзеге асырудың алғышарты, – деді Дархан Мыңбай.
Кездесуде ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікір алысты. Солардың бірі Түлкібас кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Тоғысбаев бірқатар ұсыныс айтып, жаңа өзгерістерге көңілі толатынын жеткізді.
– Осыған дейінгі қолданыстағы заңдағы 98 баптың 33-не өзгеріс енгізу жөніндегі мәтіндермен түгел танысып шықтым. Әрине, өте құптарлық мәселе. Себебі, біз болашақта Жаңа Қазақстан үшін әділдік пен ашықтықты және демократиялық реформаларды қолдауымыз керек. Ол үшін алда өтетін бүкілхалықтық референдумға барлық азаматтарды, әсіресе, жастарға өздерінің болашақтары үшін келіп дауыс беруге шақырамын, – деді ауыл ақсақалы.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының ақпараты бойынша
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір