Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Михаил Козачков Болат Назарбаевтың оң қолы делініп жүрген Айдос Коспаев деген азаматтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алулар жасауға көмектесті деген күдікке ілінген.
ҚМА журналисті қоғамдық пікір қалыптастыру арқылы қылмыскерлерге болысты, ақпараттық шабуыл ұйымдастырды, жалған мәлімет таратты, адам беделіне нұқсан келтіретін мақалалар жариялады, мемлекеттік құпияға жататын ақпараттарды жинап, таратты деп айыптап отыр. Орган дерегінше, журналист осы қызметі үшін қомақты сыйақы алған.
Журналистің адвокаты Анна Веретелникова күдіктінің үйін тінту кезінде процедуралық нормалар сақталмады, тінту адвокат қатысуынсыз болып жатыр деп мәлімдеген. "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы бұған алаңдаушылық білдіріп, Қаржы мониторингі агенттігі таратқан ақпараттық хабарлама кінәсіздік презумпциясын сақтамағанын, конституцияның 77-бабына сай, "адамның кінәлілігі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылатынын" атап өтті.
Мұндай пікірді құқыққорғаушы Ләззәт Ахатова да білдірді.
"Кінәлі болсын, күнәлі болсын, қылмыскер болсын, рецидивист болсын, қылмыстық іске қатысты барлық шара - қылмыстық заңнама нормаларынан ауытқымай, заң шеңберінде жасалуы керек. Құқықтық, зайырлы мемлекетіміз қайда қалды? Елдегі жағдайларды Президент біле ме? Бізді жалпы кім басқарып отыр деген күдік бар, көңілде. Соңғы кезде. Өйткені елде болып жатқан оқиғалар бассыз, басшысыз, анархияда жүргендей әсер етіп жатыр" деді адвокат facebook парақшасында.
Қоғам белсенділері мен заңгерлер әлеуметтік желі шулаған соң ұзамай президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай журналиске қатысты іс барысында тіркелген құқықбұзушылықтар туралы хабарға реакция танытты.
"Бұл іс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек құқық шеңберінде қаралуға тиіс екенін атап өту қажет. Бас прокуратура тергеудің заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етуге және заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті түсініктемелер беруге міндетті. Қазақстан азаматы ретінде журналистің барлық заңды құқығы толық сақталуға тиіс" деді Руслан Желдібай.
Бірқатар белсенді азаматтар мен Козачковтың әріптестері болып жатқан оқиғаны құқықтық сала, сот жүйесі туралы өткір жазатын журналистің аузына қақпақ болу әрекеті деп санайтынын жеткізіп, "мұндайды Жаңа Қазақстанға жараспайтын тірлік" дегенге саятын пікір айтып жатыр.
Козачков бұған дейін өзін ҰҚК қызметкерлері аңдып жүргенін, әлдекімдер көлігін сырып кеткенін хабарлаған.
Журналистің ұсталуы көпшілік көкейінде ақпарат саласында сот жүйесіндегі заңсыздықпен батыл күресіп жүргендей көрінетін Михаил Козачковтың өзі қылмысқа қатысы бар болып шықты ма, әлде ҚМА "Жаңа Қазақстанға" жараспайтын тірлік істеп отыр ма дегендей екіұдай ой тудырды.
Пікір қалдыру