Ақтөбе қаласында құрылыс компаниясының ақшасын ұрлаған бухгалтер 7 жылға сотталды.
47 жастағы әйел құрылыс фирмасында жалғыз бухгалтер болған. Барлық қаржылық құжаттармен жұмыс істеген. Ал директор оған электронды цифрлық қолтаңбасын беріп қойған. Компания есепшісі соны пайдаланып, жиені мен танысының жеке кәсіпкерлік есепшоттарына миллиондаған қаржыны аударып отырған. Ал жиені оның әрекетінен хабарсыз болған.
Есепшотқа түскен қаражат атқарылған жұмыстың ақшасы деп ойлаған.
Осылайша бас бухгалтер 2018-2019 жылдары аралығында 42 миллион теңге жымқырған. Жасаған қылмысының ізін жасыру үшін жалған шот-фактуралар жасаған. Директор күдікті транзакцияларды байқап қалып, бірден аудиторлық тексерісті шақырған. Нәтижесінде есепшінің қылмысы әшкере болған.
Сотта 47 жастағы есепші өз кінәсін мойындады. Үкім шыққанға дейін ол директорға 19 миллион теңгесін де қайтарған. Бірақ 23 миллион 132 мың теңгенің қарызы қалды.
Соттың шешімімен бұрынғы бас бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін 10 күннің ішінде жәбірленушіге шығынды толығымен өтеп беруге міндеттелді.
Пікір қалдыру