Кеше ғана КТК телеарнасының репортажына арқау болған «Базалық табыс» (жалпыға бірдей жалақы) мәселесі ел ішінде қызу талқыланып жатыр.
Мұндай қадамға бүгін-ертең бара қоймағанмен, Елбасының ойында бар нәрсе екен. Оны зерделеп қарау үшін үкіметке тапсырды. Жоғарыдан нұсқау берілсе үкімет тарапынан бұл істің шұғыл қолға алынып, асығыс жүзеге асырылуы да ғажап емес. Бүгінгі таңда Қазақстанда таңданатын нәрсе қалған жоқ.
Аталған жаңалыққа байланысты қарапайым халық арасында түрлі сауалдар туындап отыр:
- Күтпеген әлеуметтік өзгерістің саяси астары қандай?
- «Базалық табысқа» көшу кезінде түрлі әлеуметтік топтардың құқықтық теңдігі ескеріле ме?
- Ең басты мәселе – «базалық табыстың» мөлшері қанша теңге көлемінде белгіленбек?
- «Базалық табыс» қанша жастан бастап тағайындалады?
- Жас мөлшеріне қарай (жастар мен зейнеткерлер арасында) «базалық табыс» ерекшеліктері бола ма?
- «Базалық табысқа» көшкенде мемлекеттік қызметкерлердің, ұстаздар мен дәрігерлердің негізгі жалақысы сақтала ма?
- Шағын және орта бизнес өкілдері «базалық табысқа» көшкен соң өз қызметкерлеріне жалақыны қандай принциппен төлейді?
- Шағын және орта бизнеске салынатын салық құны өзгере ме?
- Арзымайтын айлық төленетін ауыр жұмыстарды кім атқарады?
- Жатып ішер жалқаудың құдайы беріп, жаны кіріп қалмай ма?
- «Базалық табысқа» көшкен соң мүгедектер мен зейнеткерлерге арналған әлеуметтік жеңілдіктер сақтала ма?
- «Базалық табысқа» көшу барысында шеттен келген қандастарымыздың мұң-мұқтажы ескеріле ме? Квотасы сақтала ма? Азаматтық алып үлгермеген қандастарымыздың жағдайы қалай болмақ?
- Бұл өзгеріс Қазақстанның қалт-құлт етіп тұрған, мұнай иісті экономикасын одан сайын құлдыратып құртпай ма?
- «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» дегендей, үш төрт ай қарық болғанымызға қуанып, артынша жалаңбұт қалып, сорға отырып, айналамызға күлкі болмаймыз ба?
- «Базалық табысқа» көшпес бұрын Швейцариядағыдай жалпыхалықтық референдум өткізіле ме?
«Базалық табыс» деген үміт пен күдікке толы бұл өзгерістің салдары қандай боларын бүгін анықтап алу керек. Соңы берекесіздікке соқтыратын болса, оған көшудің қажеті бар ма?
Енді осы күрделі әлеуметтік мәселенің ертеңгі жағдайы не боларын қарапайым ғана қисынмен саралап көрейікші.
«Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің ресми сайты осы жылғы ақпанның 1-і күнгі жағдай бойынша, Қазақстан халқының саны 17 миллион 693 мың 5 адам болғанын хабарлады.
Үкімет сайтындағы бұл ақпаратта халықтың саны туралы соңғы мәліметті Қазақстан ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті жолдағаны айтылған» деп жазады «Азаттық радиосы» (16.03.2016).
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінің 2015 жылғы 22 желтоқсандағы мәлімдемесіне сенсек, базалық зейнетақы төлемі «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңымен 11 965 теңге көлемінде белгіленді, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 25 824 теңге болды. Осылайша, 2016 жылы зейнетақы төлемінің төменгі мөлшері (ең төменгі зейнетақы мен базалық зейнетақыны қосқанда) 37 789 теңге болады.
2015 жылдың 30 қарашасында қабылданған Қазақстан Республикасының «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» № 426-V Заңына сәйкес 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі ең төменгі айлық жалақы 22 859 теңге мөлшерінде бекітілген. Қарапайым есеп үшін ең төменгі зейнетақы (37 789) мен ең төменгі жалақының (22 859) ортасын, шамамен 30000 (отыз мың) теңге деп алып, шартты түрде базалық табыстың мөлшерін белгілейік. Сонымен базалық табыс мөлшері – 30000 теңге делік. Егер базалық табыс балаларға да берілетін болса төмендегідей есеп шығады: Бір айда 17693005 х 30000 = 530 790 150 000 (без жүз отыз миллиард жеті жүз тоқсан миллион бір жүз елу мың) теңге жұмсалады. Ал енді ойлана беріңіз. Сыртқы қарызға белшеден батып отырған үкімет мұндай қаржыны қайдан табады. Бұл бір айда ғана және ең төменгі мөлшермен алғанда жұмсалатын шығын. Бір жылда қанша қаражат кететінін ойша есептей беріңіз. Екі жылда ше? Базалық табыс мөлшері біз айтқан сомадан көбірек болса ше? Егер базалық табыс отыз мың теңгеден төмен болса зейнеткерлер үшін оның болғанынан болмағаны жақсы. Өйткені бұл орташа және жоғары зейнетақы алып жүргендер барынан айырылады деген сөз. Базалық табыс 16 жастан бастап тағайындалатын болса да, бюджет үшін оңай соқпайды. Олай болғанның өзінде де бір жылдың ішінде қазына қоржынының түбі көріне бастайды. Экономикамыз дамыған европалық елдердің деңгейінде тұрмаған соң «аттыға еріп жаяудың таңы айырылыптының» керін киіп, жыл айналмай осы күнімізге зар болып қалмаймыз ба? Қысқасын айтқанда, қазақстандық «базалық табыс» батпан құйрыққа ұқсамайды.
Темірғали КӨПБАЙ
Пікір қалдыру